Осыған дейін клиникалық зерттеу нәтижесі вакцинаның COVID-19-дан 95% қорғайтынын анықтаған. Сондай-ақ АҚШ-тың азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) оны қауіпсіз деп таныды. Елде сенбі күні коронавируспен байланысты 3309 өлім тіркелген. Бұл Johns Hopkins университетінің сайтында жарияланған әлемдегі ең жоғары бір күндік көрсеткіш болып отыр. Жалпы, АҚШ-та коронавирустан қайтыс болғандар саны қараша айынан бастап күрт өскен.
Жұма күні Pfizer/BioNTech вакцинасын шұғыл пайдалануға рұқсат беру арқылы Трамп әкімшілігінің қысымына ұшыраған FDA бұл қадамды пандемиядағы маңызды кезең деп атады. Ал Ұлыбританияда жаппай вакциналау басталып кетті. Pfizer вакцинасы одан бөлек Канада, Бахрейн және Сауд Арабиясының реттеуші органдарының рұқсатын алды. Барлық елдегі тәжірибе көрсеткендей АҚШ Денсаулық сақтау органдары да алғашқы дозаларды медицина қызметкерлері мен қарттар үйінің тұрғындарына береді деп күтілуде. Бұл топтарға жатпайтын америкалықтардың көпшілігі вакцинаны қаңтар айында алуы мүмкін, ал вакцина жалпыға бірдей сәуір айында қолжетімді болады.
Вакцина иммундық жүйені коронавируспен күресуге үйретеді. Бұл – вирустың генетикалық кодының кішкене бөлігін қолданатын жаңа инъекция түрі. Ағзаға енгізгеннен кейін ол вирус секілді иммундық жүйенің шабуылға көшуіне ықпал етеді. Генетикалық материал жасушаларға енуі үшін шағын арнайы майдан жасалған қорғаныс қабатымен қапталған. Вакцинаның нақты неден жасалғаны белгісіз. Алайда басқа өндірушілер вакцинаны тұрақты және тиімді ету үшін алюминий секілді заттар қосуы мүмкін. Вакцинаның екі дозасын араға үш апта салып алу керек, сонда ол өндірушілер мәлімдегендей COVID-19-дан 95%-ға дейін қорғай алады.