Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдегендей, өткен тәулікте 28 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Оның ішінде Атырау қаласының 8 тұрғыны мен Теңіз кенішіндегі 17 жұмысшы бар. Сондай-ақ Құрманғазы ауданында тұратын 3 адамнан да қауіпті індеттің белгісі табылған.
"Атырау облысында өткен тәулікте коронавирус инфекциясынан 48 науқас емделіп шықты. Қазір 136 адам үй жағдайында, облыстық инфекциялық стационарда 48, Индер, Қызылқоға, Құрманғазы аудандарындағы стационарда 8 науқас, ал Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарда 200 науқас ем қабылдап жатыр", деп хабарлады басқарманың баспасөз өкілі.
Еске сала кетсек, бұған дейін Теңіз кенішінде бір тәулікте 42 жұмысшы індет жұқтырғанын хабарладық. Оған қоса, Теңіз кенішінде эпидемиялық жағдайдың күрт ушығуына байланысты 7 желтоқсанда карантиндік шектеу шаралары күшейтіліп, екі компания карантинге жабылды.