Соңғы кездері қоғамда корпоративтік волонтерлік қызмет туралы жиі айтылып жүр. Сол сияқты бөгде үкіметтік емес ұйымдар, мемлекет-жекеменшік әріптестік, өзге де институттар ұйымдастыратын халыққа пайдалы болуды, қайырымдылықты мақсат еткен әлеуметтік іс-шараларға қызметкерлерді ерікті негізде тартуды меңзейтін бұл шара ел ішіндегі компанияларда қолданысқа ене бастады.
Ұлттық волонтерлік желі қызметкерлерінің айтуынша, корпоративтік волонтерлік – бұл ұйым қызметкерлерінің өз компаниясының қолдауымен түрлі әлеуметтік бағдарламаларға ерікті түрде қатысуы. Ал аталған зерттеудің мақсаты Қазақстанда корпоративтік волонтерлікті дамытудың оң тәжірибелерін зерделеу.
«8 ай ішінде Ұлттық волонтерлік желі Қазақстан компаниялары арасында корпоративтік волонтерліктің үздік тәжірибелерін зерттеді. Зерттеуге корпоративтік волонтерлікті дамытуға қатысы бар 100-ден астам түрлі компания қатысты. Сауалнамаға 400 корпоративтік волонтер, 70 үкіметтік емес ұйым өкілі және корпоративтік волонтерлікке жетекшілік ететін 30-дан астам басшы қатысты. Бұл қызметке негізінен ірі бизнес өкілдері тартылды», дейді волонтерлер.
Конференцияда «ТЖ және экологиялық бағыттар корпоративтік волонтерлікте», «Корпоративтік волонтерліктегі әлеуметтік бағыт», «Холдингте корпоративтік мәдениетті (корпоративтік волонтерлікті) дамыту» тақырыптарына баяндамалар жасалды.
«Осы жоба аясында Қазақстанның корпоративтік волонтерлікті дамытуда қандай кезеңде тұрғанын және келесі сапалы деңгейге өту үшін қандай қадамдар қажет екенін түсінуге көмектесетін ұсыныстар дайындалды. Зерттеудің қорытындылары мен ұсынымдары мүдделі тұлғаларға пайдалы болады. Өйткені бірлескен күш-жігер корпоративтік волонтерлікті дамытуға және Қазақстандағы волонтерліктің жаңа деңгейіне қол жеткізуге ықпал етеді», деп атап өтті Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет.