Қатысушылар Парламент Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауында партиялық тізімдерді ұсыну және тіркеу қорытындыларын, сайлау бюллетендері мен партия тізімдерін тіркеу кезінде Орталық сайлау комиссиясына келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау барысын қарады.
ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров саяси партиялар өткізген тізімдердің қорытындысын баяндады. Оның айтуынша, сайлауға қатысуға 6 саяси партияға рұқсат берілген. Белгіленген кезеңде ОСК-ға Парламент Мәжілісінің депутаттығына 5 саяси партия – «Ауыл», Nur Otan, ADAL, «Ақ жол» және «Қазақстанның Халық партиясынан» кандидаттардың тізімі келіп түскен. Сайлау заңнамасына сәйкес бір партиядан саяси партиялар арасында бөлінетін депутаттық мандаттардың белгіленген санының отыз процентінен аспайтын адамдар саны енгізілген бір ғана тізім жіберіледі. Партиялық тізімде әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдардың саны оған енген үміткерлердің жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс.
Тізімдерін ұсынған саяси партиялар комиссияның шотына өз қаражатынан партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен жалақының он бес еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізеді. Парламент Мәжілісі депутаттарының өткен сайлауында 7% және одан көп дауыс жинаған партиялар жарна төлемейді. Конституциялық заңға сәйкес сайлау жарнасы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы мен ADAL саяси партиясына міндетті.
Осылайша, Орталық сайлау комиссиясы 5 саяси партияның тізімін тіркеген. Барлығы 312 кандидат, оның ішінде 19 үміткер «Ауыл», 126 адам Nur Otan, 16 адам ADAL, 38 адам «Ақ жол» және 113 адам «Қазақстанның Халық партиясының» атынан ұсынылған.
Партия тізімдеріне 90 әйел және 222 ер адам енген. Ал 29 жасқа дейінгі кандидаттар саны – 19 адам. Ең жас үміткер 1995 жылы туса, жасы бойынша ең үлкені 1950 жылы дүниеге келген. Кандидаттардың орташа жасы – 47. Тізімдерге Парламент Мәжілісінің VI шақырылымынан 34 депутат енген. 12 ұлт өкілі ұсынылған, оның ішінде 79,8% қазақ, 13,8% орыс, сондай-ақ тізімде корей, беларусь, өзбек, ұйғыр, украин, әзербайжан, неміс, поляк, татар, чуваш ұлттары бар.
ОСК партиялық тізімге енген адамды заңға қайшы әрекеттері үшін тізімнен шығару туралы шешім қабылдай алады. Сайлау алдындағы үгіт Конституциялық заңда белгіленген мерзімде, 2020 жылғы 10 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-ден кейін басталады.
Комиссия хатшысы Сабила Мұстафина дауыс беруде қолданылатын бюллетендер туралы баяндады. ОСК «Сайлау туралы» заңның 12-бабына сәйкес Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау жөніндегі дауыс беруге арналған бюллетеннің нысаны мен мәтінін, мәслихаттар депутаттарын сайлау бойынша дауыс беруге арналған бюллетеньдердің нысанын, сондай-ақ оларды жасау тәртібі мен қорғалу дәрежесін белгілейді, Парламент депутаттарын сайлау бюллетеньдерін дайындауды қамтамасыз етеді. Заңнамаға сәйкес бюллетеньге саяси партиялардың атаулары жеребе арқылы енгізіледі. Осыған байланысты отырыста партиялардың бюллетенде жазылу реті анықталды.
Жеребе қорытындысы бойынша сайлау бюллетеніндегі партиялардың атаулары келесі тәртіппен орналастырылатын болады: «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі, Nur Otan партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы және ADAL саяси партиясы.
Сайлаушылардың жалпы санының 1 пайыз резервін қоса алғанда, дайындалатын бюллетендер саны – 12 038 433 дана.
Жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштер туралы ОСК мүшесі Ерлан Дауылбаев хабарлады. Ол 26 қараша мен 8 желтоқсан аралығында Орталық сайлау комиссиясына 22 өтініш келіп түскенін және оның үшеуі заңды тұлғалардан, біреуі БАҚ-тан және 18 өтініш жеке тұлғалардан келгенін айтты. Бұл хаттарда сайлау заңнамасын түсіндіру, сайлау процесін ұйымдастыру мәселелері бойынша ақпарат беру туралы өтініштермен қатар сайлау заңнамасы мен ОСК қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар да бар. Келіп түскен 22 өтініштің үшеуіне ОСК жауап берген, төртеуі комиссия құзыретіне кірмейтін болғандықтан, мемлекеттік органдарға жолданған, ал 15 өтініш қаралып жатыр.
Сонымен қатар ОСК-ның ағымдағы жылғы 4 желтоқсандағы №44/371 қаулысының қабылдануына байланысты байқаушылардың өкілеттіктерін іске асыру мәселелеріне қатысты қоғамдық ұйымдардан бірқатар өтініштер келіп түскен. Бұл мәселе бойынша баяндаған ОСК мүшесі Серік Сыдықов Орталық сайлау комиссиясы ұлттық байқаушыларға қатысты жаңа талаптар қоймағанын мәлімдеді.
Статистикалық деректерге сай ұлттық бақылау белсенділігінің бір жарым есе өскен. 2015 жылғы сайлауға 30 мыңға жуық байқаушы қатысса, 2019 жылы президенттік сайлауға 47 мыңға жуық байқаушы атсалысқан.
ОСК қаулысы фото, аудио және бейнежазбаны түсіруге тыйым салмайды. Ол фото және бейнежазбаны жүзеге асыру дауыс беру құпиясын және сайлаушылардың дербес деректерін қорғауды ескере отырып жүргізілуге тиіс екенін ескертетіні хабарланды. Фото, аудио, бейнетүсірілімді жүзеге асыру бойынша іс-әрекеттер байқаушыға сайлау процесінің барысын объективті бағалауға, оның ішінде азаматтық, қылмыстық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша дәлелдемелер ретінде пайдалану үшін ықтимал заң бұзушылықтарды тіркеуге мүмкіндік береді. Осылайша, түсірілген материалдар іс-әрекеттерге арнайы баға беруге уәкілетті тиісті органдар қараған кезде заң бұзушылықтардың дәлелі ретінде пайдаланылуы тиіс. Егер байқаушы фото, аудио, бейнетүсірілімді жариялауға пайдаланғысы келсе, Азаматтық кодекстің (145-бап) талаптарын сақтауы тиіс.
Сондай-ақ «БАҚ туралы» заңның 14-бабының 1-1-тармағына сәйкес БАҚ-та фото және бейнематериалдарды пайдалану үшін сайлау учаскесіндегі адамдардың келісімі талап етілмейді.
Одан бөлек заңнамада сайлау учаскелерінен бейнетрансляция жүргізу құқығы көзделмеген. «Байланыс туралы» заңның 2-бабының 61) тармақшасына сәйкес жазба (фото-, аудио және бейне-) трансляцияға (тікелей эфирге шығуға) ұқсас санат болып табылмайды. Сол себепті бұл процестерді реттеу бөлек жүргізілуі керек. Бұл жағдайда байқаушылар сайлау процесінің заңды қатысушылары болып табылады, сәйкесінше олардың қызметі сайлау туралы заңмен және басқа заңнамамен нақты реттеледі. Қызметті реттеу тек міндеттерге ғана емес, сонымен қатар өз функцияларын жүзеге асыратын байқаушының сайлау учаскесінен бейне хабар тарату құқығының болмауын қамтитын құқықтарға да қатысты. Осылайша, осы қаулыны қабылдай отырып, ОСК Қазақстан Республикасы заңдарының мүлтіксіз және дәл сақталуын басшылыққа алатынын мәлімдеді.