Қазақстан • 09 Желтоқсан, 2020

Афинада әйгілі Е.Пехлеванидиге "Достық" ордені табысталды

612 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның Грекиядағы Елшілігінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес Евстафий Пехлеванидиді ІІ дәрежелі "Достық" орденімен марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Афинада әйгілі Е.Пехлеванидиге "Достық" ордені табысталды

"Пеха" немесе "Грек" лақап атымен есімі аңызға айналған голеодор Қазақстан футболын танымал етуге және дамытуға ерекше үлес қосты. Оның есімі барлық шынайы футбол сүйер қауымға кеңінен танымал. Әсіресе, КСРО Жоғары футбол қауымдастығының мүшесі, Қазақстан футболының 1950-1980 жылдардағы флагманы болған ол "Қайрат" клубының жанкүйерлері үшін есте қаларлық ойыншылардың бірі болды.

Е.Пехлеваниди Кеңес Одағы футболының Жоғарғы лигасы матчтарының тарихында ең жылдам соғылған голдың авторы ретінде рекорд жасады. 1986 жылғы 3 қыркүйекте шабуылшы Пехлеваниди сол кездегі КСРО чемпионы – Киевтік "Динамо" қақпасына матч басталғалы не бары 10 секунд ішінде гол соққан еді.

"Пеха" әсем әрі эталондық жеке техника мен тамаша орындалатын алыс соққылардың иесі болды. Заманындағы чемпионаттардың ең көрнекті тұлғаларының біріне айналған бүгінгі орден иесі керемет бомбардирлік-мергендік қасиеттерді бойына сыйғыза білді.

Е.Пехлеванидидің спортқа сіңірген еңбегі көпшілікке белгілі, алайда оның ең маңызды қасиеті – "Қайрат" клубына берілгендігі еді. Даңқ шыңына шыққан футболшыны "Динамо", "ЦСКА", "Спартак" сияқты көптеген атақты және беделді клубтар шақырды, бірақ ол қазақстандық "Қайратқа" адалдығын сақтап, ұсыныстардан бас тартты.

"Иә. Мен үшін Қазақстаннан артық орын жоқ екенін әрдайым айтып келемін. Қандай командамыз болған еді! Бізбен матчтарға келуге клубтар қорқатын. Өз алаңымыз "Центральныйдағы" жекпе-жектерде барлық қарсыластарды жеңдік. Ал бізге қарсы қандай күшті командалар шыққан еді!", деп "Қайрат" ардагері өз естеліктерімен бөлісті.

Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Алексей Волков орденді табыстай отырып, ел басшылығының Е.Пехлеванидидің қазақстандық спортты насихаттауға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын атап өтті.

"Грекияда тұрып, Сіз Қазақстанның спорттық жетістіктерін көпшілікке насихаттаудасыз, футбол федерациясының іс-шараларына, Елшіліктің мәдени-бұқаралық қызметіне белсене қатысасыз. Еңбегіңіз "Қайраттың" футбол академиясының ашылуымен атап өтілді. Сіз клубтың әр ойыны туралы хабардар болып, кеңес беріп, жастармен өз тәжірибеңізбен бөлісесіз", деп А.Волков өз сөзін түйіндеді.