Ол бала күнінен құқық қорғау саласында жұмыс істеуді мақсат етті. Сөйтіп бұдан алты жыл бұрын Каспий маңының осы заманғы колледжін «құқықтанушы» мамандығын бітірді. Кейін Қарулы Күштер қатарында борышын өтеді. Әскерден оралған соң ішкі істер департаментінің құрылымында тағылымдамадан өтуге бел байлады. Ал 2017 жылы Ішкі істер министрлігінің М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтына тыңдаушы болып қабылданды.
Оның айтуынша, полиция қатарындағы қызметі миграция басқармасының заңсыз миграцияға қарсы күрес взводының кіші инспекторы ретінде басталыпты. Кейін Атырау қалалық полиция басқармасының жол-патрульдік полиция батальонында жалғастырды. Қазір аталған құрылымда инспектор болып жұмыс істейді.
– Былтырғы 24 қазанда таңертең полиция кіші сержанты Талғат Өтешқалиевпен бірге кезекшілікте жүрген едік. Авангард-2 шағын ауданындағы бес қабатты тұрғын үйден шыққан өртті байқадық. Өрт туралы Төтенше жағдайлар департаментінің диспетчерлік пультіне хабарлап, адамдарды жедел құтқаруға ұмтылдық. Біз көп қабатты үйге келгенде кіреберісті қою қара түтін тұмшалап тұрды. Соған қарамастан әріптесіммен бірге өртеніп жатқан пәтерден екі әйел мен үш баланы аман алып шықтық, – деп еске алады полиция кіші лейтенанты Алан Тұрланов.
Ол бұл ісін ерлікке балағысы келмейді. Дәл сол күні 24 жасқа толған еді. Бірақ туған күннен бұрын адамдарды өрттен құтқаруды ғана ойлады.
Атырау облысы