Cәт сайын қарыштап дамып жатқан қазіргі заманда, оның ішінде, спортта ағылшын тілінің орны бөлек. Ағылшын тілі – олимпиадалық қозғалыстың ресми тілдерінің бірі саналады, көптеген ел жарыс өткізер кезде турнирдің ресми тілі ретінде ағылшын тілін пайдаланады. Сондықтан да Қазақстан командасы спортшыларының ағылшын тілі бойынша базалық білімге ие болғаны өте маңызды. Өйткені турнирге, төрешілер алқасының бағасына пікір білдіру үшін кез келген елде ағылшын тілінде жауап қату қажет. Сондай-ақ спорттық ортада өзара байланыс ұстау үшін де маңызды. Мұнда көп нәрсе спорттың түріне байланысты. Әрбір спорт түрінде өзіне ғана тән және бейресми терминдер көп, олардың барлығын бірдей сөздіктен таба бермейсіз. Әрине, бапкерлік қызметте де тілді білгеннің артықтығы жоқ. Одан бөлек, спортшының тұлға ретінде өсуіне ағылшын тілінің септігі көп тиеді. Ағылшын тілін білу арқылы білім саласында қосымша мүмкіндіктер пайда болып, алмасып оқу жөніндегі халықаралық бағдарламаларға жол ашылады. Ағылшын тілін жетік меңгерген атлеттер спорттық мансабын аяқтаған соң да жерде қалмайды.
Спортшыларға ағылшын тілін арнайы шақырылған лектор Джесс Бёрден үйретеді. Бёрден тәжірибелі оқытушылардың бірі, ол 15 жылдан аса уақыттан бері студенттерге кәсіби түрде білім беріп келеді. Одан бөлек, спортшыларға арнайы оқу бағдарламасы құрастырылды. Бағдарлама спортқа және спорттық мәдениетке бағытталған. Бұл бағдарлама бойынша білім алу арқылы біздің спортшылар шетелдік журналистерге сұхбат беріп, тілді қолданудың базалық қағидаларын түсінеді.
«Біз үшін ағылшын тілін үйренуге үлкен мүмкіндік беріліп отыр. ҰОК бізге оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарды ғана ұйымдастырып қоймай, әрі қарай дамуымызға да оң әсер етіп жатқаны қуантады. Ағылшын тілін үйренуді көптен бері ойлап жүр едім. Міне, енді сәті түсті. Тіл үйрену бізге қосымша мүмкіндіктер береді. Оның үстіне, әртүрлі ел спортшыларымен шүйіркелесіп, өз тәжірибеңмен бөліскен керемет деп ойлаймын. Ағылшын тілін спортшыларға арнайы жасалған бағдарлама бойынша оқып жатқанымыз да үлкен көмек. Топтағылардың бәрі мен сияқты спортшы болғандықтан, бір бірімізді жақсы түсінеміз. Курс аяқталған соң ағылшын тілін жақсы түсінемін деген ниеттемін», дейді бокстан Токио Олимпиадасы жолдамасының иегері Абылайхан Жүсіпов.
Бағдарламаға 24 спортшы қатысуда. Курс қатысушылары Қазақстан ұлттық құрама командаларынан келген 280 атлет арасынан таңдап алынды. Сондай-ақ ағылшын тілін үйрену үшін еліміздің бірінші нөмірлі спортшылары мен Қазақстан атын әлемдік аренада танытып жүрген үздіктер іріктелді.