Егемен Қазақстан • 20 Желтоқсан, 2020

Атырауда «Егеменнің» ардагері тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

2007 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» газетінің Атырау облысындағы меншікті тілшісі қызметін ұзақ жыл атқарған қаламгердің бірі – Қазақстанның Құрметті журналисі Қазихан Қабдел. Жақында бас басылымда он бес жылға жуық жұмыс істеген танымал қаламгер тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды Egemen.kz

Атырауда «Егеменнің» ардагері тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

Қаламы жүйрік журналист Қазихан Қабделдің қаламгерлік, қайраткерлік қыры ел газетінде жарқырай көрінді. «Егеменнің» тілшісі болған 1986-2000 жылдары өңірдің әлеуметтік-экономикалық проблемасын жете зерттеп, оқырманды елең еткізетін тұщымды мақалалар жазды. Әр саладағы жылт еткен жаңалықты жедел жеткізіп отырды. Әсіресе фельетон жанрына көбірек қалам тербеп, бюджет қаржысын, қоғам мүлкін талан-таражға салушыларды сын садағына ілді.

«Қазихан Қабдел – ешкімге бүйрегі бұра тартпайтын, әділдікті жақтайтын қаламгер. Ешкімнің ала жібін аттамады. Онымен облыстық «Атырау» газетінде де, облыстық партия комитетінде де әріптес болдық. Кейін облыстық филармонияны басқаруға жіберілді. Бұл лауазымды мінсіз атқарып, газет редакциясына қайта оралды. «Егеменнің» меншікті тілшісі болып, өңірдің қордаланған мәселелеріне Үкімет басшыларының назарын аударған мақалалар жазды. Ол көзінің тірісінде қаламын қолынан тастамады. Көмек сұрап келген оқырманның мұңын мұңдады, жоғын жоқтады. Бейнелеп айтқанда, журналистік кәсібіне адалдығынан айныған жоқ» деп еске алды әріптесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Айтқали Нұрғалиев.

Бас басылымнан зейнеткерлікке шыққан Қазихан Қабдел 2011 жылы өмірден озған еді.