17 Сәуір, 2010

ТАЗАЛЫҚ. ТӘРТІПТІЛІК. ТҰРАҚТЫЛЫҚ. ТӨЗІМДІЛІК.

1272 рет
көрсетілді
39 мин
оқу үшін
Жапон жерін жаһанда осы төрт “Т ” тіреп тұр Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымының Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев бастаған қазақстан­дық ресми делегацияны жаһандағы, жа­пан­­да­ғы Жапонияға алып ұшқан ақсұңқар ұшақ күншығыс елінің таңғы арайында Токиоға келіп қонды. Түн ауа себездеген ақ жауын таңға таласа өрмегін жиып, адарғы­­сын тіктеген екен. Аңсап жеткенде атамыз­дай болып алдан шығатын Алатаудың бауы­рындағы аяулы Алматыдай болып қарсы алды бізді тотыдайын таранған Токио. Жүзі ұқсас, тілі басқа, түрі ұқсас тірлігі өзгешелеу жапондықтарды көргенде, неге екенін қайдам, көңіліме ақындар ағасы Әбділданың жүрекжарды жүздесуде туған жеделжыры орала кетті: Басымда менің ақ қалпақ, Оюлап шетін сырғызған. Менің де бетім жап-жалпақ, Айырмам қайсы қырғыздан, деуші еді ғой абыз ақын. Осы шумақ ойыма түскенде көңілімнің аспаны күлімсіреп сала берді. Енді тіпті өз үйім, өлең төсегімде жүргендей болып, бізден де бетер күлімсіреп тұрған жаңа таныс жапонға “конничива, охаэ годзаимас” деп әрең жаттаған екі ауыз сөзімді қайта-қайта айта беремін. Олар иіліп-бүгіліп, дәл мың жыл көрмеген құда­лары келгендей онан сайын құрақ ұша­ды. Яэи мәдениетін алғашқы таратушы бо­лып есептелетін жапондардың арғы баба­лары біздің жыл санауымыздан 300 жылдай бұрын Еуразия құрлығынан, нақтылай кет­сек, Ал­тайдан келгендігін жапон тарихы жа­ңыл­­май айтады. Сондықтан арғы құдала­ры кел­­ген­дей құрақ ұшып қарсы алған жа­пон­дардың кейбіреу­лерін құда болып, құй­рық-бауыр жесіскен қазақы тойлардың бірі­нен көрген­дей болып, қайта-қайта қара­ғыш­тап жат­­қанымды әбестік санап та жатқан жоқ­пын. Жапон архипелагы 3400 аралдан тұрады. Олардың ішінде жапон баласының әлі де аяғы тимеген аралдар да бар. Ел аумағының 70 проценттен астамы үй-жай салуға мүм­кін­­­дік бере бермейтін, жерінен бір грамм қаз­­ба байлық өндірілмейтін, “ұлы мұхит­та­ғы жел­қайықтай” деп ақындары жырлаған Жа­по­ния­ны білмейтін, қызық­пайтын, үлгі етіп айтуға ерінбейтін, оған теңессек деп қиял қумайтын ел жоқ. Жо­ғары техно­логия­лар мен өрісті инновацияны еркін меңгеріп, “прогресс атаулының бәрі осы елден шыға­ды” деген адамзаттық аксиоманы қалып­тас­тырған Жапония өзінің “кішкентай көзі­мен” үлкен дүниені барынша барлап қарайды. Қазақстан Жапонияны бұрыннан жақсы біледі. Сырттай. Тіпті кешегі арыстарымыз­дың басы Сәкен Сейфулиннен тартып, бәрін “Жапонияның тыңшысы” деп жанын күйдіріп, жазықсыз атқанын былай қой­ғанда, қазақтың әр қиырындағы ауылында қой қайырып, түйе жетектеп, жылқы тебін­деткен қара­пайым қазақтың талайы “жапон шпио­ны” деген жаламен айдалып, атылып кеткенін есіме алып, тіпті жапон елінің қай қиыр, қай медиенде екенінен мүлде бей­хабар сол ұрпақтың жазығы кімде екенін білмей, әр жапонның бетіне жалтақ-жалтақ қараймын. Ал олар бұдан мүлде бейхабар, иіліп-бүгіліп, “Кәзэхстән-Кәзэх­стән” деп бас бармағын шошайтады. Шама­сы, “бай ел, бақуатты жұрт” деп жатқаны болар. Атыңнан айналайын, Азаттық, нұр жаусын саған, сол бір сұрапыл күндер енді қайта­лана көрмесін, әйтпесе осы топтың өзі “жапон тыңшылары” деген жалған тізімді көш-құлаш етіп жібермесіне кім кепіл? Шындыққа жүгінсек, біз жапон елін көптен біледі екенбіз. Аяулы арыстарымыз осынау аса еңбекқор, шыдамды, ізденім­паз, ыждағатты, қайсар, білімпаз елді бекер үлгі тұтып, мысалға алмаған екен. Қанында бар қайсарлық пен еріншектік қатар жарысып, итжығыс түсіп жатқан тұста жапон елінің жақ­сы қасиеттерін жұрты­мыз­дың жадына және бір салсақ, ол көптік етпес деген ойда­мыз. Өйткені, бұл елмен енді біз жақсы қа­рым-қатынастамыз, алыс-берісіміз қанатын жайып келеді, соңғы жылдарда сауда-саттық саласындағы тауар айналымы 1 миллиард 78 миллион доллар­­дан асып жығылды. Екі жақ та мұны аса биік меже емес, бұдан да жоғары көрсет­кіштерге қол жеткізуге болады деп өзара байлам жасап отыр. Қазақстан делегация­сының басшысы Қанат Саудабаев Токиода болған жоғары деңгейдегі жүздесу­лердің бәрінде осы пікірді темірқазық етіп ұстан­ды. Олар да бұған ден қойып, айтылған пікірді апшымай қабылдаумен болды. Себебі, екіжақты қарым-қатынас осыған дейін қалыптасып, біздер алыс та жақын жапон елімен тонның ішкі бауындай бо­лып араласып қалғанбыз. Әңгіме Жапония туралы болғандықтан, осы жолы барған сапардың саяси-халықаралық мәнін назар­да ұстай отырып, екі мемлекет ара­сын­дағы қарым-қатынастың өмірбаянына да аз-кем шолу жасай кеткен орынды болар деген ойдамыз. Жапония 1991 жылдың 28-ші желтоқ­са­нын­да Қазақстан Республикасының тәуелсіз­дігін таныды. 1992 жылғы 26 қаң­тардан бастап екі елдің арасында дип­лома­тиялық қатынас орнады. Қазақстан-Жапо­ния саяси диалогы 1992 жылдың мамыр айында басталды, онда жапон елінің сол кездегі Премьер-министрінің орынбасары М. Ватанабэ Қазақстанға ресми сапармен келіп, қос мемлекеттің арасындағы бола­шақ қарым-қатынастың ауқымы мен айма­ғы белгіленді. 1994 жылғы 6-9 сәуірде қазақ елінің Басшысы Н.Ә.Назарбаев Жа­по­­нияға ресми мемлекеттік сапармен ба­рып, Қазақ­стан-Жапония мемлекет­тері­нің арасындағы ұзақ жылдық достық-әріп­тес­тік қарым-қатынастың жан-жақты дамуы­ның негізін қалады. Жапония сол кезде Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси ре­фор­малар мен демократиялық үрдістерді да­мытудағы Қазақстан бағытын толық мақұл­дайтынын айтып, барынша қолдау көрсетті. Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1999 жылғы 5-8 желтоқсанда­ғы Жапонияға екінші ресми сапары екі ел арасындағы терең даму мен әріптестікке жаңаша серпін берді. Онда Қазақстан мен Жапония арасындағы достық, стратегиялық әріптестік және жан-жақты қызметтестік туралы екі жақты бірлескен Мәлімдемеге қол қойылды. Осының алдында, 1997 жылғы шілдеде, Қазақстанға Жапонияның ресми делегациясын сол кездегі Парламенттің төменгі палатасының депутаты, одан кейінгі елдің Премьер-министрі болған Кейдзо Обути бастап келді. Осы сапардың нәтижесінде 24 шілдеде Жапонияның сол кездегі Премьер-министрі Ютаро Хасимото жапон жұртшылығының, экономикалық пікірлестердің – “Кэйдзай Дюкай” алдында “Еуразиялық дипломатия” туралы тұжы­рымдаманы таныстырды. Бұл тұжырымдамада жапон үкіметі Орталықазиядағы дипломатиялық саясаттың мәні мен мақсатын ашып көрсетіп, негізінен үш бағытты айқындап айтты: Біріншіден, бұл өзара сенім мен өзара түсіністік диалогын одан әрі жандандыру, екіншіден, экономи­калық және табиғи қазба байлықтарды игеру саласындағы ынтымақтастық, үшіншіден, өңірде жаппай қырып-жоятын ядролық қару-жарақты таратпау және демократия мен тұрақтылықты сақтау. Бұл үш тұжырым Қазақстан үшін аса маңызды тұжырымдар еді. Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы арайы­ның өзінде-ақ әлемдегі жойқын яд­ролық қару-жарағы бар төртінші ел болғанына қа­рамастан батыл да бетбұрысты қадам жасап, аса қуатты ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан ел. “Өз еркімен ядро­лық қару-жа­рақтан бас тартуға болмайды” деген көп­теген әрі тегеурінді ұсыныс-пікірлерге қарамастан Нұрсұлтан Назарбаев осындай сарабдал саясат ұстанды. Бұл қадамның дұрыстығын уақыт дәлелдеп шықты. Бұл қадамның дұрыстығын халқымыз осы кезеңдерде бейбіт күндері арқылы сезінді. Бұл қадамның дұрыстығын әлемдік қауымдастық жоғары бағалап, бізге ақыл мен парасатқа жүгіне алатын ел деген сеніммен қарайтын болды. Осыдан кейін ғана Жапония да, басқа мемлекеттер де Қазақстанмен арадағы әріптестік, достық қарым-қатынасқа жаңаша мән, жарқын сипат бере бастады. Мұны Елбасымыздың ертеңін алыстан көре білген, мемлекетіміздің мерейі мен мәртебесін тұғырлы да ғұмырлы етудегі қайраткерлік қадамы деп халқымыз қуаттап отыр. Еңбекқорлар отаны Жапониямен орна­ған осынау жылы шырайлы қарым-қатынас бізге көптеген салаларда үлгілі үрдістер мен үлгілі жаңалықтар әкелді. Қала салудың, қала салғанда да, жаңа заманға сай қала салудың озық