Экономика • 11 Желтоқсан, 2020

Пандемия электронды сауда нарығы үшін пайдалы болды ма?

194 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде соңғы жылдары электронды коммерция нарығы қарқынды дами бастады. Осыған орай PwC Kazakhstan компаниясы Цифрлы Қазақстан қауымдастығымен бірлесіп 2019 және 2020 жылдардың қаңтар-қыркүйек айлары аралығына зерттеу жүргізген. Зерттеуге отандық нарықтың ірі коммерциялық өкілдері Mechta.kz, Sulpak, Kaspi.kz, AliExpress Россия, Қазпошта және атауларын құпия ұстауды өтінген өзге де респонденттер қатысқан.

Пандемия электронды сауда нарығы үшін пайдалы болды ма?

Зерттеу келесі параметрлер бойынша жүргізілген:

  • Қазақстандағы бөлшек электронды сауда нарығының көлемі
  • Қазақстандағы бөлшек электронды сауданың өсу қарқыны
  • 2019 және 2020 жылдарындағы алғашқы 9 айдағы бөлшек электронды сауданың орташа чегі және орташа чектің өзгеруі

Бұл ретте зерттеу жүргізушілер тек жеке тұлғалардың онлайн сатылым тауарларын жеткізіп беру немесе дүкеннен өздері алып кетуімен байланысты кәсіпкерлік түрін негізге алған.

 Негізгі цифрлар:

  • Бөлшек электронды сауда нарығында – теңгемен жасалған сауда 93 пайызға артқан;
  • Локдаун кезінде – доллармен төленген орташа чек 4 пайызға азайған;
  • Локдаун кезінде – онлайн сатып алу (транзакция) 16 пайызға артқан;
  • Локдауннан кейін – теңгемен жасалған сауда сомасы 65 пайызды құраған.

Электронды бөлшек сауда нарығы

Электронды бөлшек сауда нарығы 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылдың алғашқы 9 айында 93 пайызға өскен: 198 млрд теңгеден 382 млрд теңгеге.

«Сондай-ақ транзакция (онлайн тапсырыс) саны да өсті және теңгемен орташа шек 18 және 63 пайызды құрады. Доллармен есептескен нарық көлемі де өсім көрсетті, алайда теңгеге қарағанда аз: сатылым сомасында – 79, ал орташа чекте 52 пайызды құрайды. 2019 жылдың I тоқсанымен салыстырғанда 2020 жылдың I тоқсанында теңгемен сатылым 47 пайызға, доллармен 42 пайызға өскен. Бірақ транзакция саны 9 пайызға азайды» деп жазылған зерттеуде.

Эксперттердің бағамдауынша, пандемия кезінде сатушы да, сатып алушы да мол тәжірибе жинады. Нарық өкілдері жаңа ойыншылардың келуімен, компаниялардың қамту аймағы мен ассортиментінің кеңеюінен электронды сауда 2021 жылы да одан әрі дами түседі деп санайды.

«Шектеулерге байланысты биыл онлайн сауда қарқынды дамыды. Кәсіпкер мен клиенттің арасын тек сайт ғана жалғап тұрды. Сол себепті, көптеген компания онлайн саудаға ден қойды. Нәтижесінде, бір жылдық даму жоспары 1-2 айда орындалды» деп жазады Mechta.kz.

Локдаун кезіндегі бөлшек электронды сауда (1Т 2020/2Т 2020)

Kaspi.kz пандемия клиент мінез-құлқының өзгеру процесін және онлайн-сатылымның жаңа сегменттерге енуін жылдамдатты деп есептейді. Соның нәтижесінде:

  • 50 жастан асқан сатып алушылар үлесі артқан;
  • Адамдар тамақ пен тұрмыстық заттарды онлайн сатып ала бастаған;
  • Шалғай қалалар мен ауылдарда да бұл үрдіске белсенді қосылған.

 2020 жылдың I тоқсанымен салыстырғанда II тоқсанда теңгемен сауда жасау 34 пайызға өскен. I тоқсанымен салыстырғанда II тоқсанда доллармен сауда жасау 4 пайызға кеміп кеткен.

Сектордағы тұтынушылар саны карантин кезінде күрт өскен. Алайда орташа чек сомасы төмендеп кеткен.

 Локдаун кезіндегі бөлшек электронды сауда (2Т 2020/2Т 2019)

2019 жылдың II тоқсанымен салыстырғанда 2020 жылдың II тоқсанында теңгемен сауда жасау 59 пайызға бір-ақ көбейген. Доллармен сауда жасау 45 пайызға, ал транзакция саны 16 пайызға көбейген.

«2019 жылдың II тоқсанында электронды сауда нарығындағы жалпы сатылым 113 млрд теңге болса, осы көрсеткіш биыл II тоқсанда 59 пайызға артқан. Осыған дейін электронды саудаға өтуді қарастырмаған шағын және орта бизнес өкілдері пандемия қыспағына тап болып, клиенттерінен айырылды. Есесіне e-commerce секторының маңызды ойыншылары өз позицияларын нығайта түсті. Нәтижесінде, транзакция 16 пайызға өсім көрсетті. Теңгемен жасалған орташа чек 37 пайызды құрап отыр. Респонденттер пандемия электронды сауда нарығына жаңа үрдіс әкеліп ғана қойған жоқ, 2019 жылы бастау алған трендтерді күшейтіп жіберді деп есептейді» деп жазылған зерттеуде.

Локдауннан кейінгі бөлшек электронды сауда нарығы

III тоқсандағы локдауннан кейінгі кезеңде теңге және доллармен жасалған сауда көлемі 65 пайызға артқан.  III тоқсандағы электронды сауда нарығы 186 млрд теңгені құрады. II тоқсанмен салыстырғанда III тоқсанда теңгемен жасалған сауда 65, доллармен сауда 64 пайызға өсті. Транзакция 28 пайызға артты. Сондай-ақ 3 тоқсанда теңге және доллармен жасалған сауданың орташа чегі бір-бірімен теңескен – 28 пайыз.

«III тоқсанда ТЖ режимі тоқтап, адамдардың офлайн дүкендерге бару мүмкіндігі туындағанына қарамастан теңге және доллар эквивалентінде транзакциялар мен орташа чек өсе түскен. Транзакция саны II тоқсанда – 5,5 млрд теңге болса, III тоқсанда 7,1 млрд теңгеге жеткен. Орташа чек 26 мың теңгеге, шетел валютасымен 62 долларға дейін жеткен» делінген зерттеу мәтінінде.

Бұл орайда сарапшылар «Бір жағынан бұл тенденция тұрғындардың талаптарды сақтап, адамдар көп шоғырланған орындарға бармауы себепті болса, екінші жағынан электронды сауда нарығы қызметтер мен тауарлар спектрін жедел кеңейтіп, сервис сапасын жақсартқандықтан онлайн сауда өз құнын жоймады» деп санайды.

Десе де экспертте Қазақстанда электронды сауда әлі өте төмен деңгейде, дегенмен онлайн сауданың өсу потенциалы өте жоғары дейді. Олар биылғы көрсеткіштердің келер жылы аса жоғары қарқынмен өсіп кетеріне сенбейді. Дегенмен жыл санап онлайн сауда аясының кеңейе түсеріне күмән келтірмейді.

АЛМАТЫ