17 Сәуір, 2010

КЕМШІЛІККЕ КЕҢШІЛІК ЖАСАУҒА БОЛМАЙДЫ

697 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Облыста 2008 жылмен салыстырғанда ана өлімі 2 есеге көбейген Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев халық алдында есеп беріп, денсаулық сақтау саласына тоқталғанда мемлекет үшін адам денсаулығы өте қымбат қазына екеніне маңыз бере келіп, аймақ тұрғындарын туберкулез, жүрек-қан тамыры, онколо­гия аурулары алаңдатып отырғанын ашық айтқан. – Мәселе бар. Оны халықтан жасырмай айту қажет. Облыста 18526 адам өкпе ауруымен ауырады. Әрбір 57-ші адам ауру жұқтыру қаупі бар аймақта өмір сүріп отыр деуге болады. Мысалы, Қордай ауылында елуінші жыл­­дары салынған ескі өкпе ауруханасы тура мектептің ір­гесі­не орналасқан. Туберкулезбен аурудың алдын алудың пәрменді шаралары қажет. Сондай-ақ, ана мен бала өлімі алаңдатады. Облыста 2008 жылмен салыс­тырғанда, ана өлімі 2 есеге көбейген. Бұған жол беруге болмайды. Бұл – демографиялық мәселе. Сон­дық­тан бұл салаға ерекше назар аударып, дәрігерлердің жауапкер­шілігі қатаң түрде қаралады, – деген облыс басшысы денсаулық сақтау сала­сындағы кемшіліктерді жою үшін алдағы уақытта қолдан келген жағдайдың бәрін жасауға дайын екенін жеткізген. Әкім сөзін босқа шығындамапты. Есеп бергеннен кейін арада екі жарым ай өткенде, яғни күні кеше облыс­тық денсаулық сақтау басқармасының бастығы В. Овсян­никовты қызметінен босатып, оның орнына отыз жеті жастағы Жандос Нәдіров деген азаматты тағайын­дады. Жас басшы Алматыдан келді. Қазақтың мемлекет­тік медициналық университетін “дәрігер педиатр” және Қазақ ұлттық педагогикалық университетін “маркетолог” мамандықтары бойынша бітіріпті. Алма­­ты қалалық №1 балалар клиникалық аурухана­сында дәрігер-хирург, Қазақ ұлттық медицина университеті­нің хирур­гия­сы кафедра­сының ассистенті, Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің медициналық қызмет сапасын бақылау ко­митетінің Алматы қаласы бойынша бас маманы, Ал­маты қала­сындағы Денсаулық сақтау министрлігінің денсаулық сақтауды дамыту инсти­туты­ның автоматтан­дырылған бірыңғай орталығының жетекшісі, Алматы қалалық қан орталығының директоры қызметтерін атқарыпты. Еңбек өтілінен көріп отырғандарыңыздай, аз уақытта біраз белестерден өткен. Айтпағымыз да осы, “жас келсе іске” дегендей, бір миллионнан астам халқы бар өңір тұрғындарының денсаулығына жауап беретін сала басшысының кім екенін, оның қандай қызметтік жолдан өткенін халық білсін деген әңгіме. Сонымен... Өткен жылы денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бюджет шығындары 22,0 млрд. теңгені құрапты. Бұл 2008 жылғы деңгейден 32 пайызға жоғары. Оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін қамта­ма­сыз ету – 16,8 млрд. теңгеге, яғни 32,3 пайызға өскен. Сондай-ақ, өткен жылы “100 мектеп, 100 аурухана” жобасы шеңберінде құны 1,8 млрд. теңгені құрайтын 4 денсаулық сақтау нысандарының құрылысы (Төле би ауылындағы орталық аудандық аурухана, Аса ауылы мен Тараз қаласында емханалар және Тараз қаласын­дағы облыстық қан орталығы) жалғасын тапқан. Облыстық бюджет қаражаты есебінен 481,9 млн. теңгеге аудандарда ауыл тұрғындарына бірінші медици­налық-санитарлық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау нысандарының, Т.Рысқұлов атындағы ауданның Құлан ауылындағы туберкулезге қарсы диспансердің және Тараз қаласындағы облыстық онкологиялық дис­пансер үшін электр беру желісінің және трансфор­матор­лық кіші стансасының құрылысы жүзеге асыры­лып, 13 медициналық пункт және 4 дәрігерлік амбула­то­рия, туберкулезге қарсы диспансер пайдалануға енгізіліпті. Ауылдық жердегі ауруханаларда орналастырылған төсек саны 20-ға артып, облыс орталығындағы темір жол ауру­ханасында 50 төсекке мемлекеттік тапсырыс беріліпті. Облыстық ауруханада 20 төсекке арналған кардио­хи­рургия бөлімшесі ашылып, қалалық емханада амбула­ториялық хирургия орталығы ұйымдастырылған. Денсаулық сақтау нысандарын сәйкестендіру мақсатында облыстық онкологиялық диспансері сәуле диагностикасының қазіргі заманғы аппараттарымен қайта жарақтандырылып, санитарлық авиация қызметінің нығайтылуы да көңіл қуантады. Мінеки, облыста денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржының аз емес екені осы мағлұматтардан анық көрі­ніп тұр. Тіпті, жыл сайын көбейіп келе жатыр. Гәп – соны тиімді пайдалануда. Қыруар қаржының басқа мақсаттарға жұмсалып, талан-таражға ұшырамауын қадағалауда. Өйт­кені, “алмақтың да салмағы бар” дегендей, салаға бөлініп жатқан қаржының әрбір тиынының артында адам тағдыры, ана мен бала өмірі тұр. Бірақ соған қарамастан, осы саланы басқарған кейбір басшылардың халық ден­саулығына деп мемлекет бөлген қыруар қаржыны бас пай­дасына жаратып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған­дары да бар. Сонымен бірге, кейбір дәрігерлердің халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуде кемшіліктерге жол беріп отырғандары өтірік емес. Салғырттық пен салақтық та көптеп кездеседі. Бұған Тараз, Жуалы, Меркі аудан­дарындағы ауруханаларда орын алған келеңсіз жәйттер мысал бола алады. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.