Аймақтар • 09 Желтоқсан, 2020

Ақтөбеде Жансая Әбдімәліктің шахмат академиясы ашылады

166 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат академиясының президенті Данияр Аширов пен өңір басшысы Оңдасын Оразалин болашақта Ақтөбеде бой көтеруі мүмкін шахмат академиясының жоспарларын талқылады деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтөбеде Жансая Әбдімәліктің шахмат академиясы ашылады

Бес дүркін әлем чемпионы, «BRNO OPEN 2013» Халықаралық турнирінің жеңімпазы, он төрт жасында әйел гроссмейстері атанған Жансая Әбдімәліктің  шахмат академиясы  2014 жылы Алматы қаласында ашылған болатын. Сол уақыттан бастап қазірге дейін осы мектепте  білім алған 4 мыңнан астам баланың  арасында елдің атын шығаратын жас  чемпиондар да көріне бастады. Солардың ең басында Жансаяның жолын жалғастырған жас өрен – осы академияның тәрбиеленушісі, Әлем және Азия чемпионы атанған Дінмұхаммед Төлендинов бар.

Ақтөбе қаласында бой көтеретін балалар шахмат Академиясының құрылысын «Даму» кәсіпкерлікті қолдау  қоры қаржыландырады. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин  жас буынды адами құндылықтарға тәрбиелеумен қатар, оларды  спорт пен өнер, білімге баулу  интеллектуалды ұлт қалыптастыру жолындағы нақты қадам екендігін алға тарта отырып, мұны іске асыру жолдарына тоқталды. Өңір басшысы заманауи кәсіби мектептер жақсы ұйымдастырылған менеджмент пен  білікті  мамандар қолымен іске асырылатынын алға тарта отырып,  қала әкімі мен білім басқармасының басшысына кәсіби шахматшылар даярлайтын мектептің тезірек ашылуына   қолдау көрсетуді тапсырды.