әдісін меңгерген жапондар, қара жерді былай қойып, су астына қала салып жатқан ел болғандықтан, қазақ елінің жаңа аста­насының негізі Есілдің сол жағалауынан ірге тебуіне көптің көзін жеткізіп, аз ғана жыл­дың ішінде ажарлы да базарлы астананың асқақтап бой көтеруіне тікелей мұрындық болды. Әрине, Астананың бас сәулетшісі, бас жобалаушысы, бас сызбагері, бас мерді­гері, бас нақышкері Нұрсұлтан Назарбаев екенін қазір айдай әлем, жұмыр жер тегіс біліп, жап­пай танып отыр. Бірақ, бүгінгі қала салу­дың қазақстандық әдіс-тәсілі мен идео­ло­гиясы сол кезеңдегі жапон сәулет­шісінің ал­ғашқы нақыштары мен бірінші сызба­ларынан бастау алып жатқаны да шындық. “Қазатомпром” ұлттық акционерлік компаниясы мен жапонның “Сумитомо Корпорэйшн” компаниясының арасындағы меморандумға қол қою рәсімінде сөз сөй­леген Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев: “Біз қазақ елінің қазба байлықтарын алу, өндіру, өңдеу жұмыстарына шетел инвестор­ларын тарта отырып айтатынымыз, қандай ұсыныс болса да ол Қазақстан мүддесін мансұқ етпеуі керектігін айтқанды мақұл көреміз. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі асығыс жасалған келісім-шарттардың өзін қазір қайта қарап та жатқан жайымыз бар. Біз тек қана тең әріптестік пен телқоңыр ынтымақтастыққа барынша мүдделіміз” деп сөз ұштап, шалқая отырғаны әлі көз алды­мызда. Делегация басшысы және бір сөздің орайында: “Сіздер ұзақ ойланып, көп бапта­нады екенсіздер, біз айтсақ болды, атқа қона­мыз” деп тағы бір шалып өтті. Жапондық әріптестер де сөз төркінін түсініп, тек өздері­не ғана тән ибалықпен иіліп-бүгіліп, қоштай отырды. Мұның өзі Қазақстанның халық­ара­лық аренада жалтақ мінез, жасанды ибалық танытпай, айтар сөзін, жеткізер пікірін жұптай да, құптай да алатын мінезін байқат­ты. Бірақ, қай жерде де қазақы ибалық пен бүгінгі заманға сай дипломатиялық кіші­пейілділік өз арнасынан асқан емес. Елшінің елдестірмек дәстүрі естен шыға қойған жоқ. Дәстүр демекші, жапон елінің көптеген салт-дәстүрлері бізге ұқсас, тіпті кейде қазақтан бетер жерлері де бар екен. Әсіресе, ол халықтық дәстүрлерінен терең көрінеді. Бұлар да қазақ секілді балажан халық. Жапон елінде: “балаңды жеті жасқа дейін патшаңдай сыйла, он жеті жасқа дейін құлыңдай жұмса, он сегіз жаста досыңдай сырлас” деген сөз бар екенін білуші едік. Осының өзінен-ақ осы халықтың бала тәрбиелеу дәстүрі қазақ тәрбиесіне ұқсастығы көрініп жатыр. Осы сапарда бір байқалған нәрсе, Токио көшелеріндегі жарнамалар мен құлақтан­дырулар, билбордтар мен плакаттарда тек қана жапон әйелінің кескіні – әдемі суреті салынады екен. Қайда қарасаң да алдыңда жұмбақ жымиып, ұлттық киімі мен халықтық тәрбиесін сыпайылап көрсетіп тұрған жапон қыздары. Содан кейінгі екінші жиі кездесетін бейне – сәби бейнесі. Осыған қарағанда жапондар ана мен баланың бейнесін қастер­леу, құрметтеу арқылы мәңгілік өмірдің үзілмес жырын жырлап жатқандай. Тазалық пен пәктік, нәзіктік пен сыпайыгершілік, әдемі әдеп пен әсерлі иба жапон өмірінің символдық та мәні екен. Осындай көзқарас­тың нәтижесінде, Токио көшесі жылылық пен сұлулыққа барынша бай. Тарам-тарам таралған Токио көшелері пішіні жинақы үш жолдық жыр – хайку сияқты. Жапонияда болған жүздесулер, осы сапар кезінде болған ыстық ықыласты, ынтымақ­шыл кездесулер туралы журналис­ти­каның жүрдек жанрлары әбжіл қимылдап, әрекет жасап тастады. Ондағы айтылған сан алуан сөздер мен мәлімет-ақпараттарды қайталамас үшін Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі бастаған ресми делегация атқарған жұмыстарды түйіп, түйіндеп, тоқ етерін айтқан­да, бұл сапар Қазақстан үшін ғана емес, Жапония үшін де жемісті, сәтті сапар болғанын айту ләзім. Қонақ боп қысылып келіп, келген соң үй иесін де ұялтпай, көптен көріспеген, бірақ бір-бірін көптен күтіп, алыс жолға алаңдай қараған ағайынның ішкі-сыртқы жан дүниесіндегі жылу мен шуақты осы жолы бәріміз де айқын таныдық. Соған қуандық. Ай күнпарағына жүгінген ел ретінде мұнда жыл басының өзі ақпанның ортасы ауа шаң беретін көрінеді. Ұлыстың ұлы күнін қарсы алып жатқан қазақ еліне бір ұқсастықты осыдан көріп және осындай ұқсастықтарды іздеп, көре білу арқылы хал­қымыздың әркез жақсылық пен қуанышқа ұмтылған қасиетін өзгеге де тели отырып, жолымызды жақсыға жорып жатырмыз. Қала тап-таза, мұнда 365 күннің 366 күні сенбілік тә­різді. Келімді-кетімді жолаушы­ларын қос­қанда 13 миллионға жететін Токио көшесі ағыл­ған қозғалыс. Бірақ көше кептелісі жоқ. Біз мінген шағын автокөлік бір тоқтамастан ағып келеді, біздің көліктің астында айдын шалқар өзен айырымдары жарқырап көрініп, онымен жеңіл кемелер мен жүрдек катерлер жүйткіп барады, үстімізде қарсы бағытқа қарай заулаған автокөлік нөпірі, яғни автокө­лік көпірі, ал енді оның үстінде үшінші ба­ғыт­қа қарай зымырап бара жатқан автокөліктер. Қаладан 76 шақырым жерде жатқан “Нарита” аэропортынан шыққан сәттен бастап жолмен қапталдаса желген қарағайлар мен тал-дарақтар қағып-сілкіген қол орамал­дай болып заулап қалып жатты. Сәлден кейін айдын жолмен бірге аламан бәйгеге шапқан биік-биік, зымыран ғимараттар “мені де бір көріп қал” дегендей белін таянып, кес-кестеп көшеге шықты. Жапондардың өздеріндей шағын-шағын автокөліктер таңертеңгі қой өрген шақтағы қозысы жамыраған ауылдың дауысындай болып, азан-қазан шулап, анда-санда қойдай маңыраған, сиырдай мөңіреген машина сигналдары әлгі ойыңа одан сайын бекіндіріп, баяғыда Алматыға алғаш келген “Ай-паркті” көргендей етіп таңырқатып, таңдандырып келеді. Жүре берсең, көре бересің деген осы екен-ау. Менің Смағұл деген нағашым: “бала, бұл не көрмеген Смағұл, бұл сонау Гурьевті де көрген Смағұл” деп кеудесін ұрып-ұрып қоюшы еді. Тәуелсіздіктің арқасында, шүкір, талай елді де, талай қаланы да көріп келеміз, бірақ бұл жолғы әсер бәрінен де асып түсті. Тіпті ас­пан мен жердің қайсысында келе жат­қаны­­мызды білмей, “бұл пәленшең нені көрме­ген, Токионы да көрген” деп кеуде тұсы­мыз­ды қағып-қағып та жібергіміз келеді кейде. Бір-бірімен бәсекеге түсіп, бір-біріне “суми­масэн” деп сәлем жолдаған сүйрік көшелердің бірі Қазақстан делегациясын жоғары дәрежелі қонақтарды түсіретін “Империал-отельге” алып жетті. Жұмыс кес­тесі тығыз. Астанада жасалған, Мемлекеттік хатшының сан рет пысықтауы мен толықты­руынан кейін жөндемге келген жұмыс кестесі бойынша ең негізгі кездесу сол күні-ақ болды. Сол күні, жұмыс күнінің екінші жартысында, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Жапония­ның Премьер-министрі Юкио Хатоямамен кездесті. Сапар мақсаты бойынша осы елдің жаңа әкімшілігімен танысу алдағы уақытта одан әрі тереңдей түспек екі жақты стратегиялық-әріптестік қарым-қатынастың жай-күйін жан-жақты бағамдау барынша байсалды қаралып, толық түсіністік табылды. Қазақстан Басшысы Жапонияға үш рет ресми сапармен барды. Алғашқы сапарында Елбасымыз екінші дүниежүзілік соғыс салдарынан тағдыр айдап Қазақстанға келіп, қазақ даласында қайтыс болған жапон әскери тұтқындарының “Зерде кітабын” ел басшысына тапсырғаны жапондар үшін жан тебірентерлік оқиға болды. Боздақтарынан айырылып, қанды соғыстың ауыр тақсыретін тартудай тартқан жапон халқы бұл ізгі ниет, игі қадамды үлкен адамгершілік іс деп қабылдады. Осы бір шағын оқиғаның өзі жүрегі нәзік жапон жұртшылығын барынша тебірентіп, олардың қазақ еліне деген көңілдерінің аспанын ашты. Бұл Елбасымыз тарапынан жасалған ізгілік шара болатын. Осыдан кейін-ақ жапондар біздің халыққа деген кеңестік кезеңде қалыптасқан көлеңкелі ниетін көп өзгерткен болар деген ойдамыз. Жапон мен қазақ тағдырлас халықтар. Ядролық зардап тартуы жағынан. Ажал құсқан аждаһалардың зәбірі мен залымын көп көргендіктен. Атом бомбасының сұрапылын сезініп қана қоймай, бастан кешіп, ұрпағының қанына, жұртының жанына жара түскендігінен. Сондықтан да, Премьер-министр Хатоямамен болған кездесуде күні кеше, яғни сәуір айының 12-13 күндері Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке Қазақстан мен Жапония мемлекеттері бас­шы­ларының қатысуы да нақты әңгіме бол­ды. Мұнда да өзара түсіністік пен өзара сенім­ділік салтанат құрды. Қ.