Руханият • 21 Желтоқсан, 2020

Талантты суретші, талапты ұстаз

2077 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әйгілі суретші, әлемдік бейнелеу өнеріне кубизм бағытын әкелген қылқалам шебері Пабло Пикассо: «Суретші көргенін емес, сезінгенін бейнелейді» деген екен. Осындай талантты жастың бірі – Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылы «Балалар өнер мектебінің» ұстазы, суретші Еркебұлан Жәкішев.

Талантты суретші, талапты ұстаз

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін бейнелеу өнері және графика мамандығымен тәмамдаған жас азамат дәл қазір шәкірт тәрбиелеумен қатар, шығармашылық жұмыспен айналысып жүр. Суретшінің ой-қиялынан туған картиналары әртүрлі тақырыпты қамтиды. Атап айтқанда, натюрморт, портрет, пей­заж, сонымен бірге тірі жан иелерін бей­нелейтін анималистік бағыт пен белгілі бір тарихи оқиғаларға арналған көркем туын­дылар жазуда.

Қылқалам шеберінің негізі ерекшелігі – оның еңбектерінің бояуы қанық, ком­позицияға бай, сонымен қоса адамның жан дүниесіндегі рухани толқыныспен үндестік табатын нәзік сезімге құрылған, ортаны түйсіну, сезіну арқылы жараты­лысқа басқаша көзбен қарайтын өнер иесі. Оның еңбектерімен танысқан танымал суретші Қоңыр Мұқамәдиев «бұл жігіт бейнелеу өнеріндегі креативті идеясы бар талантты суретшілердің бірі» деген екен.

Еуразия дизайнерлер одағының мү­шесі Е.Жәкішевтің көптеген кар­тина­сы Өскемен қаласындағы өнер мұра­жайы мен Семейдегі Невзоровтар мұра­жайларында сақтаулы тұрса, атқарған еңбегі үшін облыстың «Үздік педагогы» атанумен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен байқаудың жүлдегері атанғаны бар.

Суретші-ұстаздың шәкірттері 2018 жылы өткен халықаралық «Golden Stars» таланттылар фестиваліне қатысып, үздік­тер қатарынан көрінсе, Еркебұлан Мәуіт­ханұлы дүниежүзілік бейнелеу өнеріне қосқан үлесі үшін арнайы мара­патқа қол жеткізіпті. Сол сияқты, екі жыл бұрын «Ал­тай – Қазақстан жауһары» атты рес­пуб­ликалық пленэрдің үздік сертификат иесі атанған.

– Жоғарыдағы шаралар өлкенің сурет өнерін өркендетіп, шалғай ауданда таланттар шоғырын қалыптастыруға үлкен әсер етті. Сонымен бірге ұлттық рухани не­гізге толы этнографиялық этюдтерді бей­нелеудің қыр-сырын үйрендік, – дейді ұс­таз-суретші.

Қазіргі таңда талантты суретші, талапты ұстаз жасөспірімдерге сурет өнерінің қыр-сырын үйретумен бірге, жас талант­тарды ұштау үшін тынымсыз еңбек етуде. Оның шәкірттері жасаған «Менің елім – тәуелсіз Қазақстан», «Елбасы мәр­те­бесі – ел мәртебесі», «Ата-баба мұра­ла­рын сақтаймыз және көбейтеміз», «Эко­­логия планетасы» тақырыбындағы еңбектері жасөспірімдер арасында өткен республикалық, облыстық көрмелердің жүлдесін алып жүр.