Ұлттық Банкінің төрағасы Ерболат Досаев ұлттық төлем жүйесін дамыту бағдарламасы 2025 жылға дейін қалай жүзеге асырылатынын айтты. Досаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының 30 қарашадағы тапсырмасына сәйкес Ұлттық Банк Қазақстан Республикасының ұлттық төлем жүйесін дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдады.
«2021 жылы бірінші кезеңде жедел төлем жүйесін дамыту және банкаралық төлем карточкалары жүйесінің құрылысы жүзеге асырылады. 2022-2023 жылдары жаңа қызметтерді қосуға баса назар аударылатын болады», деді ол.
Осылайша, ISO 20022 қаржылық хабарламаларының халықаралық стандартының форматына көшу, қашықтықтан сәйкестендіру қызметін дамыту, Open API және Open Banking-ке қойылатын талаптарды тұжырымдау, қаржы нарығындағы инновацияларды қолдаудың нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру, ЕАЭО мен цифрлық валютадағы үйлестіру мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады.
2024-2025 жылдары ұлттық төлем инфрақұрылымын және жаңа қызметтерді дамыту жұмыстары жалғасады. Бағдарламаға енгізілген іс-шаралардың сәтті жүзеге асырылуы қолма-қол ақшасыз төлемдер шығындарының 2 есеге төмендеуіне, төлемдерді ел ішінде екі күннен бір минутқа дейін жеделдетуге әкеледі.
Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қолдану аясы кеңейеді. Сондай-ақ ұлттық төлем жүйесі шетелдік операторларға тәуелділікті жояды, деп түйіндеді Ұлттық банк басшысы.