Аймақтар • 21 Желтоқсан, 2020

Ақтөбе облысында орман шаруашылығына жаңа техникалар жеткізілді

540 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының бірнеше орман шаруашылығы мекемелері жаңа техникамен толықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтөбе облысында орман шаруашылығына жаңа техникалар жеткізілді

Ақтөбе қаласы, Әйтеке би, Шалқар, Мәртөк, Темір, Ойыл, Қобда аудандарындағы орман шаруашылығы мекемелеріне жергілікті бюджеттен бөлінген 212 миллион теңгеге 6 трактор, жерді тереңдетіп жыртатын арнаулы техника, көшет отырғызуға арналған 14 соқа сатып алынды.

Өңір басшысы  Оңдасын Оразалин  орман шаруашылығы мекемелеріне техника кілттерін  табыстау кезінде елді мекендердің іргесін құм басуды тоқтату жұмыстарын жандандыру қажеттігін айтты. Өйткені, соңғы жылдары  табиғат жанашырлары  Байғанин, Шалқар, Ырғыз, Әйтеке би, Темір аудандарының көптеген елді мекендерін құм басып бара жатқаны жөнінде дабыл қағып, оны  тоқтату үшін шөл және шөлейт аймақтарда тобылғы мен жыңғыл көшеттерін көптеп отырғызу қажеттігін ескертіп жүр. Жас өскіндер жерсініп кеткенше жақсылап күтіп-бапталғанда ғана елді мекендердің жаппай құм басуын едәуір тежеуге болады, дейді олар.

Жасыл белдеу аймағын құру жобасы бойынша келесі жылдан бастап облыс аумағындағы орман шаруашылығы мекемелерінің иелігіндегі қараусыз қалған тоғайлар қайта  жаңартылып, 2690 га алқапқа жасыл желек отырғызылады. Мұнымен бір кезде  елді мекендерде 1 млн  түп ағаш көшеттері егіледі. Жаппай көгалдандыру жұмыстарын қол күшімен  атқару қиын болғандықтан, 2021 жылы  жергілікті бюджет есебінен қосымша 1,4 тонналық 21 трактор, 4 сорғылаушы, 9 ағаш отырғызатын арнаулы техника сатып алу жоспарланған.

ақтөбе

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында  орман шаруашылығы қорының жалпы ауданы 215 814 гектарды құрағанымен, оның  50 362 гектарында ғана тоғай өскен. Осыдан көрініп тұрғандай, өңірдегі орман қорының төрт есе азайып кетуіне орман шаруашылығы мекемелерінің аты бар да, заты жоқ құрылымға айналып, ағаштарды қору, екпелерді күтіп-баптау жұмыстарының қадағаланбауы себеп болды. Оның үстіне, Ақтөбе қаласы мен аудандарында  ағаштар аяусыз кесіліп, егілген жас көшеттер қурап жатса да, осы кезге дейін ешбір құзырлы мекеме жауап берген емес.

Облыстың табиғат қорғау мекемелері Экология министрлігімен бірлесе отырып, Ақтөбе облысы аумағында 2021-2025 жылдары  30,7 мың га алқапқа 60,1 миллион түп  жас көшет отырғызуды жоспарға енгізді.

Кезең-кезең бойынша іске асырылатын  жасыл белдеу жобасына сәйкес, 2021 жылы – 1086 га, 2022 жылы –7333,1 га, 2023 жылы –7142,2 га, 2024 жылы – 6558,6 га, 2025 жылы –8624,3 гектар жерге құрғақ климатқа төзімді ағаш  пен бұта түрлері  отырғызылып, жасыл желек  кәсіби орманшылардың қолымен күтіп-бапталатын болады.