Хоккей • 14 Желтоқсан, 2020

Жеңісті серияны жалғастыра алмады

151 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті тур ойынын Нұр-Сұлтанның «Барысы» өз айдынында Нижний Новгородтың «Торпедосымен» өткізді.

Жеңісті серияны жалғастыра алмады

Сырттағы ойынға қарағанда, өз мұз айдынында сәтті өнер көрсететін елордалық команда «Барыс Аренада» өткізіп жүрген кейінгі ойындарының бәрін жеңіспен түйіндеп, жанкүйерлерін қуантып жүрген болатын. Өкінішке қарай, үй ойындар сериясындағы соңғы кездесуде «Торпедо» ұжымынан жеңіліп, төрт ойынға созылған жеңісті серияны жалғастыра алмады.

Жерлестеріміз алғашқы кезеңде өте сүреңсіз ойын көрсетті. Бірінші 20 минуттың орта тұсына келгенде қонақтардың шабуылшысы Сергей Гончарук мергендігімен көзге түсіп, Хенрик Карлссонды қапы қалдырды. Екінші кезеңді де «Торпедо» ойыншылары сәтті бастады. Алғаш Михаил Варнаков «Торпедоның» басымдығын нығайтса, сәл кейінірек Джастин Клус таблодағы көрсеткішті 3:0-ге жеткізді. Үш гол өткізіп алғаннан кейін ғана ес жиған айдын иелері қарқын алып, үзіліске дейін есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік алды. Айналдырған сегіз минуттың ішінде Фил Вароне қонақтар қақпасына екі рет дәл соққы жасап, есепті 3:2-ге дейін қысқартты. Алайда соңғы кезеңде «Барыстың» жеңісті жұлып алуға шамасы жетпеді.