Саудабаев Ю.Хатояманы өзіне қолайлы мезгілде Қазақ­станға келіп қайтуға шақырған Елбасы­мыздың арнайы сәлемін де жеткізіп, ол ықыласпен қабыл алынды. Кездесуде Мем­лекеттік хатшымыз 29-шы тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялау туралы Қазақстан бастамасына жапон мемлекетінің шынайы қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Ортақ жау – опат қылар жойқын қару­дан опық жеген екі ел келер күндерде мұндай зұлматтың жер шарының кез келген нүк­тесінде орын алмауы үшін бірлесе, иық­таса күрес жүргізудің аса маңызды екеніне ерекше мән берді. Осы жолдағы қазақ елінің Басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың жігерлі де азаматтық, қайраткерлік қадамына толық құрмет пен қолдау көрсетіліп отырғаны да көңілге мақтаныш ұялатты. 1945 жылғы 6 тамызда Хиросимаға тас­тал­ған атом бомбасы адамзат тарихының жаңа парағын ашты. Адам баласы өз қолымен жасалған жойқын қарудың алдында тізе бүгіп, аса зор қорқынышқа жолықты. Сол үрей мен қорқынышты сейілтуге деген адамзат күресі әлі жалғасып келеді. Бұл орайда өз тәуелсіздігін алған қазақ елінің осы бағытта жүргізіп келе жатқан ерлікке тең еңбегін енді әлем мойындап, Қазақстанға құрметпен қарап отыр. Бұл сезім мен сенімді Жапония сапарында бәріміз де айқын таны­дық. Қазақстан делегациясының басшысы Қ.Саудабаевтың сапары сәтті болды деп республика ақпарат құралдары жарыса жазса, бұл ешқандай науқандық шара емес, шын мәнінде солай болғаны ақиқат. Ал бұл деген Қазақстанға көрсетілген ерекше ілтипат пен құрмет болды. Күні кеше елімізге ресми сапармен келіп кеткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун осынау адамзат тарихы үшін ғаламат зор мәні бар оқиғаның бас сардары Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше алғыс айтып, ризашы­лығын білдіруі жайдан-жай емес. Бұл тәуелсіз қазақ елінің қаһарман тарихы. Жапон елінің тарихын қасиетті храмдар жазғандай да әсер аласың. Токионың өзінде де тарихи храмдар баршылық. Соның ішінде жапондықтар үшін ерекше қымбат саналатын және жылдың қай мезгілі, ауа райының қандай жағдайында да адам аяғы үзілмейтін бір храм – Мэйдзи храмы. Біз де біршама нөсерлетіп жаңбыр жауып тұрғанына және кетер уақытымыздың таяп қалғанына қарамастан осында келіп, көріп, аралап, алып дарақтың айналасын көмкере қаптаған ағаш хабарландыру тақтасына ағаш қалақшаға жазылған тілек-ниетімізді ілу мүмкіндігіне ие болдық. “Қазақстаны­мыз­дың аспаны ашық болсын” деп жаздық қалақшаның ең басына. Аспанының ашық болуын шын ниетпен тілейтін екі халық болса, бірі қазақтар, бірі жапондар шығар. Жапон елінің астанасы Токиода болған күндерде өткен кездесулердің барлығы осынау бейбіт тілектің үстінде болды. Салыстырмалы түрде бұл елдегі ең жас қала. Бұрын ол Эдо деп аталған. Бұл “шығанаққа кіріп жатқан” қала деген сөз. Екі ғасыр бойы Эдо деген атпен белгілі болған, “шығыс астанасы” атанған бұл қаланың бет-бейнесін еңбекқор жапондар соңғы соғыстан кейін мүлде қайта түлетті. Эдоның тарихи белгілері тек қаланың орталық көшелері мен храмдарында қалды. Жері күндіз-түні сілкінуден бір босамайтын Жапонияда өте ауыр жер сілкінісі 1923 жылы 1 қыркүйекте болып, онда әп-сәтте 142 807 адам қаза тапқан. Осы жойқын зілзала Эдоны тарих қойнауына біржолата жіберіп, оның орнына өртеңге өскен гүлдей болып бүгінгі Токио дүниеге келді. Токиодағы алғашқы күнгі таныстық пен кездесулер қала тарихынан аз да болса сыр тартуға мүмкіндік берді. Алай­да, ресми кездесулер алдын-ала кестеленіп қойғандықтан, топтың жалпы құрамы негізгі көштен қалмауға тиіс болғандықтан, “аттың жалында, түйенің қомында” жүріп, Мұхаңның сөзімен айтқанда: “апаш-құпаш” қимылдап, асыға назар салдық. Одан кейін, екінші күні ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қ. Саудабаев Жапония парламенті Өкілдер палатасының спикері Такахиро