Қазақстан • 11 Желтоқсан, 2020

«Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жарғысына қол қойылды

412 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін тараптардың өзара бастамасы бойынша Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі басшылығының кездесуі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

«Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жарғысына қол қойылды

Онда жемқорлықтың алдын алу және бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы парасаттылық қағидаттарын ілгерілету мәселелері талқыланды.

Онлайн-байланыс арқылы өткен іс-шараға монополияға қарсы органның басшылығы, екі ведомствоның аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жанындағы қоғамдық консультативтік-кеңесші органдардың өкілдері қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар «Адалдық алаңы» жобалық кеңселерінің барлық мемлекеттік органдарда ашылуының маңыздылығын атап өтті.

Олардың мақсаты – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тиімді талдау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг негізінде нақты ведомствоаралық алдын алу жүйесін қамтамасыз ету, сондай-ақ қол жетімділік, ашықтық және тұтынушыларға бейімделген халыққа жайлы жағдайлар жасау.

Агенттік Төрағасының орынбасары Нұрлан Шабдар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басымдығы – бұл саладағы сыбайлас жемқорлықтың төмендігі мен бір ғана мемлекеттік қызметтің болуы екенін атап өтті.

«Саладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың оң нәтижесін бұдан әрі де жетілдіру үшін, оған қарсы инфрақұрылым құруға назар аудару қажет, оның ішінде, азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасау және адалдық пен халыққа қызмет ету қағидаттарын ұстанбайтын қызметкерлер қатарын тазарту сияқты мәселелерге ерекше көңіл бөлу керек», дейді Н.Шабдар.

Өз кезегінде, монополияға қарсы орган Төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов құрылған «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі аясында Агенттіктің әрбір бағыты бойынша қоғамдық мониторинг жүргізіліп, қоғамдық бастамалар басымдыққа ие болатынын атап өтті.

«Мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлескен жобалық кеңсе Агенттікте адалдық пен қолжетімділік қағидаттарын нығайтуға серпін береді деп сенемін», деді Р.Ахметов.

Кездесу соңында «Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жарғысына қол қойылды.

Қоғамдық және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен құрылған жобалық топ пен сарапшылар кеңесі ұсыныстар жинап, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою идеяларының тізілімін жасайтын болады.