Президент • 09 Желтоқсан, 2020

Жастарды жақсылыққа жұмылдырған жыл

272 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Волонтер жылы қорытындыланды. Іс-шарада Президент ел волонтерлеріне алғыс айтып, атқарылған жұмыстың нәтижелеріне тоқталып, аталған саланы дамытуға қатысты жоспарлармен бөлісті.

Жастарды жақсылыққа жұмылдырған жыл

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Волонтер жылының табысты болғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл жыл біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлем тарихында аса күрделі кезеңдердің бірі болғанына қарамастан, «қайырымды істер» жалпыұлттық идеясы он мыңдаған қазақстандықтың қайырымдылығы мен жанашырлығының арқасында өмір шындығына айналды. Отандастарымыз ұлт рухының мызғымас беріктігін, бірлік пен ынтымақтың, тұтастық пен тілектестіктің, шынайы ықылас пен бір-біріне деген қамқорлықтың жарқын үлгісін көрсетті.

– Еріктілер жылы жалынды жас­тарымыздың бойындағы ең асыл қа­сиеттерді дәріптеген ерекше жылға айналды. Бұл жанашырлыққа, жауапкершілік пен қамқорлыққа үндеген кезең болды. Біз мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, түрлі қиындықтармен бірге күрестік. Осылайша, адамгершілік құндылықтарды жоғары бағалайтын қоғам екенімізді таныттық. Әлемді жайлаған індет қайы­рым мен мейірімнің қаншалықты маңыз­ды екенін анық көрсетті. Қауіпті дерт ел-жұрттың денсаулығын ғана емес, бекем бірлігін де сынға алды. Біз бір ел, бір халық болып бұл сынға төтеп бердік, – деді Президент.

Жыл бойы 100 мыңнан астам адам ерікті қызмет көрсетті. Волонтерліктің жаңа бағыттары да тиімді дами бастады. Мемлекет басшысы жанашыр азаматтары көп мемлекеттің болашағы да жарқын болатынын атап өтті. Еріктілер қызметі барша азаматтарымызға үлгі болып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға жол ашатынына сенім білдірді. 

– Birgemiz жалпыұлттық баста­масы аз ғана уақытта көптеген мейірімді отандасымызды жұдырықтай жұмылдырды. Олар осындай қиын кезеңде мұқтаж жандарға қолұшын созды. Аталған бас­тама аясында Qamqor, Saulyq, Sabaqtastyq жобалары жүзеге асырылып, жүз мыңдаған тұрғынға көмек көр­сетілді. Өзендерді, ормандарды тазалау, ағаш егу, қоқысты сұрыптау жөніндегі Taza Alem волонтерлік қозғалысының қызметі де көпшіліктің қолдауына ие болды. Бүгінде экобелсенділік – сән қуу емес, шынайы қажеттілік, өмір қағидаты. Сол арқылы біз табиғатымызды сақтай аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мемлекеттік органдар, архив ұйымдары, ғылыми институттар ерік­тілердің ресурсын пайдалануы қажет деп санайды. Мемлекет басшы­сының айтуынша, Арыс пен Мақта­аралдағы қайғылы оқиғаларды ескере отырып, күрделі техногенді апаттар­дан кейінгі құтқару жұмыстарын жүргізу үшін еріктілер дайындайтын арнайы оқыту курстарын ашу қажеттігі туын­дап отыр. Табиғатты және жан-жануар­ларды қорғау мәселесі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Сондай-ақ қайы­рым­дылық қызметіне жүйелі түрде қолдау көрсету мәселесіне де басымдық берген жөн. Президенттің тапсырмасы бойынша қайырымдылық саласындағы кемшіліктерді жоюға мүмкіндік беретін Қайырымдылық туралы заң жобасы әзірленуде.

– Әлеуметтік бағыттағы қызметті ын­таландыру және оны қолдаудың бар­шаға түсінікті әрі тиімді құқықтық тетік­тері қажет. Бұл үшін Үкімет атқары­латын міндеттерді пысықтауы тиіс. Қа­йырымдылық ұйымдарын алғашқы ашылған жылдары және одан кейінгі уақытта дамыту үшін олардың жеңіл­детілген несие алуына, мемлекет мен­ші­гіндегі нысандарды жеңілдікпен пай­да­лануына мүмкіндіктер жасау керек. Бизнес пен жеке тұлғалардың қайы­рымдылық және волонтерлік жобаларға қатысуын жанама ынталандыру үшін оның тиімді тетіктерін, соның ішінде, мемлекеттік қолдау көрсету шаралары кезінде оларға құқықтық басымдық беру маңызды. Қайырымдылық және волонтерлік ұйымдарға мемлекет тарапынан да, бизнес тарапынан да көрсетілетін қаржылай және басқа да көмектердің аясын кеңейту керек. Үкіметке тиісті ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қайырым­дылық қызметінің ашықтығын қамта­масыз ету мақсатында Қайырымдылық ұйымдарының реестрін енгізу мәселесін ойластыруды тапсырды. Бұл тізбе осы саладағы барлық ақпараттық жүйеге енгізіліп, қайы­рымдылық ұйымдарының қызметімен, олардың қаржылық есебі­мен та­нысқысы келетін кез келген аза­матқа қол­жетімді болуы тиіс. Элек­трон­ды қа­йы­рым­дылық саласында азамат­тарды алаяқ­тардан қорғау жүйесін әзірлеу де маңызды.

