Қазір Жолдауда жүктелген маңызды міндеттің бірі ретінде жер-жерде балаларды қосымша біліммен қамту үшін жағдай жасалып жатыр. Шығармашылық ордасы іспеттес жаңа Оқушылар сарайының бой көтергені, мәдениет, спорт және басқа да салалардағы үйірмелер мен секциялар ашылғаны сияқты жаңалықтарға қанығып, қуанып қаламыз. Енді осындай игіліктерге ауыл балалары да барынша қол жеткізсе екен деген тілегіміздің бар екенін жасырмаймыз. Өйткені өзіміздің ауылда мәдениет үйі, клубтары, спорт алаңдары жоқтың қасы. Біздің ауылда балалар мен мұғалімдердің ғана емес, жалпы тұрғындардың басын қосатын бірден-бір нысан – мектеп. Сондықтан біз көтеретін мәселелердің дені мектептің төңірегінде болады.
«Заманына сай адамы» дегендей, қазіргі балалардың қызығушылығын ойнаған ойынынан, көретін дүниелерінен аңғаруға болады. Бүлдіршіндердің «Темір адам», «Трансформер» сияқты темір-терсекке сана бітірген фильмдерді көріп, сондағы кейіпкерлерге еліктейтінін байқап жүрміз. Ал өнер-білім бар жұрттар еліктеп қана қоймай, қиялдағысын шынға айналдырып, небір интеллектуалды роботтарды құрастыруды игеріп жатыр. Қазір біздің елімізде осы көшке ілесу үшін оның негізін қалау үшін мектептерде роботтехника үйірмелері ұйымдастырылып жатыр. Үлкен қалаларда осы үйірмеге арнаулы сыныптар ашылып жатқанынан хабардармыз. Осы ретте ауыл мектептері де STEM зертханаларымен қамтылса, біздің оқушыларымыз да робот құрастырып, дрон ұшыруға, 3D принтерді меңгеруге талпынар еді. Сонда таланттың бәрі шығатын ауылдан болашақ технократтар да өсіп шығады.
Сөзіміздің басында айтқандай, қосымша білім – қолайлы орта. Белгілі бір салаға бейімі бар, қызығушылығы ортақ, көзқарасы ұқсас балалар бір топқа жиналып, танымын арттырып, идея алмасып, шығармашылық дағдысын дамытады. Бұл үшін балалар үйірмелерді, факультатив сабақтарды өз қалауы бойынша таңдайды. Бір өкініштісі, ауыл мектептерінде көбіне баланың қалауына мән беріле бермейді. Факультатив сабақтар баланың таңдауы бойынша емес, сағаты аз мұғалімдерге қарай бөлінетінін жоққа шығара алмаймыз. Яғни мектепте сағаты жетпеген мұғалімдердің сағатын факультативтер есебінен толтырылатын жағдайлар бар. Нәтижесінде, ізгілікті пәндердің факультатив сабағы басым болып жатады. Соның салдарынан балалар өздері қалаған қосымша сабағына қатыса алмайды, ал өтуі керек қаламаған факультативтерге дұрыс қатыспайды. Қосымша білім берудің өз деңгейінде өткізілмеуінің бір мәселесі осы дер едім.
Осы уақытқа дейін баса назар аударылып, ескеріле қоймаған қосымша білім беру жұмысын жақсылап қолға алатын уақыт келді. Қосымша білімнің адам капиталын дамытуға да үлес қосатыны сөзсіз. Ал адам капиталы – кемел келешегіміздің кепілі. Сондықтан білім беру саласын жетілдіру үшін барлық кем-кетігімізді жоюға немкеттілік танытпауыз керек.
Күлзина САТБАЕВА,
«Аманкелді» жалпы орта мектебі оқу ісінің меңгерушісі
Түркістан облысы,
Кентау қаласы,
Нұртас ауылы