Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2020

Солтүстік Қазақстанда қылмыс саны 23% төмендеген

349 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев онлайн режімде биылғы жылды қорытындылап, ТД арқылы есеп берді, деп хабарлайды Egemen.kz

Солтүстік Қазақстанда қылмыс саны 23% төмендеген

Оны Facebook әлеуметтік желісінің қатысушылары да тікелей эфирде көріп, сұрақтар беруге де мүмкіндіктері болды. Бастықтың есебі бойынша биыл СҚО тіркелген қылмыс саны былтырғыдан қарағанда 23 пайызға азайып, 6007-ден 4646-ға түскен. Соның ішінде кісі өлтіру, дене жарақатын салу, тонау, ұрлық және ақша талап ету сияқты қылмыстар саны азайған. Есесіне интернет алаяқтық сияқты қылмыс саны артқан. Сонымен бірге жол-көлік оқиғалары да азаймай отыр.

Баяндамада мас болушылардың қылмысты жолға түсуінің алдын алу мақсатымен жүргізілген рейдтердің арқасында 9420 бұзушылық құрықталған. Заңсыз айналымнан бір мың литрден артық алкоголь өнімдері тәркіленген. Сонымен қатар оларды сатудың 187 фактысы анықталған.

"Біз өз тарапымыздан алкогольдің заңсыз айналымына қарсы күресті үздіксіз жүргіземіз. Бұл істе халықтың қырағылығына да мұқтажбыз. Өзінің ортасы заң бұзбауын тілейтін азаматтар бұл істе бізге қолғабыс берулері керек", деді М.Төлебаев.

Оның айтуынша, полиция қызметкерлерінің ішкі құрамындағы заң бұзушылықтар да тыс қалған жоқ. Жыл басынан бері алпыстан артық түрлі бөлініс  басшылары жауапкершілікке тартылыпты, ал 21 қызметкер жағымсыз қылықтары үшін қызметтерінен қуылған. Баяндамада басқа да қылмыстардың жай-жапсары айтылды.