– Бүгінде бұл – қаржылай көмек аударудың танымал түрі. Қазақстанның әрбір үшінші азаматы онлайн садақа беруді жөн көреді. Алаяқтыққа жол бермей, азаматтардың сеніміне көлеңке түсірмеу үшін онлайн-банкингтер арқы­лы садақа беру қызметін жедел пайдалану тетігін енгізу қажет. Бұл қаражаттың түсуін және жұмсалуын бақылауға мүм­кіндік береді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы волонтерлік ұйым­­дарды қолдау және оларға арнайы грант­­тар бөлу жұмысын жалғастыру қа­жет­­тігін атап өтті. Қайырымдылық істер­ді жалғастыру үшін еріктілікті дамы­ту­­дың жол картасын және оларды даяр­лауға арналған бағдарлама әзірлеу керек. Үкі­метке волонтерлік қызметті қолдау­дың бірыңғай стандартын жасау тапсы­рылды.

– Волонтерлік – бұл жай ғана әлеуметтік құбылыс емес. Тіпті бір күнде қалыптасатын әдет немесе дағды деуге де болмайды. Бұл – көптеген адам­ның саналы түрде таңдаған өмір салты. Қайырымдылық – адамның бала кезінен бойға сіңетін қасиет. Сондық­тан өскелең ұрпақты жастайынан жақ­сылық жасауға тәрбиелеу – өте маңызды міндет. Осы ретте барлық білім беру мекемелерінде тақырыптық сабақтар мен факультативтік сағаттар енгізуді ұсынамын. Қоғамға қызмет етуді зер­десіне түйген ұл-қыздарымыз нағыз азамат болары анық. Дана Абай айтқан «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дәл қазіргі кезеңде ауадай қажет. Бұл асыл қасиеттер волонтер қатарына қосыламын деген әрбір жастың бойынан табылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзінде во­лон­терлік және қайырымдылық қызмет­тердің, сондай-ақ корпоративтік волон­тер­лікті дамыту аясында әлеумет­тік серік­тес­тіктің әлеуетін арттыруға баса мән бе­рілді.

Қазақстан әлемнің әртүрлі елдерін­дегі мұқтаж жандарға көмек қолын созу арқылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Еріктілер бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді атсалысқан елдердің бірі болды. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында Во­лон­терлерді жұмылдырудың халық­аралық жылын жариялау жөнінде ұсы­ныс айтты. Бұл бастама Қазақстанның волонтерлік дәстүр мен мәдениетті елімізде ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемде дамытуға ниетті екенін білдіреді.

– Енді санаулы күннен соң біз тәуел­сіздіктің 30 жылдығына қадам басамыз. Бұл – ел дамуындағы аса маңызды белес, тарихи меже. Сондай-ақ жетістігімізді саралап, болашағымызды бағамдайтын кезең. Келер жылғы мерейтойлық іс-ша­ра­лардың мазмұнына ерекше мән береміз. Оның әрқайсысы терең мағы­налы және қоғам үшін пайдалы болуға тиіс. Сонымен қатар өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беруі шарт. Осыған орай жалпыұлттық деңгейде «Қайырымды істер» марафонын ұйымдастыруды ұсынамын. Бұл – береке-бірлігімізді арттыратын маңызды бастама. Қазіргідей күрделі кезеңде жақсы істер жасауға мән бергеніміз елдігімізді нығайта түсетіні анық. Бұл үшін ұлт болып ұйысудың маңызы зор, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті пандемияның қиын-қыстау кезінде бейтарап қалмай, халыққа көмектесіп жүрген, сондай-ақ волонтерлердің бірқатар ұсынысы мен бастамасына қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс білдірді.

