Аймақтар • 16 Желтоқсан, 2020

Алматыда жаңа сауда-өндірістік орталық ашылды

263 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда тәуелсіздік мерекесіне орай «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында сауда-өндірістік орталығы ашылды. Орталық Әуезов ауданында орналасқан.

Алматыда жаңа сауда-өндірістік орталық ашылды

Қала әкімдігі ұсынған ақпарат бойынша, нысан құрылысына жалпы көлемі 1,5 млрд теңге инвестиция салынса, соның 700 миллионы «Бизнестің жол картасы» арқылы бөлінген. Нәтижесінде 435 жұмыс орны құрылыпты. Сауда орталығында отандық және шетелдік өндірушілердің нан-тоқаш өнімдері, бакалея өнімдері, жемістер, көкөністер, ет, балық және өзге де тауарлардың кең ассортименті ұсынылмақ.

– Мұнда жергілікті өндіріс тауарларын: фермерлік және ауыл шаруашылығы, көкөністер, жемістер және басқа да өнімдерді сатумен айналысамыз. Сонымен қатар Еуропада өндірілген тауарлар да біздің сөремізден табылады. Арнайы зертхана тауарларды ГМО-ға тексерумен айналысады және сертификаттарға қарайды, – дейді «Керуен» сауда-өндірістік орталығының басшысы Ерлан Сұлтанов.

Орталықтың басқарушы директоры Берік Абылқановтың айтуынша, орталықта жалға алушылардың көпшілігі өз өнімдерін қолайлы бағамен ұсына алады.

– Бүгінгі таңда бізде барлық жалға беру орындары бос емес. Осы аптада сауда-өндірістік орталығымызды толығымен іске қосуды жоспарлап отырмыз. Мұнда ыңғайлы сауда үшін барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ сөрелерімізге тікелей тауар өндірушілердің өнімдері қойылады. Тұрғындар үшін бұл баға мен сапа жағынан да тиімді, – деді ол.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, қалада пандемияға қарамастан бизнесті қолдау шаралары белсенді түрде көрсетілуде. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша барлығы 77,6 мың жаңа жұмыс орны, оның ішінде 36,9 мың тұрақты жұмыс орны құрылған. Кәсіпкерлік субъектілерімен 29,8 мың жұмыс орны ашылса, мемлекеттік бағдарламалар аясында 47,8 мың жұмыс орны құрылды.

Жалпы аумағы 7264 шаршы метр болатын нысанда 234 сауда орны орналасқан. Орталық Жетісу-4 ықшам ауданында, 32 үй мекен-жайында тұр. 

 

АЛМАТЫ