Облыстық Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Өскемен қаласының аумағында интимдік қызмет көрсетіп жүрген 15 әйелді анықтаған. Қылмыстық Кодекстің 449-бабы, яғни қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызмет атқару қағидаларын бұзу бойынша 25 әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ клиенттерге жеңіл жүрісті қыздарды ұсынып, жеңгетайлықпен айналысқан 60, 43 және 20 жастағы сауна әкімшілері ұсталған.
– Аталған факті негізінде Қылмыстық кодекстің 309-бабы, 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, – дейді облыстық Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.
Бұл аталған фактілер аз болғандай, жедел алдын алу шарасы кезінде жезөкшелікпен айналысуға тарту жағдайы тіркелді. Анықталғандай, 22 жастағы күдікті қазан айының басында 18 жастағы бойжеткенді интимдік қызмет көрсетуге үгіттеген. Қазіргі уақытта оған қатысты Қылмыстық кодекстің 308-бабы, 1-бөлігімен тергеу амалдары жүргізілуде. Демек, тән сату жолына шақырудың өзі қылмыс.
Естеріңізде болса, күздің күні Семейде интим қызмет көрсеткен 16 қыз ұсталып, айыппұл арқалаған болатын.
Шығыс Қазақстан облысы