Қай халықтың да, қай мемлекеттің де негізгі мерекесі – ұлттық Тәуелсіздік күні. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы мерекеге орай ел азаматтарын марапаттау рәсімінде тәуелсіздіктен кейінгі тарихи оқиғаларға тоқталып өтті.
Президент айтқандай, Тәуелсіздік жылдарында елімізде атқарылған жұмыс өте көп. Олардың барлығы ел тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Әсіресе, елдігіміз сыналған сәттерде халқымыздың бірлік пен ынтымақты ту етіп, жұмыла еңбек еткенін ерекше атап өтуге болады.
Тәуелсіздігіміздің 29 жылын тарих еншісіне қалдырып, еліміз егемендігінің отызыншы жылын бастағалы отырмыз. Осы аралықта іргелі елге айналып, мемлекеттілігіміз орнықты. Заман талабына сай мемлекет құрдық, оның тиімді басқару аппаратын қалыптастырдық. Осы жұмыстардың басында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрды. Енді бұл жұмысты Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып, елімізді алға бастап келеді. Еліміздің алдында тұрған міндеттер өте ауқымды. Оларды ел-жұрт болып еңсеруіміз керек.
Президент айтып өткендей, халық тұрмысын жақсарту, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, әлжуаз топтарға көмек көрсету жұмыстары алдағы уақытта жүйелі түрде жүзеге асатын болады. Еліміздің алдында мақсатты бағдар тұр. Ал сол мақсатқа жету үшін бейбіт күн керек, халқымыз бір адамдай жұмылып еңбек етуі керек.
Қазіргі таңда әлемді жайлаған пандемияға қарсы күрес – күн тәртібінде тұрған басты мәселелердің бірі болып отыр. Осы тұрғыдан айтсақ, мемлекет пен қоғам бірлесе жұмыс істеп, қиындықты еңсеріп келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйымдастыруымен індетке қарсы күрес жұмыстары күн өткен сайын жанданып, халықты дәрі-дәрмекпен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету ісі бір жүйеге түсті.
Осы арада айта кетейін, дәрігерлер мен құқық қорғау саласы қызметкерлерінің атқарған жұмыстары ұшан-теңіз. Олар бастарын өлімге тіге жүріп, халық үшін қызмет етуде. Басқаларды құтқарамын деп өмірін қиғандар да жетерлік. Соңғы жылдары елімізде пандемиядан бөлек қиын-қыстау жағдай көп болды. Арыстағы жарылыс, Мақтааралдағы су тасқыны кезінде Мемлекет басшысы сабырмен тиянақты, жан-жақты жұмыстар жүргізе білді. Соның барлығы өзінің оң нәтижесін берді.
Осы ретте бай тәжірибесімен, түйгенімен еліміздің ардагерлері де игі істерге атсалысып келеді. Ел ардагерлері баға жетпес байлық. Олардың тәжірибесі қашанда қажет. Қазіргі қиын-қыстау кезеңде халықты сабырға шақырып, білгенімен бөлісіп, көмек көрсетуде, ертеңге үмітпен қарауға үндеуде. Қоғам бірлігі – баға жетпес байлық. Алдағы күндерге үмітіміз зор.
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор,
«Ардагерлер ұйымы» Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары