Пікір • 20 Желтоқсан, 2020

Әлеуметтің әлеуеті күшейеді

183 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазір еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басып жатыр. Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты миссиясы әлеуметтік әділеттілік және халықтың әл-ауқатын арттыру болып отыр. Мемлекет басшысы бұл ойын Тәуелсіздік күні қарсаңында сөйлеген сөзінде тағы бір нақтылап айтып, іс жүзінде қолға алынып жатқан ілкімді жұмыстарға тоқталды. Яғни әлеуметтік мәселелердің оң шешілуімен қоғамдағы әділеттілік сипатталады. Мұның бәрі Президент әуелден басты ұстанымы деп санайтын әділдіктің қағидаттарына сая­ды.

Әлеуметтің әлеуеті күшейеді

Бәлекет індет ел басына зор қауіп-қатерін төндірген кезең бәріміз үшін үлкен сынақ болды. Осынау қысылтаяң шақта елдігіміз бен бірлігіміздің сыналғаны анық. Мемлекет тарапынан көптеген іс-шара жүзеге асырылып, жұмысы тұралап қалған азаматтардан бастап аз қамтылған отбасыларға дейін жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетілді.

Індет қос бүйірден қысқан күрделі кезеңге қарамай, үлкен іс атқарылды. Осы орайда Қазақстанның 8 облысында ашылған оңалту орталықтарын ерекше атап өтер едім. Бұл игі іс Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қамқорлық» бастамасының аясында жүзеге асты. Аталған іс-шаралар «Бибі-Ана» қайырымдылық қорының бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатқан мәселелерінің де шешілуіне ықпал етті. Мұндай орталықтар мүгедек балаларды дамытуға үлкен септігін тигізеді. Сондықтан оңалту орталықтарының ашыл­ғанына қуанып қалған аналар қауымы бізге хабарласып, алғысын жет­кізуімізді сұрап жатыр.

Биыл біз бауырмалдығымыздың, бір­лігіміздің айғағындай болған көптеген қайырымды істің куәсі болдық. Өзіміз де елге деген жанашырлықпен, қамқорлықпен біршама іске қолғабыс еттік. Қазір Ақтөбе облысы Шалқар ауданында оңалту орталығын ашуға атсалысып жатырмыз. Менің анам «Жақсылықты әуелі адал еңбегіңмен отбасыңа жасауға тырыс. Отбасыңнан ауыссаң көршіңе, ауылыңа жаса, әрі қарай деңгейің жетсе, еліңе жаса» деп айтып отыратын еді.

Қайырымды қоғам – әділетті қоғам. Әділдіктің салтанат құрғаны қоғамдық тұрақтылыққа негіз болады. Ал тұрақтылық бұл біздің қастерлі Тәуелсіздігіміздің баянды болуы дер едім. Қазақстанның үлкен өзгерістерге бет бұрғанына қуанамыз. Ел экономикасы ілгері жылжып, әлеуметтің әл-ауқаты жақсарып, бастамалардың бәрі оңынан жүзеге аса берсін, Тәуелсіздігіміз жасай берсін!

 

Бибігүл ИМАНҒАЗИНА,

«Бибі-Ана» қайырымдылық қорының президенті