Йокомичимен, Жапония Парла­менті жоғарғы палата спикері Сатцухи Эдамен, осы елдің Экономика, сауда және ин­дустрия министрі Масасюки Наошима­мен, Сыртқы істер министрі, өзінің әріптесі Кацуя Окадамен кездесті және сапар соңын­да Жапонияның саяси, іскер және академия­лық қайраткерлерімен, зиялы қауым өкіл­дері­мен кездесіп, олардың алдын­да қазіргі Қазақстанның саяси-қоғамдық, мәдени-экономикалық жағдайы және ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде осынау мәр­тебелі ұйымның алдында тұрған міндет­тер мен іске асырыл­мақ кезеңдер жөнінде лекция оқыды. Оқылған лекция үлкен қызығушылық тудырды. Залдағы орынға сыймаған көпшілік түреге­ліп тұрды және әр үстелге қойылған Қазақ­стан Республика­сының Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевтың жапон тіліне аударылған қос кітабын оқырмандар біздің тілмен айтқанда “пышақ үстінен” бөлісіп алып кетті. Баяндамада барлық жай қамтылды, қазақ елінің тарихы мен тағдырына қысқаша шолу жасау барысында залдағы жапондар жүзінен біздің елге деген шынайы жанашырлық пен достық пейіл айқын аңғарылып отырды. Әсіресе, “біз де ядролық зардапты сіздер секілді тартудай-ақ тартқан елміз, енді біздің бірлесіп күресер, бірігіп жүрер жолымыз ұқсас” деп Мемлекеттік хатшымыз кеңінен көсілгенде, жапондар қозғалақтап-ақ қалды. Пейілдерін білдіріп, аямай алақан ұрды, бастарын шұлғып, “рас-ау, солай ғой” деген қазақы қағиданы еске түсіріп, бастарын шұлғыды. “Мың естігеннен бір көрген артық деген қазақта сөз бар, осыны дәлделдеп мен бүгін Сіздердің орталарыңызға келдім. Мұның бәрі біздің тәуелсіздігіміздің арқасы, еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы да сара саясатының нәтижесі” деп лекцияны түйіндегенде, олар ду қол соғып, сұрақтар ағынына кезек берді. Қойылған сұрақтарына қарап, жапондықтар­дың қазақ еліне деген терең қызығушы­лы­ғын таныдық. Қойған сұрақтары да әшейін жаттанды сөздер емес, білсек, танысақ, жақындассақ деген пейілден тарап жатты. Қанат Саудабаевтың тарапынан қайтарылған жауаптар да жапон тыңдармандарынан жақсы бағасын алды, кездесу соңында олар жапырлай түрегеліп, жаңғырта қол соғып, жарқылдап шығарып салды. Жалпы, жапондар өмірде “білсем, көрсем, ашсам, байқасам” деген көзқарасты мықтап ұстанатын халық екен. “Жақсыда жаттық жоқ” дегендей жаңаны да жатсын­бай, одан қажетті мүмкіндікті табуға және қолдануға әрқашан бейім. Ізденімпаз жұрт. Осындай қасиеттерінің арқасында өзгелерден озып, жаңа заманның қалтарыс-бұлтарыс­тарын ой көзімен шолып, жаман­ның өзінен жақсылық туындатуға тырысқан ел. Аса биік технология мен озық прогрестік идеяларды күл мен қирандының астынан қазып алып, техникалық иннова­ция­лар мен жаңғырған модернизацияның Эльдародасы атанып отыр. Қызығасың, қызықтайсың. Бұлардың ғасырлардан озып кеткен көшіне қалай жетер екенбіз деп, қиялға да батасың. Қиял демекші, осыдан отыз жылдай бұрын болған бір жай есіме түскені. Кеңес одағының керегесін кең жайып, кемелденген социализм құрдық деп дүрілдеп сөйлеп, дігірлеп қимылдап тұрған кезі. Көк сандық­тың алдында көлбеп жатырмыз. Орталық теледидарда “Вокруг света” хабары жүріп жатыр. Сұхбаттасып отырған екі адам, бірі тележурналист, екінші жапон елінің бір ғалымы. Ұмытпасам, техника саласының маманы болса керек. Жапон сыпайылап, СССР-дің да дамып, өркендеп келе жатқанын, ғылымы мен техникасының да күшті екенін айтып қояды. Тележурналист ол сөздерді естіген сайын екпінін үдетіп, сұрақты бастырмалатып беріп жатыр. Арасында өзі көсіліп-көсіліп сөйлеп те кетеді. Бір кезде: “Шынын айтыңызшы, біз Жапонияға ғылыми даму жөнінен қашан қуып жетіп, басып озамыз?” дегені. Қонақ аздап тосылып қалды. “Айтсам ба, айтпасам ба?” деген екіұдай ойда отырса керек. Тілші төтеден тартып, төске шауып барады. Сол кезде жапон ғалымы: “Егер расын айтсам, ешқашан жете алмайсыздар” дегені. Хабарды келте қайырды телетілші. Осы жай ойыма түскенде мен аздап қысы­лып та қалдым. Бірақ, “үмітсіз – шайтан” дегендей, абыз атамның айтқанын есіме алып, “Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз” деп өзімді-өзім қамшылап та қойдым. Бұл елдің халықтық дәстүрге беріктігіне келтірер мысал ұшан-теңіз. Әрине, бір мақалада оны айту да оңай емес. Бірақ айтпай кетуге болмайтын бір дәстүрі, бүкіл әлемге белгілі дәстүрі Жапонияның көктемгі кезіндегі ұлы салт-дәстүрі – сакураның гүлдеу мерекесі. Ұл-қыздарын атастырып, тіпті кей отбастарында біздің ұғым бойынша бел құда, бесік құда дәстүрін ұстанатын, енші бөліп беретін, ата-анасы ұлының қолында тұартын, келін түсіргенде ұлттық дәстүрлерін толық көрсететін, ұлттық киімін киюдің маңызын қасиеттеп ұстайтын, қариясын қадірлейтін, жасын тәрбиелеуде ұлттық ұғымның ауқымында көрінетін жапондар балаларын сакура гүлдеген кезде үйлендіруді жақсы ырымға балайды. Сакураның гүлденуі олардың ұғымында табиғаттың гүлденуі, жасарып, жайнауы ғана емес, бұл өмірдің шешек атуы, жаңа күндердің басы, жарқын жақсылықтың ізашары, жүрекжарды қуаныштардың бастауы. Сондықтан да болар, жапон Парламентінің қос палатасы­ның төрағалары Йокомичи мен Эданың әп деген лебізі сакураның гүлдеуі мен Қазақстан делегациясының осы күнге орайлас келуінен өрбіді. Біз де сакурасы бұрқақ атқан Токиода жүріп, Алатауымызды сағынып, еске түсірдік. Алатаудың да шиесі шырайына шырай қосып жатқан болар. Мұнда бәрі жапондық. Салт-дәстүр де, ұстаным мен ұлағат та, тәлім мен тәрбие де. Әрине, өзге мәдениет пен өзге дәстүрді силау бар, бірақ ол жапон ұлтының ұлттық шеңбе­рінде ортақ орбитада бірге айналады. Жапон үкіметі өз кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымына табандап тұрып мәселе қойып, “бұл елде этникалық азшылық жоқ” деген қағиданы бекітіп алған. Ұсақ әлеуметтік топтар да жоқ. Тіпті Камчатка мен Курилдің байырғы халқы – айну да жапондық. Миллионнан астам корейлер де, буддизм діні бойынша тиым салынған кәсіптердің иесі – буракуминдар да жапондық. Діні бір, тіні бір, тілі бір, ділі бір. Бұра тартып, бұзық ойлап, әрі тартып, әуреге түсіп жатқан ешкім жоқ. Олардың самурайлары ұлттық мерекелер күндерінде қайқы қылышын асынып, көшеге шықса, біздегі кей әулекі топ айқыш-ұйқыш буынып, салпаңдатып қылыш тағынып, Алматының өзінде, басқа қалаларымызда талтаңдап та кеткенін кеше көзіміз көрді. Жапонның озық технологиясының құді­ретін әлем әлдеқашан мойындаған. Жапон мәдениетін әлем ежелден бағалаған. Мұның бәріне жапон елі жанкешті бейнетпен, жасампаз еңбекпен жетті. Біреу келіп жасап берген жоқ, біреу келіп салып берген жоқ. Қасында тұрып, басына қарасаң басың айналар, бажайлап қарасаң салынуын­да бір мін жоқ, қалаған кірпіштерінің ара­сына алмас өтпейтін, жымдасып, жұтынып тұрған алып ғимараттар мен сарайлар, қонақ үйлер мен кеңселер осы бір шағын денелі жандар­дың қолынан шыққанына қарап тұрып сүйсінесің. Үлкен қалалар тұрғызған кішкентай жандардың рухы биік, жігері жалын, мінезі қайсар екенін сезініп оларды одан әрі құрметтей түсесің. Әңгіменің әуелгі ізіне үңілсек, жапон еліне бұған дейін де қазақ мәдениеті мен өнерінің талай жампоздарының аяғы тиген. Бізге соның қалам ұстаған қайраткерлері жақынырақ. 1957 жылы мұнда кеңес делегациясының құрамында ұлы Мұхаң – Мұхтар Омарханұлы Әуезов келген. Талай-талай кездесулерде мұхит Мұхаң телегей теңіздей ақтарылған, Азия жұртының арғы-бергі тарихына бойлап кіріп, ойлап пікірлер айтқан. Сол кездесулерде атом бомбасының құрбаны болған жапон жұртының қайғы-қасіретін тереңнен сезіне отырып, ядролық қару-жарақтың жойқын қатыгездігі мен жосықсыз әрекеті жөнінде де көсіліп сөз сөйлеген болар-ау. Оған шүбә жоқ. Тек өзінің кіндігі кесілген атажұрт, анакүлдігі Қасқабұлақ пен Қайнардың, Шыңғыстау мен Дегелеңнің, Абыралы мен Қарауылдың бастан кешкенін, жер жарылып, аспан көшкенін айта алмаған шығар. Айтқысы келсе де. Мүмкін “келінім саған айтам, қызым сен тыңда” деген тұспалдың бүге-шігесін бәрімізден артық білетін ұлы қаламгер дейтін жерде деп те жіберген болар. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары­ның басында бұл елге қазақ сөз зергері, Еңбек ері Ғабит Мүсіреповтің жолы түс­кен. Сол сапардан кейін қазақ прозасының алтын қорына тосын болып қабылданған “Тастың әңгімесі, Көздің әңгімесі, Арқа­ның әңгімесі” деген ұғымдар енді. “Өмір жоры­ғы­ның” тұспалы социалистік реа­лизм­нің ауласынан баспалап шығып, бо­йын көрсетті. Бұл балық туралы емес, қайғы теңізінде жүзген халық туралы шығарма еді. 1971 жылы қазақтың және бір заңғар қаламгері, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев жапон елінде болды. Бұл сапардың қоры­тынды­сында қаламгер қаламынан “Тырау-тырау, тырналар” деген көркем жолсапар очеркі дүниеге келді. Мұнда Әбіш Кекіл­баев тарихы мен тағдыры ұқсас, жүзі ұқсас, жүрегі пейілдес жапон халқы­ның салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі, өмір­баяны мен ұрпақ өсірудегі аяны хақында кеңінен ой толғады. Сол айтылғандарды сараптай қарасаң, “шіркін, осындай өз алдына дербес, өз алдына түтін түтеткен, ұрпақ өсір­ген, ғылым мен білім қуған дербес ел болған қандай бақыт?” деген ой сорабы айқын көрінеді. Тізіліп ұшқан тырналар тағдырын жапон елінің бүгінімен салыс­тырып, биіктеп бара жатқан еңбекқор халықтың бейбіт аспаны бұдан да ашық болса екен деген азаматтық, қаламгерлік ойын білдіреді. Біз де осы сапарда өзімізге дейін айтылған ой-пікірлердің бәрі шынайы қазақы жүректен, адал тілектен туындап жатқанын тағы да бір қайыра айта кеткіміз келеді. Сөз орайында жүрдектеу болса да, жапон тілі мен әдебиетіне де назар аудара кеткен жөн шығар. Жапон тілі агглюти­нативті тілге жатады, оқырманды қинамай айтатын болсақ, біздің қазақ тілі сияқты түбірге жалғау мен қосымша тіркеу арқылы сөз туындайды. Сөздердің бәрі негізінен, екі буыннан тұрады. Екпіні әуенді, ырғағы өте баяу, сөз ырғағы жүзбелі. Бір қарағанда жаңылт­паш секілді оңай көрінетін жапон тілі дендеп енген сайын қиындай, күрде­ле­не береді дейді. Сөзжасам әдісі де күр­делі, мысалы тиисай – кішкентай, тииса­ку­най – үлкен, тиисакатта – кіш­кен­­тай емес. Дыбыс үндестігін қусаң тиисай деген сөз “титтей” дегендей де болып естіліп кететіндей. Мүмкін бұл Бердібек Соқпақ­баев ағамыздың кейіпкер­лерінің жапон­дарды “жұпыны”, Бразилия­ны “біраз ел, ә” дегеніндей шығар. Өзіміз­ге ұнағанын жанымызға жақын тарта­тын әдет қой бұл. Және бір байқалған нәрсе, жапондар 9 санына ерекше мән береді. Бұл күні жаңа іс бастамайды, жолға шықпайды, қонақ шақырмайды. Әрине, қазіргі жапон жастары мұны толық сақтай да бермейді, бірақ аға буын бұған мән береді екен. Біздің де елде, батыс аймақтағы ысық деген ру “үш тоғыздан сақтан” деп біз айтқан жәйттерді ескеріп отырады. Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақ­тастық Ұйымының қазақстандық төрағалы­ғының девизі төрт “Т”. Авторы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Екі тұлғаның екшеп айтқан елдік сөзіне сүйене отырып, бүгінгі жапон халқының өміріне біз де төрт “Т” байладық: Олар: Тазалық, Тәртіптілік, Тұрақтылық, Төзімділік. Бар­лық жағынан, тура мағынасында да, ауыспалы мағына­сында да. Осы төрт тұғыр біздің жұртымыз­дың да бойында бар ғой, тек соны әркімнен жұққан жаман әдеттер­ден аршып алсақ, айдай алтын, күндей күміс шашпай ма! Әрине, оған сөз бар ма?! * * * Ат басы Астанаға бұрылды. Қос құла­шын көкке жайған самұрықтың қанаты­ның астында қол бұлғап қалып бара жатқан жа­һан­дағы, жапандағы жапон еліне қайы­рыла тағы бір қарадық. Алған әсер, көрген қызық, көкейге қонған пікірлер енді әркімнің көкірегінде сыр мен жыр болып қағазға түсер. Бүгінгі жазба соның бір ұшығы. Қазақ елінің қайраткер перзенті Қанат Саудабаев бастаған делегация және бір маңызды сапардан оралып келе жатыр. Оның да көкейінде көп әсер, көшелі ой жатқанына күмән жоқ. Бұл сапарда ойға алған іс-шаралар толықтай жүзеге асты. “Біткен іске сыншы көп, бітірген ердің кемі жоқ” дейді ғой халқымыз. Ісіміз өрістеп, ізіміз ашыла бергей! Өтеген ОРАЛБАЕВ. Астана-Токио-Астана.