Қаптаған шектеулерге қарамастан, елдегі жүйеқұраушы кәсіпорындардың жұмысын тоқтатпай, экономикалық өсімді, әлеуметтік дамуды қамтамасыз етті. Өзім еңбек ететін «Шығыс» кенішінде де сақтық шаралары қатаң бақыланып, еңбеккерлердің жауапкершілігі күшейді. Пандемия бәріміз үшін үлкен сынақ болғаны анық. Біз соны еңсеріп, заманның ағымына сай бейімделе алдық. Ұжымдық күштің қандай болатынын осы кезеңде ерекше сезіндік.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен Мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде қиындықтар мен кедергілерге қарамастан, алға ілгерілеуді жалғастырамыз деді. Бұл ретте, елімізді жаһандық дағдарыстан алып шығу үшін көп іс тындырылғанын атап өту керек. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде экономикаға қатысты теріс болжамдарды жоққа шығарып, індеттің зардабы азайды. Дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында ахуал біршама тұрақтандырылды. Жаһандық дүрбелеңге қарамастан, мемлекеттің іргесі мығым, тұғыры бекем екенін дәлелдей білдік. Осының бәрі ортақ мақсат үшін жұдырықтай жұмылып, еңбек етудің жемісі.
Әлбетте, ел үшін азаматтарымыздың денсаулығы, өмірі мен амандығы бәрінен қымбат. Осы орайда қазақстандықтар мемлекет тарапынан шынайы қолдауға ие болды. Президент атап өткендей, 4 миллионға жуық азаматтың зейнетақысы мен әлеуметтік жәрдемақыларының көлемі ұлғайды. Әлеуметтік сақтандыру төлемдері орташа есеппен 50 пайызға көтерілді. Аз қамтылған отбасылардағы 500 мыңнан аса бала үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгізілді. Күрделі жағдайға тап болған адамдарға 42 500 теңге көлемінде тікелей төлемдер жасалды. 4,5 миллионнан аса азамат мемлекеттен қаржылық көмек алды. Несиелер бойынша ұсынылған төлемдерді кейінге шегеру шамамен 1 миллион 900 мың қазақстандықтың дефолтқа ұшырауына жол бермеді. Мұның бәрі үлкен көмек. Халық мемлекет қолдауын толықтай сезіне алды.
Әрине, ел іші қиын жағдайға тап болған шақта, «Қазақстанның Еңбек Ері» атандым деп қуануым қисынсыз. Десе де, еңбегімізді елеп-ескерген мемлекетімізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. «Шығыс» кеніші құрылған сәттен бастап, табан аудармай жұмыс істеп келемін. Бұл марапат – соның өтеуі, ұжымның ортақ жетістігі. Дәл мен жұмыс істейтін «Шығыс» кенішінен осыдан бес жыл бұрын алғашқы Еңбек Ері шыққан еді. Сол бақыт енді бізге бұйырыпты. Біздің еңбек жолымыз көпшілікке, әсіресе өскелең ұрпаққа үлгі болса екен. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Мұрат ҚАЙЫРГЕЛДИН,
Қазақстанның Еңбек Ері
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы