Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин жеке өзінің және ҚХР Үкіметі мен халқының атынан Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Тәуелсіздігінің 29 жылдығымен құттықтады.
– Өткен жылдың қыркүйек айындағы Сіздің Қытайға жасаған мемлекеттік сапарыңыз барысында қытай-қазақ қатынастарына мәңгілік, жан-жақты стратегиялық серіктестік мәртебесін беруге екіжақты келісім жасадық. Бұл екіжақты ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтеді. Мен Қытай-Қазақстан қатынастарын дамытуға баса мән беремін. Сонымен қатар екі елдің игілігі үшін бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы аясында жаңа жетістіктерге қол жеткізуге, өзара қолдауды нығайтуға және стратегияларды тереңдете отырып ұштастыруға Өзіңізбен бірлесіп күш салуға дайынмын, – делінген ҚХР Төрағасының жеделхатында. Сөз соңында Си Цзиньпин достас Қазақстанның қуаты артып, өсіп-өркендеуіне, ал халқына бақ-береке тілеген.
Жапония императоры Нарухито өзінің құттықтау хатында Қасым-Жомарт Тоқаевқа құт-береке, Қазақстан халқының өсіп-өне беруіне тілектестік білдірген.
Сауд Арабия Королі Салман бен Абдельазиз Әл Сауд және Сауд Арабиясы Корольдігінің Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Әл Сауд Қазақстанның одан әрі дамып, гүлденуін тілеген.
Ұлыбритания Патшайымы ІІ Елизавета Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
– Жоғары Мәртебелі Президент мырза, сіздердің ұлттық мерекелеріңізге орай жүрекжарды құттықтауымды қабыл алыңыз. Сондай-ақ осындай қиын-қыстау кезеңде Қазақстан халқына бар жақсылықты тілеймін, – делінген жеделхатта.
Мереке қарсаңында Қазақстан Президентінің атына Испания Королі Фелипе, Бельгия Королі Филипп, Марокко Королі VI Мұхаммед, Қатар Мемлекетінің Әмірі Тамим бен Хамад Әл Тәни, Оман Сұлтаны Хайсам Бен Тариқ, Камбоджа Королі Нородом Сиамони құттықтау хаттарын жолдады.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев жеке өзінің және өзбек халқының атынан Қасым-Жомарт Тоқаев пен қазақстандықтарды ұлттық мерекемен құттықтады.
– Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру және еліңіздің халықаралық аренадағы беделін одан әрі нығайту жолындағы жетістіктеріңізге тату көршілеріңіз ретінде ерекше қуанамыз. Әсіресе жаһандық пандемия жағдайында еліңіздің экономикалық дамуын қамтамасыз етуге және оның салдарын жоюға байланысты қабылдаған тиімді шараларыңызға тәнтіміз. Соңғы жылдары екі ел арасындағы өзара тиімді және ұзақ мерзімді қатынастарды нығайтуға бағытталған бірлескен іс-қимылдардың жанданғанын, сондай-ақ оның жаңа деңгейге көтерілгенін ерекше атап өткім келеді, – делінген Өзбекстан Президентінің жеделхатында.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Тәуелсіздік күніне орай өзінің жүрекжарды құттықтауын жіберді.
– Біз екі халық арасындағы берік, тарихи байланыстарды жоғары бағалаймыз. Өзара күш жұмылдыра отырып, тәжік-қазақ стратегиялық серіктестігін дәйекті, қарқынды дамыта аламыз деп сенемін, – делінген құттықтау хатта.
Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов жеке өзінің және түрікмен халқының атынан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Қазақстанның өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдірді.
Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевты және Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, табыс тілеген.
– Ортақ тарихи, мәдени және бауырластық тамырымыз байланыстыратын Қазақстанмен арадағы стратегиялық серіктестік деңгейіндегі қарым-қатынастардың жаңа салаларда да түрленіп, байи түскеніне қуаныштымыз. Қолайлы күні Қазақстанға сапармен барып, Өзіңізбен бірге Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің отырысына қатысуға бейілді екенімді білдіремін, – делінген жеделхатта.
