17 Сәуір, 2010

ЕЛБАСЫ ҚАБЫЛДАДЫ

539 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының ар­нау­лы өкілі Жәнібек Кәрібжановты қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің баспасөз қызметі. Ж.Кәрібжанов Президентке өзінің Қыр­ғыз­станға сапарының қорытындысы туралы баян­дады. ЕҚЫҰ-ның миссиясы орын алған қақ­ты­ғыс­тардың одан әрі өрбуіне жол бермеу, тұрақ­тылықты қамтамасыз ету және осы елдегі саяси жағдайдың ушығуы жағдайында адам құқық­тарын сақтау болды. – Қырғызстанның уақытша үкіметі конс­титуция негізінде жұмыс істеп, қолданыстағы заңдарды сақтап, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуды қамтамасыз етуі қажет. Соның негізінде халықтың өмір сүру деңгейін көтеру қамтамасыз етіледі, – деді Ж.Кәрібжанов. *  *  * Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қайрат Мәмиді қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Қ.Мәми Президентке еліміздегі заңдылықтың жай-күйі және ведомствоның ағымдағы жылғы үш айдағы жұмыс қорытындылары туралы баяндады. Есепті кезең ішінде қылмыс 10 пайызға өскен. Мұндай жағдай жасалған қылмыстардың санының өсуінің есебінен емес, есепке алу-тіркеу тәртібін қатайтқаннан соң орын алып отыр. Соның бір айғағы, ауыр және орташа дәрежедегі қылмыстар деңгейі төмендегені байқалуда. Әңгімелесу барысында сондай-ақ еліміздегі су қоймаларының қазіргі жағдайына тексеріс жүргізу туралы сөз болды. Бүгінгі күні, Президенттің тапсырмасы бойынша, прокуратура тарапынан өзге уәкілетті органдармен бірлесіп,  еліміздегі барлық су қоймаларына қатаң бақылау қолға алынып, тексеріс жүргізілді, – деді Қ.Мәми.