Ресей Федерациясы Волонтерлік бас­тамалар ассоциациясы орталығының төрағасы Артем Метелев қазақстандық әріп­тестеріне бейнеүндеу жолдап, атқа­рылған жұмыстарға алғыс білдірді. «Қа­дірлі қазақстандық волонтерлер, сіз­дерді Халықаралық волонтер күнімен, Қазақ­стандағы Волонтер жылының қоры­тындылануымен құттықтаймын. 2020 жыл кез келген елдегі мықты волон­тер­лік қозғалыс ең қиын деген мәсе­лемен тез әрі тиімді күресуге көмекте­седі. Ал қамқорлық пен жылылық адамдар үшін қажет. Ресей Волонтерлер қауымдастығының атынан үздіксіз байланыс, табысты әріптестік үшін алғыс айтамын», деді ол. Орталық басшысының айтуынша, биыл Қазақстан Президентінің қолдауымен Волонтерлік кеңес іске қосылған.

Ал «Қоғамдық бақылау» тобының рес­публика бойынша үйлестірушісі Саида Тәуекелева гуманитарлық көмекті тарату бойынша мониторинг жүргізілетінін хабарлады. «Біз қоғамдық бақылау жүр­гізуді қолға алдық. Идеямызды Ақпа­рат және қоғамдық даму, Денсаулық сақ­тау министрліктері қолдады. Қысқа уақыт ішінде еліміздің түкпір-түкпірінде жұ­мыс істеп жүрген топ құрылды. Әр аймақ­та үйлестіруші тағайындалып, олар во­лон­терлік топ жасақтады», деді волонтер.

Саида Тәуекелеваның айтуынша, волонтерлер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірге шіл­де айынан бастап Қазақстанға келген барлық гуманитарлық көмекті та­рату және қабылдау бойынша жұ­мыс жүргізген. Денсаулық сақтау бас­қар­ма­лары медициналық ұйымдарға көмек жет­кі­зудің ашықтығын қамтамасыз еткен. Үйлес­тірушінің хабарлауынша, қазір олар­дың қатарында 380 адам бар. Бүгінге дейін 5 000 мониторингтік іс-шара жүр­гізілген.

БҰҰ Еріктілер бағдарламасының үйлес­ті­руші міндетін атқарушы Тойли Кур­банов іс-шара барысында волон­тер­лерді бүгінгі заманның батырларына теңеді. Ол өз сөзінде БҰҰ Еріктілер бағдар­ламасы елімізбен серіктестікті 1993 жылы бастағанын айта келе, биыл Қазақ­станда волонтерліктің жаңа дең­гей­ге көтерілгенін атап өтті. «Қазақстан 2020 жылға дейін де волон­терліктің да­муы­на жақсы негіз дайындап қойған еді. Ар­найы заң қабылданып, жалпыұлт­тық жә­не аймақтық деңгейдегі волонтер­лік­тің дамуына назар аударылды, онлайн-платформалар іске қосылып, бас­қа да шаралар қолға алынды», деді. Ол БҰҰ Еріктілер бағдарламасы аясын­да халық­аралық тәжірибе алмасу, волон­тер­лердің сараптамалық базасын кеңей­ту бойынша серіктестік ұсынысын білдірді.

«INUCOBO» жан-жануарларды қор­ғау ұйымының президенті Лилия Сәр­сенова Волонтер жылын қорытындылау жиынында жануарлар дүниесін қорғауға қатысты заңның Қазақстан Үкіметінің 2021 жылға жоспарланған заң жобалары қатарына қосылғанын хабарлады. Ол Мемлекет басшысының жануарлар дүниесін қорғауға қатысты бастамасы соңғы 10 жыл ішінде алғаш рет жануарлар әлеміне назар аудартып, зообелсенділерге жаңа серпін беріп, мемлекет тарапынан қолдау білдіруге сеп болғанын айтты. Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде 42 жеке иесіз жануар­ларды ұстау орны жұмыс істейді. 2020 жылы волонтерлер 3 000 жануарға көмек көрсеткен. Волонтерлер орталықтарда жануарларды емдеп, жаңа иелеріне тез үйренуге атсалысады.

Іс-шара барысында жоғарыда атал­ған­д­армен қатар «Ұлттық Волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайы­мы Вера Ким, Арыс қаласының ерік­тісі Олжас Мамыр, Теміртау қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Берлік­бай Ордабаев, «Саналы ұрпақ» жоба­лық кеңсесінің офицері Богдан Петров, БҰҰ Еріктілерінің халықаралық волон­тері Айнұр Қанафина, «Шаг навстре­чу» штабының еріктісі Максим Пан­ченко, «АВК» атыраулық еріктілер корпу­сының басшысы Бекасыл Самиғолла, «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы Динара Сәдуақасова сөз сөйледі.

1

1