Жиын барысында мәдениет министрі 2020 жылы атқарылған істерді қорытындылады. Сондай-ақ, мәдениет, спорт, туризм, лотерея және ойын бизнесі саласындағы заң жобаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен "Отан" орденімен "Астана опера" мемлекеттік опера және балет театрының жетекші опера солисі Майра Мұхамедқызы марапатталды.
"Парасат" ордені олимпиада даярлау орталығының директоры Мирхаят Сембековке табысталды.
"Құрмет" оденімен марапатталды:
- "Қазақконцерт" мемлекеттік концерт ұйымының аудармашысы Серікзат Дүйсенғазы,
- Өтеп атындағы дарынды балаларға арналған өнер мектеп интернатының директоры Маржан Есжанова,
- "Астана опера" мемлекеттік опера және балет театрының оркестр концертмейстері Александр Малиновский,
- Максим Горкий атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының әртісі Светлана Фортуна.
"Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды:
- "Асыл-дизайн" сән үйінің бас дизайнері Айдархан Қалиев,
- Мәдениет және спорт министрлігінің департамент директоры Жаңыл Мұхтарова,
- "Есіл" республикалық газетінің бас редакторы Есенгелді Сүйінов,
- Қазақ ұлттық хореография академиясының оқытушысы Раушан Төлегенова.
"Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерт ұйымының қазақ симфониялық ұйымының әртісі Ермек Магавинге берілді.
Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова "Құрмет" грамотасын Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы Ольга Жулдиеваға табыстады.
"Қаншама әріптесіміз, спорт, өнер майталманы керемет наградамен марапатталып жатыр. Бұл біздің қарқынды және қажырлы еңбектеріңіздің арқасы. Тәуелсіздік күні қарсаңында марапат алған әріптестерімді құттықтаймын. Бұл мемлекеттік марапаттар сіздер үшін кәсіби әрі шығармашылық жағынан өсуге стимул болады деп сенемін", - деді Райымқұлова.