Иран Президенті Хасан Рухани өзінің құттықтауында екі ел арасындағы қарым-қатынастардың күшейгенін, сондай-ақ, өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға әлеуетіміздің зор екенін жеткізген.
Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай құттықтау жеделхаттарын Моңғолия Президенті Халтмаагийн Баттулга, Үндістан Президенті Рам Нат Ковинд жолдады.
Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Ин мерекемен құттықтап: «Әртүрлі саладағы ынтымақтастықтың арқасында екі ел арасындағы достық байланыстар қарқынды дамып келеді. Қазақстанға былтыр жасаған сапарым екіжақты қатынастардың дамуына тың серпін берді. COVID-19 пандемиясына байланысты ахуал тұрақтанғаннан кейін Сіздің Корея Республикасына жасайтын сапарыңыз екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетіп, дамытуға мүмкіндік береді деп үміттенемін», деген құттықтау хатын жолдаған.
Украина Президенті Владимир Зеленский Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
– Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Республикасы Украинаның Орталық Азиядағы сенімді серігіне айналды. Тәуелсіз мемлекеттеріміз арасындағы екіжақты ықпалдастық өзара сенімге және елдеріміздің егемендігі мен жеріміздің бүтіндігін сақтауға негізделіп, одан әрі дами береді деп санаймын, – делінген жеделхатта.
Сонымен қатар Қазақстан Тәуелсіздігінің 29 жылдығына орай Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Грузия Президенті Саломе Зурабишвили, Мажарстан Президенті Янош Адер, Италия Президенті Серджо Маттарелла, Швейцария Президенті Симонетта Соммаруга, Польша Президенті Анджей Дуда, Финляндия Президенті Саули Ниинистё, Сербия Президенті Александр Вучич, Израиль Президенті Реувен Ривлин, Литва Президенті Гитанас Науседа, Хорватия Президенті Зоран Миланович, Болгария Президенті Румен Радев, Молдова Президенті Игорь Додон, Мальта Президенті Джордж Велла, Сан-Мариноның Капитан-регенттері Алессандро Карделли мен Мирко Долчини, Куба Президенті Мигель Диас-Канель Бермудес, Египет Президенті Абдель Фаттах Ас-Сиси, Палестина Президенті Махмуд Аббас, Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Матамела Сирил Рамапоза, Тунис Президенті Каис Саид, Сьерра-Леоне Президенті Джулиус Маада Био, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Владимир Норов, Ұжымдық қауіпсіздік шарты туралы ұйымның Бас хатшысы Станислав Зась, Ислам ынтымақтастығы ұйымының Бас хатшысы Юсеф әл-Осеймин, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Хади Сулейманпур, БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Наталья Герман, Еуразиялық даму банкінің Басқарма төрағасы Николай Подгузов, ExxonMobil Global Projects Company Президенті Нил Даффин, Eni компаниясының Бас атқарушы директоры Клаудио Дескальци, Ресей Федерациясы Бірлескен ядролық зерттеулер институтының директоры Виктор Матвеев, Эстонияның Қазақстандағы елшісі Хейти Мяемеэс, Пенза облысының губернаторы Иван Белозерцев, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин өздерінің құттықтау хаттарын жолдады.
Франция Президенті Эмманюэль Макрон елімізді Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Қазақстанның өсіп-өркендей беруін тілеген.
– Биылғы жыл біздің елдеріміздің бір-біріне жақындай түсуімен ерекшеленді. Мен бұған өте ризамын. Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы Кеңейтілген ынтымақтастық және серіктестік туралы келісім 2020 жылдың 1 наурызынан бастап өз күшіне енді, – деп жазады Франция Президенті. Сондай-ақ ол Қазақстанның биыл өлім жазасын жоюды көздейтін Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық Пактінің екінші факультативті хаттамасына қол қойғанын, экономика саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жол картасы бойынша жаңа жобалар пандемияның кесірінен кейінге шегерілгенімен, оның іске асырылуына қатысты жұмыстар жалғасып жатқанын атап өткен. Сонымен қатар Эмманюэль Макрон өз құттықтау хатында Нұр-Сұлтан қаласында француз білім беру мекемесін ашуға байланысты жобада ілгерілеу бар екенін жазған.
Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев те Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жүрекжарды тілегін жолдады.
– Қазақстан Республикасының мемлекеттілігін нығайтып және халқының әл-ауқатын жақсартып, әлеуметтік-экономикалық, мәдениет салалары бойынша дамуы, сондай-ақ еліңіздің халықаралық аренада абыройының артуы бізді қуантады. Біздің бірлескен күш-жігеріміздің арқасында Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастық өрістеп, біздің стратегиялық әріптестігіміз моральдық құндылықтары мен дәстүрі ортақ халқымыздың еркіне сәйкес одан әрі дами береді деп сенемін, – делінген құттықтау хатта.
Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко өзінің құттықтау хатында егемендік жылдары Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық салалар бойынша айтарлықтай дамығанын, халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалғанын атап өткен.
– Беларусь Қазақстанмен арадағы жылдан-жылға нығайып, жетілдіріліп, жаңа мазмұнға ие болып келе жатқан берік серіктестік байланыстарды шын мәнінде жоғары бағалайды. Мемлекеттеріміз арасында қалыптасқан өзара сенім, қолдау мен ашықтық қазіргі заманғы күрделі сын-қатерлерге бірге қарсы тұруға, беларусь-қазақ халықтарының игілігі жолындағы көпжақты және тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік беретініне сенімдімін, – делінген Александр Лукашенконың хатында.
Армения Президенті Армен Саркисян Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жолдаған құттықтау хатында Мемлекет басшысының қызметіне табыс, Қазақстан халқына бейбітшілік, бақ-береке тілей отырып: «Армения Республикасы мен Қазақстан Республикасының арасындағы өзара сенім мен қолдауға негізделген ынтымақтастықтың екі халықтың игілігі үшін одан әрі дами беретініне нық сенімдімін», деп жазған.
Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезден бері халықаралық аренадағы орнын табысты нығайтып, саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларда айтарлықтай жетістікке жеткенін айтқан.
– Армения мен Қазақстанның достық қатынастары екі халықтың мүддесі үшін екіжақты форматта да, халықаралық ұйымдар мен интеграциялық бірлестіктер аясында да одан әрі дами береді деп сенемін, – делінген жеделхатта.
Сонымен қатар Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқын ТМД Атқару комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев, Ресей Федерациясы Сыртқы барлау қызметінің директоры Сергей Нарышкин құттықтап, бақ-береке тілеген.
Латвия Президенті Эгилс Левитс өз құттықтау хатында елдеріміз арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың достық және сындарлы сипатын атап өткен.
– Ригада Қазақстан елшілігінің ашылуы екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатындағы маңызды қадам болды. Латвия мен Қазақстан арасындағы өзара іс-қимылды екіжақты ынтымақтастық шеңберінде, Еуропалық одақ пен Орталық Азиядағы келісім бойынша, сондай-ақ БҰҰ мен басқа да көпжақты құрылымдар аясында кеңейте береміз деп сенемін, – делінген жеделхатта.
Эстония Президенті Керсти Кальюлайд қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, екі ел ортасындағы ынтымақтастық өзара табысты салалар бойынша одан әрі дами береді деп үміттенетінін жеткізген.
Румыния Президенті Клаус Вернер Йоханнис өз құттықтау хатында Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына денсаулық, бейбітшілік пен амандық тілеген.
– Мен Румынияның 2003 жылы Астанада қол қойылған Серіктестік және ынтымақтастық туралы декларация негізінде біздің елдеріміз арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға ниетті екенін нақтылаймын, – делінген жеделхатта.
Кипр Республикасының Президенті Никос Анастасиадис Қасым-Жомарт Тоқаевты және Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
– Қазақстан COVID-19 пандемиясынан туындаған бұрын-соңды болмаған жаһандық қиындықтарға қарамастан, Өзіңіз бастамашы болған реформалар жолын одан әрі жалғастыра беретініне нық сенімдімін, – деп жазған Н.Анастасидис.