Жақында Экономикалық даму және сауда министрлігінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен “Кеден одағы: мүмкіндіктері мен перспективалары” атты дөңгелек үстел өткендігін газетіміздің алдыңғы сандарында хабарлаған едік. Онда бірқатар ведомство басшылары мен өкілдері, ғалымдар қатысып Кеден одағы бізге не береді деген тақырып төңірегінде ойларын ортаға салып, пікір бөліскен болатын.
Аталмыш дөңгелек үстел барысында бірінші вице-премьер Өмірзақ Шөкеев Кеден одағы аясында қабылданған әрбір келісім бойынша жұмыс тобын құруды ұсынды. Сондай-ақ, оның құрамына мемлекеттік органдардың өкілдерінен бөлек депутаттар мен ғалымдарды қосу қажеттігі де баса айтылды. Бұл ретте Кеден одағы аясындағы әрбір келісім бойынша қатысушы барлық елдер қандай да бір ымыраға келуі керектігі алға тартылды. Сонымен бірге Өмірзақ Естайұлы темір жол тарифтеріндегі кейбір аса маңызды мәселелерді де ұдайы назарда ұстау керектігін айтты. Бұлар іргелі мәселелер, сол себепті әрбір келісім бойынша жұмыс тобын құрып, құрамына депутаттар мен ғалымдарды кіргізіп, талқылау қажет деп есептеймін. Біз талқылауға ынталымыз. Бұл барынша күрделі де терең іс болғандықтан бір жерлерінде келеңсіздік жіберіп алу ықтималдығы жоғары, деді өз сөзінде бірінші вице-премьер.
Бұл кеден одағына қатысты мәселелер талқыланып отырған алғашқы жиын емес. Бұған дейін де еліміз Үкіметі бастамасымен Кеден одағының мүмкіндіктері мен келешегін кәсіпкерлер жан-жақты талқылаған болатын. Қол жеткізілген келісімдердің барлығының үш тарапқа да ыңғайлы болуы керектігі айтылған сол жиынның заңды жалғасы болып табылатын шараға бұл жолы Кеден одағы комиссиясының жауапты хатшысы С. Глазьев, Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова, Қаржы министрі Болат Жәмішев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев, Парламент Мәжілісінің депутаты К.Сағадиев, сол сияқты Р.Алшанов, М.Махмұтова, К.Берентаев, С.Байзақов, Ф.Клоцвог сынды Ресей мен Қазақстанның белгілі ғалымдары мен сарапшылары қатысты.
Кедендік кедергілерді алып тастау кооперация талаптарын жеңілдетеді, технологиялық күрделі өндірістердің мүмкіндіктерін кеңейтеді. Бұл жұмыстардың қандай жеңілдік әкелетінін күрделі өнімдерді шығаратындар ғана түсінеді. Кеден одағы өзге халықаралық ұйымдарға қарағанда өте жылдам құрылып жатқан ұйым. Оның себебі де бар. Өйткені, оған қатысушылар бұрын бір жүйеде болған елдер. Яғни, экономикалық құрылымы, басқару тетіктері, тіпті даму қарқыны да көп алшақ емес, деді жиында Кеден одағы комиссиясының жауапты хатшысы С.Глазьев. Ол үш елдің бірігуі мен біртұтас экономикалық кеңістіктің экономикалық тұрғыдағы артықшылықтарына тоқталды. Жауапты хатшының көлік ұйымдары берген мәліметтерге жүгіне отырып айтуына қарағанда, рынокта айналымға түсетін тауарлар уақытының 60 пайызы кедендік тіркеу бекеттеріне кететін көрінеді. Мұның барлығы өнімнің бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Ал кедендік және өзге де кедергілердің алынуы тауар айналымы жолында кооперацияның қоятын талаптарын жеңілдетіп, технологиялық жасалуы қиын өнім түрлерін өндірудің мүмкіндіктерін кеңейте түседі.
Парламент Мәжлісінің депутаты К.Сағадиев өз сөзінде Біртұтас экономикалық кеңістіктің даму келешегі туралы кеңірек тоқталды. Ғылыми ортадан Ресей ғылым академиясы, халық шаруашылығын болжау институтының зертхана жетекшісі Феликс Клоцвог сөз алып, Қазақстан экономикасының қазір өте жоғары қарқынмен дамып жатқандығын тілге тиек етті. 2009 жылғы экономикалық дамудың баяулауынан Қазақстан өтеді, өтіп қана қоймай бұрынғы қарқынын қайта қалпына келтіру мүмкіндігі бар. Тіпті, экономикалық өсімге қол жеткізе алады. Қазақстан, Ресей және Беларусьті біріктіріп отырған Кеден одағы – таза экономикалық ұйым. Бұл одақтың үш елдегі бағаға әсері қандай болмақ деген мәселе жиі көтеріледі. Бұл ретте кез келген шешім ортақ келісім арқылы ғана қабылданады, деп атап өтті ғалым.
