Қоғам • 09 Желтоқсан, 2020

Асыра сілтеудің астарында не жатыр?

151 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

"Ашық бюджет" жобасы аясында, Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті "Ақмола – адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің мамандарымен бірлесіп бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін бақылауда, деп хабарлайды Egemen.kz.

Асыра сілтеудің астарында не жатыр?

Таяуда ашық бюджеттердің интерактивті картасының Рublicbudget.kz сайтына мониторинг жүргізілді. Жедел іс-шара қорытындысында бірқатар мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда сатып алу, жұмыстар және қызмет көрсету бағасының асыра жоспарланғаны анықталды.

Мәселен, Степногорск қаласы білім бөлімінің бюджеттік бағдарлама әкімгері қылқан жапырақты ағаштан тілінген тақтайларды жалпы сомасы 4 400 000 теңгеге, яғни, бір данасын 80000 теңгеден сатып алуды жоспарлаған болып шықты. Алайда, құрылыс материалдары нарығын және басқа ұйымдардың мемлекеттік сатып алу жоспарларын талдау барысында, ұқсас тауардың орташа құны 800-ден 2000 теңге аралығын құрайтыны белгілі болды. Өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ведомствосының жоспарланған тауарларға оңтайлы бағаны қайта қарау және белгілеу туралы ұсыныстарынан кейін мемлекеттік сатып алу бағасы төмендетілді. Нәтижесінде қалалық білім бөлімінің бюджет қаражатының жалпы үнемделуі 4 300 000 теңгені құрады.

Сондай-ақ, «Көкшетау жылу» мемлекеттік кәсіпорны металл дәнекерлеу электордтарының әрқайсысын 1456 теңгеден сатып алуды жоспарлап, жалпы 9629984 теңге қаржы жұмсауды ұйғарған. Шын мәнісінде әлгі электродтың әрқайсысының бағасы 549 теңгеден аспайды. Департаменттің ұсыныс хатынан кейін қаржы операциясы қайта қаралып, кәсіпорынның 6 миллион теңгелік қаржысы үнемделіп отыр.

Өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосының араласуымен «Степногрск водоканал» кәсіпорнында 7 млн теңгеге жуық мемлекет қаржысының артық жұмсалуына жол берілмеді. Кәсіпорын құбырлардан су таратудың шойын тетіктерін сатып алу үшін бастапқыда 1 470 000 теңге (әр данасы 85 мың теңге) бөлуді жоспарлаған.

Жалпы, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаменті жүргізген мониторинг барысында, жоспарланған мемлекеттік сатып алу бағасын төмендету арқылы үстіміздегі жылы 350 млн теңге бюджет қаржысының үнемделуі қамтамасыз етілді.