«Барыс» хоккейшілері бұған дейін сырт айдындарда ала-құла ойнап жүр. Бірақ бұл жолы жерлестеріміз қонақтағы ойындар сериясын жеңіспен бастады. «Трактор Арена» спорт кешенінде өткен кездесудің есебін «Барыс» ойыншысы Роман Старченко ашты. Ал екінші кезеңде Никита Михайлис мергендігімен көзге түсіп, есепті еселеді. Үшінші кезең басталысымен-ақ Мэтт Фрэттин «Барыс» командасының басымдығын одан әрі нығайтып, есепті 3:0-ге жеткізген-ді.
Айдын иелерінің алғашқы голын Лоуренс Пилут соқты. Арада бір минут өткенде Линус Виделль «Барыстың» төртінші шайбасын соғып, жергілікті жанкүйерлердің жеңістен үмітін үзді. Соңғы кезеңнің орта тұсында Лукаш Седлак командасының екінші голын соққанымен, «Тракторды» жеңілістен құтқарып қала алмады. Қорытынды есеп – 4:2. Бүгінге дейін 32 кездесу өткізген «Барыстың» еншісінде 35 ұпай бар. Олар «Шығыс» конференциясында 8-орында тұр. Елордалық клуб келесі кездесуін 19 желтоқсанда Қытайдың «Куньлунь» командасымен өткізеді.