Әрине қомақты инвестиция игерілсе ғана игілігін ел көреді. Осы тұрғыдан айтқанда, төрткүл дүниедегі мұнай алпауыттары көз тіккен кен орнындағы келешек кеңею жобасына 45 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынды. «Теңізшевройл» ЖШС басшыларының мәліметінше, аталған жоба іске қосылғанда кен орнынан мұнай өндіру жылына 12 млн тоннаға дейін ұлғаяды. 2023 жылы іске қосылатын жобаға 300-ге жуық қазақстандық компания мердігерлікке тартылды. Бүгінде бұл жобада отандық 27 мың маман жұмыс істеп жүр.
Қазір «Теңізшевройл» мұнай өндірумен бірге келешек кеңею жобасына баса мән беріп отыр. Өткен аптада жобаға қажетті 408 модульді жеткізудің үш жылдық бағдарламасы сәтті аяқталды.
– «Теңіз» кен орнына модульдерді тасымалдаудың аяқталуы – қазақстандық компаниялардың теңіз логистикасы мен металл конструкцияларын өндіру саласындағы бәсекеге қабілеттілігі дәлелденген орасан зор жетістік. Нарықтық шарттардың күрделілігіне, пандемияның теріс әсері мен теңіз логистикасы операцияларының ғаламдық ауқымына қарамастан серіктестеріміздің үмітін ақтадық. Жобаны одан әрі сәтті жалғастыру үшін ел Үкіметімен, жергілікті атқарушы органдармен, іскерлік бағыттағы серіктестерімізбен ынтымақтастықты жалғастыра береміз, – дейді «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры Имер Боннер.
Оның айтуынша, барлық модуль жоспарға сәйкес уақытында жеткізілді. Бұл енді кен орнындағы орнату, өзге де құрылыс жұмыстарын одан әрі жалғастыруға жол ашылды. Өйткені келешек кеңею жобасы – Қазақстан үшін маңызды жоба. Жобаны жүзеге асыру біліктілігі жоғары жұмыс күшін, халықаралық компаниялармен серіктестік арқылы енгізілген технологияларды, сондай-ақ жаңғыртылған инфрақұрылымды қалыптастырады.
Аталған жоба іске асырыла бастағаннан бері қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға 10,3 миллиардтан астам АҚШ доллары жұмсалды. Қазір жобада жұмыс істейтіндердің шамамен 91 пайызын қазақстандық мамандар құрап отыр. «Теңізшевройл» инженерлік, материалдық-техникалық, өндірістік қызметтерді көрсетуге қазақстандық компанияларды жұмылдыруда. Келешек кеңею жобасына қатысу үшін 2 350-ден астам қазақстандық компания алдын ала іріктеліп алыныпты. Олардың 1 281-і алдын ала біліктіліктен өтіп, нәтижесінде қазақстандық компаниялармен 630-дан астам келісімшарт жасалды.
Ал әрқайсысы 500-ден 1 800 тоннаға жететін модульдер Қазақстанда, Оңтүстік Корея мен Италияда дайындалып, Ресейдің ішкі су жолы жүйесі арқылы Каспий теңізінің Прорва түбегіндегі жүк түсіру терминалына тасымалданыпты. Барлық модульдік жүктің жалпы салмағы 280 мың метрикалық тоннаны құрады. Қазақстандық Еrsai, KCOI компаниялары Маңғыстау облысында халықаралық стандарттарға сәйкес 75 құрастырмалы модульдік эстакада мен 10 қашықтан бақылау блогының құрылысын аяқтап, техникалық әлеуеті мен кәсібилігін дәлелдеді.
Жұмыстың үдемелі кезінде 120-дан астам кеме пайдаланылды. Оның ішінде 40 кеме жаңадан құрастырылып, кейбірі осы жоба үшін арнайы өзгертілді. Қазақстандық «КазТеңізТрансФлот» компаниясы Каспий теңізіндегі тасымалды жүзеге асырды. Кемелер Қазақстан мен басқа нүктелер арасында 140 мың шақырымнан астам қашықты жүзіп өтті. Бұл жобаның тағы бір ерекшелігі – «Теңіз» кен орны маңындағы Прорва түбегі. Мұнда модульдік жүкті қабылдау, одан әрі тасымалдау үшін салынған жаңа бағыт түзілді. Прорва түбегінде ұзындығы 71 шақырымды құрайтын теңізге кіру арнасы, жүк түсіру, сақтау қондырғылары мен кірме жол бар.
Осындай ірі жобаны іске асыруға кіріскен «Теңізшевройл» ЖШС бас директорының орынбасары Айбек Крамбаевтың мәліметіне сүйенсек, шетелдік мамандар құрамы бұрынғыдан азая бастады. Соның есебінен қазақстандық мамандардың саны өсіп келеді. Олардың үлесі былтыр желтоқсанда 82% болса, биыл жыл соңына дейін 88%-ға жетеді. Бұл орайда әрине отандық кадрлардың біліктілігіне баса назар аударылып отыр. Мәселен, 2007 жылдан бері 198 қазақстандық қызметкер шетелдіктерді алмастырыпты. Оның ішінде негізгі техникалық лауазымға 87, ал басшылық лауазымға көтерілген 111 отандасымыз бар. Бұдан басқа тағылымдамадан өту үшін халықаралық және жергілікті тағайындаулардағы қазақстандық қызметкерлердің үлесі 10 адамға көбейіп отыр. Қазақстандық қызметкерлер Филиппин, Қытай, Оңтүстік Корея, АҚШ, Ұлыбритания сияқты елдерге жіберілді. Сондай-ақ 2 мыңнан астам қызметкер біліктілікті арттыру бағдарламаларына қатысты.
Атырау облысы