Кездесу барысында ADAL партиясының экономика секторларын дамытудың жаңа идеялары, әртүрлі санаттағы азаматтарды қолдау жөніндегі ұсыныстары, көпшілікті толғандыратын өзекті проблемалар талқыланды.
Павлодар облысында бірқатар кездесу өтті. Жиындар негізінен көше бойларында және сауда орындарында ұйымдастырылды. Мәселен, Шідерті ауылында болып қайтқан Олжас Ордабаев пен Ақмарал Бекмырзаева бағдарламаның негізгі тармақтарын көрсетіп, партияның жалпы идеологиясы мен құндылықтары туралы айтып берді.
Ауыл тұрғындары болса науқастардың дәрі-дәрмекпен уақтылы қамтамасыз етілмеуі, сондай-ақ жайылымдық жердің жоқтығы сынды бірнеше мәселемен шағымданды. Олжас Ордабаев бұл мәселелер партияның бақылауына алынатынын хабарлады.
Екібастұз қаласының тұрғындары несие мәселесіне тоқталды. Ақмарал Бекмырзаева партияның проблемалық несиелерге рақымшылық жасау ұсынысы туралы айтты.
Кездесу барысында Олжас Ордабаев еліміздің әрбір тұрғыны партияның веб-сайты арқылы кез келген аймақты дамыту бойынша өз ұсыныстарын енгізуге, елді мекендердің бюджеттері туралы ақпарат алуға мүмкіндіктері бар екенін жеткізді. Жиынға келген көп балалы аналардың бірі кәсібін кеңейту жолдарын сұрады. Спикер партияның көп балалы отбасылардың пайдасына жұмыс істеп жатқандығын баса айтты. «Әрбір көп балалы әйел тек АӘК-ке сеніп қана қоймай, өз бизнесін дамыта түсуі керек, бұл үшін партияның нақты ұсыныстары бар және адамдарға кәсіпкерлік механизмдерін жүзеге асыруға көмектесуге дайын», деді Олжас Ордабаев.
Ақсу қаласының тұрғындары білім сапасын арттыру және кәсіптік бағдар беруде көмек көрсету мәселелерін көтерді. Үміткерлер сайтта студенттерге білімдерін тексеруге және университет таңдау туралы шешім қабылдауға көмектесетін қызмет бар екенін айтты.
Одан әрі кездесу Көктөбе ауылында жалғасты. Кездесулер соңында депутаттыққа кандидаттар әр азаматтың пікірі, оның өтініштері партия үшін маңызды екенін айтты. Осының арқасында міндеттер қалыптасады және оларды шешу тетіктері түзіледі.
Ал Алматы облысында депутаттыққа кандидат Ләззат Шыңғысбаева сайлаушылармен кездесті. Ол Түймебаев ауылының Ашыбұлақ ауылдық округінде шеге шығаратын зауыт жұмысшыларымен кездесіп, Өтеген батыр және Қапшағай қаласының тұрғындарымен әңгімелесті.
Ләззат Шыңғысбаева жақында іске қосылған сайт арқылы аймақтар тұрғындарының барлық мәселесінен хабардар екенін айтты. Тұрғындар елді мекендерді абаттандыру мәселелерін көтеріп, ADAL партиясының жоспарын талқылады.
Кейбір тұрғындар партияның сайлау алдындағы уәделерді ұмытып кетуі мүмкін екенін ескертті. Бірақ Л.Шыңғысбаева ADAL партиясынан депутаттыққа үміткерлердің барлығы сайлаушыларының мүддесі үшін күреседі деп жауап берді. Спикердің айтуынша, команда мықты әрі жігерлі жастардан құралған. «Әр кандидат өз саласының маманы, қоғам үшін әртүрлі үлкен, маңызды істер атқарып жүр», деді кандидат.
Шымкент қаласында да жергілікті тұрғындармен кездесу өтті. Оған ADAL партиясынан Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткерлер Мақсат Толықбай мен Алмасбек Садырбаев қатысты.
Мақсат Толықбай партия бағдарламасы туралы айтып берді. Сұрақтарға жауап бере отырып, партия бағдарламасында медицина саласы мәселелері қарастырылғанын еске салды. «Біз Парламентке өтсек те, өтпесек те үгіт-насихат кезеңі аяқталғаннан кейін министрліктермен және әкімдіктермен бірлескен жобалық кеңселер құрылады. Олар партия бағдарламасын жүзеге асыру үшін белсенді жұмыс істейтін болады», деді үміткер.
Парламент Мәжілісінің депутаттығына үміткер Ардақ Назаров білім беру бағдарламасына жаңашылдық енгізу қажеттігін еске салды. Оның айтуынша, спорт мектеп тәртібі деңгейінде тоқтамай, жоғары деңгейде дамуы керек.
Фермерлермен кездесу барысында Алмасбек Садырбаев АӨК пен бизнесті қолдау шаралары туралы айтып берді.
Партия мүшелері Тараз қаласындағы «Тараз-Ғасыр» колледжінде жастармен кездесті. Ардақ Назаров оларға өзі туралы, балалық шағы, спорттық мансабын қалай бастағаны туралы айтып берді. «Еңбекқор болу маңызды. Тек еңбек арқылы ғана табыс пен молшылыққа қол жеткізуге болады», деп атап өтті ол.
ADAL партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат партиялық бағдарламаның басымдықтары туралы да сөз етті. Аймақ жастарының тұрғын үй, спортта өзін өзі дамыту және спорттық инфрақұрылымды жақсарту туралы не ойлайтынын біле отырып, Ардақ Назаров бағдарламаның осы бағыттарға арналған тармақтары туралы егжей-тегжейі айтып берді.