Әлем • 21 Желтоқсан, 2020

Мереке қарсаңында қауіп күшейді

148 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Коронавирус пен пандемия тақырыбы жиі жазылғанымен, оның адамзатқа төндірер қаупі сейілмей тұр. Жыл басынан бері асыға күткен вакцина да дайын болды. Алайда оған жаппай қол жеткіземіз дегенше әлі де қауіпсіздік шараларына мән берген жөн. Өйткені Батыс елдерінде вирус қайта бой көтере бастады.

Мереке қарсаңында қауіп күшейді

Көп елде желтоқсан  айы отбасылық мейрамдарға толы. Бұл айда барлығы қаладан қалаға, елден елге саяхаттап, жақындарымен кездесуге асығады. Ел үкіметтері мен денсаулық сақтау саласының өкілдері осыған байланысты дабыл қағады. Мәселен, Италия Рож­дество қарсаңындағы демалыс күндеріне жартылай локдаун жариялады. Елдің премьер-министрі Джузеппе Конте бұл шектеуді енгізу оңай болмағанын айта келе, отбасылар мен жақындардың жиыны вирустың таралуын қайта өршітуі мүмкін деген алаңдаушылық білдірді. Бұл қадам Ломбардия, Венето және Лацио өңірлерінде вирус жұқтырғандар саны­ның қайта өсуіне байланысты жасалып отыр. Есте болса, дәл осы Италия Еуропа елдерінің ішінде вирустан ең көп зардап шеккен ел саналады. Вирустан қайтыс болғандар саны бойынша да кәрі құрлықта алда тұр. Қабылданған шешім негізінде 21 желтоқсаннан 6 қаңтарға дейін мереке және демалыс күндері қоз­ға­лысқа қатаң шектеу қойылады. Ал қо­наққа екі адамнан артық баруға болмайды.

Еуропаның басқа елдері де демалысқа орай қатаң шаралар қарастырған. Мәсе­лен, Нидерланд бес апталық локдаун енгізсе, өткен аптада Германия елдегі COVID-19 жұқтырғандардың өсуін тоқтату үшін карантин шараларын 19 қаңтарға дейін күшейткен. Ал Аустрия Рождестводан кейін бірден үшінші локдаун енгізетінін мәлімдеді.

Көршілес өзге елдер қатаң шаралар қолданғанда Швеция әу басында коронавируспен күрестің басқа жолын таңдағаны белгілі. Тұрғындарға маска тағу, барлар мен ресторандардың жұмысын шектеу секілді қарапайым болып көрінген қауіпсіздік шаралары енгізілмеді. Сол себепті де Швецияның вируспен күрес стратегиясы көп сынға қалған-ды. Ел билігі осыған дейін ер­кін болып келген қауіпсіздік шараларын енді қатаңдатуды көздеп отыр. Тұрғындарға алғаш рет қоғамдық көлікте маска тағу керек­тігі айтылды. Премьер-министр Стефан Левен мейрамханада бірге тамақтана­тын адамдардың санын екі есе азайту және алкоголь сатуға коменданттық сағат енгізу сияқты басқа да шектеулер алдағы уақытта күшіне енетінін айтты. Бұрын сегіз адам бірге тамақтана алатын болса, қазір олардың саны төртке дейін қысқарады және кешкі 8-ден кейін алкоголь сатуға тыйым салынбақ. Сауда орталықтары мен фитнес залдарда да өзгерістер болады. Жоғары сынып оқушылары 24 қаңтарға дейін қашықтан оқиды. Мұның барлығы мейрам қарсаңындағы қарбаласты болдырмаудың амалдары болар. Өйткені Батыс елдері үшін Рождество қарсаңы дүкенге ең көп баратын және саяхаттауға арналған уақыт десе болады.

Еуропадағы жағдайды қиындатқан тағы бір оқиға Брюссель саммитіне қатыс­қан көшбасшылардың бірі – Франция президенті Эммануэль Макрон­ның коронавирус жұқтырғаны болды. Алғашында саясаткердің індетті нақ­ты қайда жұқтырғаны белгілі болма­ғаны­мен, осы ірі шараға назар бірден ауды. Еуропалық Одақ өкілдері іс-шара­ны ұйымдастыру барысында барлық қауіп­сіздік шаралары орындалғанын айта­ды. Алайда Макронмен кездескен барлық көшбасшылар мен саясаткер­лер оқшауланып, бақылауға алынған. Бір күннен кейін жиынға қатысқан тағы бір көшбасшының – Словакия премьер-министрі Игорь Матовичтің індет жұқтырғаны белгілі болды. Жалпы, осыған дейін вирус жұқтырған басшылар қатарында Армения премьер-министрі, Беларусь президенті, Болгария премьер-министрі, Хорватия премьер-министрі, Монако князі, Польша президенті мен Ұлыбританияның премьер-министрі болған.

Мереке қарсаңында қатаң шараға көшкен елдер қатарында Ұлыбритания да бар. Денсаулық сақтау өкілдерін Анг­лияның оңтүстік-шығысында тез таралып жатқан коронавирустың жаңа қарқыны алаңдатып отыр. Ұлыбританияның Ден­саулық сақтау министрі Мэтт Ханкок алғаш рет коронавирустың мутацияланған түрі Лондон мен Англияның оңтүстік-шы­ғысында әлдеқайда жылдам таралып жат­қанын айтқан еді. Борис Джонсоннан бастап ел үкіметі бұл қауіпті бірден қапер­ге алды. Алайда жаңа вирус туралы ғылыми не өзге де дәлелдер жоқ. Еуро­паның алдындағы қазіргі міндет – мереке күндерін аман-есен өткізу болып отыр.