Медицина • 10 Желтоқсан, 2020

Қазақстанда бір жылда дәрі бағасы қаншалықты қымбаттады

396 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда дәрілер мен фармацевтикалық препараттар өткен жылмен салыстырғанда 9,7 пайызға қымбаттаған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда бір жылда дәрі бағасы қаншалықты қымбаттады

2020 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында елімізде құны 109,6 миллиард теңге болатын негізгі фармацевтикалық өнімдер өндірілген.

Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 44,7 пайызға жоғары көрсеткіш. Energyprom.kz зерттеуінше, өндірістің басым бөлігі (81,2 пайыз) үш аймақта жүргізіледі: Шымкентте (40,8 млрд теңге, былтырмен салыстырғанда 52,1 пайызға көп), Алматы облысында (25,1 млрд теңге) және Алматыда (23,1 млрд теңге).

Сондай-ақ елге жалпы құны 868,4 млн доллар болатын 23,1 мың тонна медикаменттер әкелінген. ТМД елдерінен 117,3 млн долларға 11,4 мың тонна медикамент алынған.

Медикаменттерді бізге экспорттаушы елдер – Ресей, Беларусь және Өзбекстан. Өзге елдерден Қазақстан 751,1 млн долларға 11,6 мың тонна медикамент импорттаған. Оның ішінде Қытай, Үндістан, Германия елдері бар.

Жүргізілген зерттеу бойынша 2020 жылдың қараша айында фармацевтикалық препараттар 2019 жылдың қарашасымен салыстырғанда 9,7 пайызға қымбаттаған. Препараттар ішінде әсіресе антисептик (33,2 пайызға), қызу түсіретін дәрілер (16,3), бүйрек дәрілері (11,5), антибиотиктер (10) бағасы көтерілген. Гистаминге, аллергия қарсы дәрілердің бағасы арзандаған. Бірақ көп емес, бір жыл ішінде небәрі 0,4 пайызға ғана.