Экономика • 14 Желтоқсан, 2020

Бордақылаудың әдісі бөлек

526 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Шығыс Қазақстанда 7 мың бас ірі қара малға арналған 3 бордақылау алаңы пайдалануға берілді, 1600 басқа арналған 8 тауарлы-сүт фермасы салынды, 5 сүт қабылдау пункті ашылды. Соңғы 5 жыл ішінде салаға салынған инвестициялардың көмегімен халықтан сүт сатып алу өнімді 13 есеге ұлғайтты.

Бордақылаудың әдісі бөлек

Мал шаруашылығы өнімдері көлемінің ұлғайғаны тамақ өнер­кәсібі кәсіпорындарының қуатын арттыруға үлкен сеп болды. Мысалы, «Эмиль» компаниясы өндірісті жылына 32 мың тоннадан 45 мың тоннаға дейін жеткізуге кірісті. Ал «Өскемен құс фабрикасы» дайын өнім шығару көлемін жылына 22 мың тоннадан 55 мың тоннаға дейін ұлғайтты. 9 млрд теңгенің инвестициялық жобалары – жылына 19 мың тонна шикізат өндіретін 2 ет өңдеу кәсіпорны салынып жатыр.

Бұл бағытта көкпектілік қ­о­жа­лықтардың жұмыстары іл­кімді. Жуықта ғана Көкпекті ауданындағы «Өрнек» шаруа қожалығы Германиядан 192 бас симментал тұқымды ірі қара сатып алды. Еті мен сүті құнарлы асыл тұқымды тұяқтының климатқа бейімделуі де тез. Ал Көкжайық ауылындағы «Елім-ай» шаруа қожалығының же­тек­шісі зеңгі баба тұқымын бор­да­қылауды қолға алған. 

Алдына жемшөбін шашып, науасына суын құя салса, мал семіреді деп ойлайтынбыз. Жо-жоқ, семіруі семіреді, бірақ бордақыға мал қоюдың әдісі инновациялық жағынан әлдеқайда дамып кеткен екен.

– Мен инновациялық тех­но­логиялар арқылы мал бор­дақылау алаңын ашпас бұрын озық елдердегі шаруа­шы­лық­тармен таныстым. Әдіс-тә­сі­лін меңгерген соң барып іске кірістім, – дейді қожалық жетек­ші­сі Болат Бекбердинов.

Етті экспорттаумен айналы­са­тын қожалықтың шаруа­шы­лық нысандарының аумағы ат шаптырымдай жерді алып жатыр. Ауласында төбесі ашық бірнеше қора тұр. Табан асты теп-тегіс, бетондалған. Көлденең жатқан қыл байқамайсыз. Шет жағына төрт бұрышты шөп бумаларын қыздың жүгіндей етіп жинапты. Қатарына сүрлем салып, бетін машинаның ескі дөңгелектерімен бастырыпты. Себебі, қарайған дөңгелектер қыстай күн тартып, астындағы сүрлемді ашытып, божытады. Ал ашыған сүрлемнің құра­мындағы қышқыл малдың ас қорыту қызметін жақсартады екен. Бордақыда тұрған малдың ішіп-жемін арнайы мамандар құрылғы арқылы әзірлейді. Шөпті ұсақтап турап, оған же­мін, ұнтақталған дәрумен қо­сады. Әр қоспаның нақты мөл­шері бар. Қысы-жазы суды да жылытпалап береді. Соған қарай малдың еті дұрыс қалып­тасады. Мамандардың айтуынша, мәрмәр ет алу үшін рацион басқа да, майлы еттің рационы басқа.  

Аталмыш қожалық алға­шында 3 мың басқа арнап сал­ған бордақылау алаңын бүгінде едәуір кеңейткен. Қазірде ангус пен қазақтың ақбастары бор­дақыда тұр. Сонымен қатар етті бағыттағы мұғалжар жылқысы өсіріледі. Олар кейін Қытайға, Ресейге экспортталады.

Жүзеге асып жатқан жоба ауқым­ды болғандықтан, мал азықпен 100 пайыз қамтылу керек. Мамандардың пікірінше, ол үшін егістік, шабындық ал­қаптарын тамшылатып суа­ру әдісіне көшкен жөн. Өйт­песе құрғақшылық жылдары дөң­гелетіп отырған кә­сіп­ке едәуір нұқсан келуі мүм­кін. Сондықтан да келесі жылдың наурыз айынан бас­тап қожа­лық­тың еншісіндегі жерге жаңбырлатып суару құрыл­ғы­ла­ры орнатылуы мүмкін.

 

Шығыс Қазақстан облысы