Келер жазда бірнеше жаңа туристік нысан қызметін бастайды деп күтілуде. Әуелі аумағы ат шаптырым, қасиетті Абылай хан алаңында ел тарихын екшеп, қолмен қойғандай етіп баяндайтын көрнекті көрме ашылмақ. Алаңда айбарлы хандар мен ел қорғаған батырлардың мәңгі өлмес ізі жатыр. Ерлік сорабы ел есінен еш уақытта өшпеуі керек. Сондықтан, бұл орайда мультимедиалы-интерактивті парктің ашылуы сан сананы сілке жаңғыртып, өткеннің оңды ісін еске салады деп күтілуде. Жобаның жалпы құны 4,2 млрд теңгені құрайды. Алдағы жазда пайдалануға берілмек.
Талайды тамсандырар қуаты бар Ақбура кешенінің құрылысы жалғасуда. Бір ерекшелігі, бұл нысан швейцариялық туристік тәжірибені негізге алып отыр. Табиғи көркі әлемнің кез келген жеріндегі сұлулықпен таразы басына түсе алатын бұл өлке үздік тәжірибені ұштастырса, бағы жанып, бағасы арта түсері сөзсіз. Демалыс орнының алғашқы кезеңі жазғы туризм кезінде пайдалануға берілсе, жобаның тиянақты атқарылып, төртінші кезеңін жүзеге асыру бірнеше жылға созылуы әбден мүмкін. Кешен аумағы Үлкен Шабақты мен Теке көлінің жағалауларындағы 230 гектардан астам жерді алып жатыр. Бір-біріне мағына үстемелейтін төрт кезеңнен тұрады. Ең бастысы, аталмыш нысан толық қуатына енген кезде жаңадан үш мың жұмыс орны ашылмақ. Алақандай аудан халқы үшін тамаша олжа.
– Қазірден бастап бұл нысанды білікті мамандармен қамту мәселесін де егжей-тегжейлі ойластырудамыз, – дейді «AQBURA DEVELOPMENT» серіктестігінің директоры Сапар Бегайдаров, – Швейцариядан арнайы компания өкілдері келіп кәсіби білім бермек.
Әзірге демалыс орнына 4 млрд теңге көлемінде инвестиция құйылған. Алғашқы кезеңде тәулігіне 200 демалушыға дейін қабылдауға мүмкіндігі бар. Жоба жетекшісі Сапар Бегайдаровтың айтуына қарағанда, нысанның келесі даму кезеңдеріне қаржы салуға ынталы инвесторлар аз емес екен. Демек, Бурабай баурайы бұрынғы кейпінен де көркейе түсуі әбден мүмкін.
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы