52 жастағы Талғат Маруаұлы – Павлодар футбол мектебінің түлегі. Спорттық карьерасында ол КСРО және Қазақстан клубтарында доп теуіп, 2003 жылы бапкерлік қызметін бастады. Сөйтіп әр жылдары Петропавлдың «Есіл-Богатырь», Павлодардың «Ақсу», «Ертіс», Оралдың «Ақжайық» футбол клубтарында жұмыс істеді. 2010 жылы «Ертіс» клубымен Қазақстан чемпионатының қола, 2012 жылы күміс жүлдегері атанды. Сондай-ақ 2015 жылы «Ақжайық» командасымен Бірінші лиганың бас жүлдесін жеңіп алған.
Талғат Байсуфинов бұған дейін де, яғни 2016-2017 жылдары ұлттық құраманы басқарып, 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысқан болатын. Осы уақыт аралығында ол 8 ойын өткізіп, екі рет жеңіске жетіп, 3 мәрте тең түскен. Үш матч жеңіліспен аяқталған. Байсуфинов ұлттық құраманы басқарған кезде Қазақстан ФИФА рейтингінде 83-орынға дейін көтерілген болатын. Келесі көктемде Қазақстан құрамасы 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирін бастайды.