Руханият • 14 Желтоқсан, 2020

Музейлендірілген кітапхана бөлмесі

301 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде музейлендірілген кітапхана бөлмесі ашылып, көрме экспозициясына 591 дана сирек кітаптар мен музей қорынан алынған 20-дан астам этнографиялық жәдігерлер қойылды.

Музейлендірілген кітапхана бөлмесі

Тарихи деректерге сүйенсек, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі кітапхана бөлмесі 1950 жылдарға дейін жұмыс істеген екен. Онда ескі кітаптар мен діни еңбектер иін тіресіп тұратын дейді ескі көздер.

Ал қазіргі таңда қорық-музейі қорында 3 000-ға жуық жазба ес­керткіш сақталса, оның ішінде: 440 дана көне кітап, 160 дана түпнұсқа қолжазба, 21 дана тарихи құжат, т.б. бар көрінеді.

Осылардың ішінен, жоғарыдағы музейлендірілген кітапхана бөл­месіне: «Диуани хикмет» ілімінің түпнұсқа қолжазбасы және 1887-1901 жылдары Қазанда, 1901 жылы Ыстамбұлда, 1902-1911 жылдары Ташкентте жарық көрген нұс­қа­ларымен қатар, «Рисалла дар адаби тариқат», «Пақырнама», «Миратул қулуб» секілді өте сирек кездесетін қолжазбалар, Қожа Ахмет Ясауидің атақты шәкірттері С.Бақырғанидің «Диуан» қолжазба еңбегі, Шейх Худайдад Таш-Мухаммед әл-Буха­ридің «Бустан уль Мухиббин» ат­ты түркі тілінде жазылған ең­бегі, Ә.Науаи­дің «Ғазалдары», Фи­­­зу­лидің шығармалары, Фарид ад-дин Мұ­хам­мад ибн Ибрахим Аттар­дың «Таз­кират ул-Аулия», Софы Аллаярдың «Муслик ал-Муттакин», Әулие Би­делдің «Диуан» қатарлы құнды дү­ние­лері қойылған екен. Бұл кі­тап­тардан басқа құнды тәп­сірлер, Мұхтасар, Құрандар, «Ғайас ал-луғат Мунтахаб ал-луғат» атты тіл білімі туралы еңбек, «Рисақатун уафиятун фи ислами абни ағи» дейтін араб тілі грамматикасы, «Шар­хульУиқаяти, Умурату рия­ти» атты шариғи талдау және кесенеде жерленген тұлғаларға қа­тысты сериялы баспа өнімдері де сө­реден орын алыпты. Сондай-ақ өз­бекстандық ғұлама ғалым Шайық Мұхаммад Садық Мұхамммад Юсуф­тың жеке кітапханасынан музей қорына сыйға берілген 85 дана құнды туындылар да көпшілік назарына ұсынылды.