Қоғам • 21 Желтоқсан, 2020

Елді жастар көркейтеді

314 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік – ата-бабамыздың аңсаған асыл мұраты, Жаратқанның сыйы. Тәуелсіздікке жету қандай маңызды болса, оны сақтап қалу да соғұрлым ерік-жігерді қажет етеді. Ел жастары мұны жете түсінуі керек.

Елді жастар көркейтеді

Тәуелсіздік мерекесіне орай азаматтарды марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаев алдағы төртінші он жылдықта бізді жаңа міндеттер күтіп тұрғанына, елімізді ілгері дамытып, әрбір азаматтың лайықты тұрмысын қамтамасыз ету қажеттігіне тоқталды. «Оны жүзеге асырудың басты жолы – тиімді басқару жүйесі», деп атап көрсетті Президент.

Бәріміз білетіндей, мемлекеттік қызмет саласын жаңғыртуға соңғы жылдары көп күш жұмсалды. Салаға жастарды көп тартып, оларға әлеуметтік лифт, мүмкіндіктер ұсынылды. Ел ертеңіне бей-жай қарамайтын азаматтарымыз жаңа қызметтеріне білек сыбана кірісті.

Мұны да Тәуелсіздікті сақтауға, нығайтуға қосылған үлес деп білемін. Өйткені қазіргідей ой жарыстыратын заманда жастар бар күш-жігері мен білімін, тәжірибесін ел игілігіне жұмсау арқылы Қазақстанның өркендеуіне өз үлестерін қоса алады.

Сонымен қатар Президент «Біз бүгінгі таңда ұлттың басты стратегиялық ресурсы адам капиталының сапасы екенін білеміз. Білім, идеялар мен технологиялар прогрестің түпкі қозғаушысы болып отыр. Сондықтан біз Білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа мемлекеттік бағдарламасын іске қостық. Ол осы негізгі бағыттарға арналған шығыстарды ІЖӨ-нің 7%-на дейін көтеруді қарастырады», деді. Бұл да ел жастары үшін жағымды жаңалық. Өйткені ғылым мен білімі дамыған елдің ертеңі айқын. Ал осындай ынталандыруды көрген сайын  жастардың жаңаны оқып-білуге ниеті де  арта түседі.

Қазіргі кезде дамимын, білімімді көтеремін, өрісімді кеңейтемін деген адам­ға барлық жағдай жасалған. Тек ерінбей еңбек етіп, талаптану керек. Әр адам өзі үшін оқу арқылы еліне пайдалы бола алады. Қазақстанның Студенттер альянсы да талапты жастарды қолдауға әрдайым әзір. Біз талантты жастардың ортасын қалып­тас­тырғымыз келеді. Тәуелсіздіктің тұғырлы болуы талантты жастардың қолында.

 

Ілияс ТҮСТІКБАЕВ,

Қазақстан Студенттер

альянсының төрағасы