Отан алдындағы антты Алматы, Қарағанды және Талдықорған қалаларынан шақырылған жүз қырыққа жуық жас сарбаз қабылдады. Санитарлық шектеулерге байланысты әскерге шақырылушылардың ата-аналары салтанатты рәсімді онлайн режимде бақылады.
- Ант қабылдаған соң әр жауынгер өзіне жоғары жауапкершілік алады. Енді сіздер Отан қорғау жолындасыздар. Біз сіздердің рух-жігерлеріңізге сенеміз. Сіздерге денсаулық, шыдамдылық, табысты қызмет тілейміз! - деді сап алдында әскери бөлім командирі, гвардия подполковнигі Жолжібек Нұрлыбеков.
Осы орайда қолдарына қару алып, әскери қызметке жаңа аяқ басқан жас сарбаздар да өз әсерлерімен бөлісті.
- Біз ата-анамыздың алыста жас жауынгер курсынан өттік, мақсаттарға ұмтылдық, батыл болуға талпындық. Жаңа достар таптық. Бір жылдан кейін шынығып, шыңдалып, үйге ораламыз, - деді 97638 әскери бөлімінің жас сарбазы Самат Бердібаев.