Әлеуметтік құны жоғары дүниелер – құрал-жабдық, дәрі-дәрмек тағы басқа да салаларға қатысты өзгерістер тек қана үш тараптың келісімі арқылы жүзеге асады, деген Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова тарифтердің өсіп қана қоймай, арзандауы да мүмкін екендігін алға тартты. Министрдің айтуынша, әрбір өзгеріс сайын келісім құқығына жүгінетін боламыз. Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова ханым осыған дейін “Егемен Қазақстан” газетіне берген сұхбатында Кеден одағының бірыңғай кедендік тарифі және тарифтік емес реттеудің бірыңғай жүйесі туралы толық баяндап берген болатын. Министрдің айтуынша, одаққа бірігу туралы келіссөздер басталғанда үш мемлекет арасындағы импорттық тариф ставкаларының 40 пайызы бір деңгейде екен. Ал қалған 60 пайызын одаққа мүше әр елдің мемлекеттік мүддесін ескере отырып, бір деңгейге келтіру мәселесі туындады. Дегенмен, ұзақ та табанды келіссөздердің нәтижесінде 400-ден аса тауарларға бірыңғай кеденді тариф қолдану үшін 3-5 жыл арасындағы өтпелі кезең қарастырылып отыр. Осы кезең ішінде жеңілдетілген кедендік бажбен импортталатын тауарлардың тізіміне темір жол вагондары, азық-түлік өнімдерін шығаратын кәсіпорындар пайдаланатын шикізаттар кіретіндігін айтқан болатын.
“Кеден одағының қыр-сырын қоғам ашық талқылауы тиіс. Бұған ешқандай кедергі жоқ”, – деді бірінші вице-премьер Өмірзақ Шөкеев. Тіпті, осы одақтың құқықтық базасын зерттеп, келісімдерді саралайтын арнайы топ құру да жоспарда тұр. Оны қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеміз. Біз қажеттің барлығын алып беруге дайынбыз. Сосын ортақ есептерді жасаймыз. Әйтпесе бізде де тиісті институттар бар, бірақ олар өз шеңберінде жұмыс істеуде. Ал біздің мүддеміз бір, бәріміз бір мектептің түлектеріміз. Менің ойымша жұмыс тобын құруымыз керек”, деп осы дөңгелек үстелде айтылған әңгімелердің нүктесін қойды.
Екі елдің де ғылыми элитасы бірауыздан интеграциялану Біртұтас экономикалық кеңістіктің мүшелерінің дамуына оң әсер ететіндігін атап көрсетті. Достастықтың 3 елі біріге отырып, ортақ үлкен бір рынокты құрайтын болады. Оған 170 миллион тұтынушы кіретін болады. Экономикалық тиімділікті сөз ететін болсақ, белгілі бір жетістікке, маңызды экономикалық көрсеткішке 2015 жылға таман қол жеткізетін боламыз деген болжам бар. Бұл ішкі жалпы өнімнің 15 пайызға көтерілуі немесе 400 млрд. доллар арқылы сипатталады. Ал Қазақстанға келетін болсақ, болжамдар бойынша ол 20 млрд. долларды көрсетеді. Бұл бір жағынан үлкен мүмкіндіктер ашатын болса, екінші жағынан бәсекелестікті күшейте түседі.
Алғашқы отырысқа Ресей Федерациясының Өнеркәсіп және сауда министрі В.Христенко қатысқан болатын. Ол жолы бірлестікке мүше елдер аумағындағы бизнеске кедергілерді жою, сондай-ақ шектеулерді алып тастау, Кеден одағы елдері кәсіпорындарын өзге рыноктарда бәсекелестікке қабілетті бола алатын деңгейге жеткізу туралы мәселелер талқыланған-ды. Кезекті отырыста темір жол тарифтерінің үш жаққа да ыңғайлы болу керектігі айтылды. Бұл мәселе көптен бері шешімін таппай келеді. Осы орайда айта кететін бір жәйт, Қазақстан мен Ресей үкіметтері басшыларының осындай маңызды мәселелердің ортақ шешімін табуға бағытталған екіжақты сұхбаттастықты белсендіруге арналған бағыт ұстануының маңызы өте зор.
Бүгінгі жаһандану үдерісінде қалыптасқан жағдай тығыз интеграцияланбай, оқшауланып өмір сүруге болмайтындығын дәлелдеп отыр. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың кешегі Кеңес Одағы ыдырағаннан бергі кезеңде Достастық елдерін экономикалық интеграциялануға үндеген баламасыз бастамаларының негізінде өмірге келген Кеден одағы өңірлік интеграцияланудың жаңа үлгісі болып табылады. Бұл біздің отандық кәсіпкерлерге, ірі өндіріс салаларына жаңа мүмкіндіктер ашады. Отандық өндірісшілерге 170 миллионнан астам тұтынушысы бар үлкен рынокқа шығуға жағдай жасайды. Біздің кәсіпкерлеріміздің бәсекеге қабілеттілігін шыңдайды. Қорыта айтқанда, Кеден одағындағы бәсекелестік “өле жаман болмасаң, өле кедей болмассың” деген халық даналығын ел кәсіпкерлерінің тағы бір естеріне салады.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.