Қоғам • 22 Желтоқсан, 2020

Елордада 400-ден астам бала Аяз ата үйіне барады

595 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордалық еріктілер ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Аяз ата үйінде» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада 400-ден астам бала Аяз ата үйіне барады

Елордада Dobro.qz еріктілер ұйымы мен елорда әкімдігінің әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының ұйымдастыруымен «Аяз ата үйінде» атты жаңа жылдық қайырымдылық мерекесі өтіп жатыр.

Іс-шараға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан және ерекше қажеттіліктері бар балалар қатысады.

«Іс-шара «30 игі іс» акциясы аясында өткізілуде. Dobro.qz қоғамдық қорының бастамасын Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия қолдады. Балаларға арналған арнайы сыйлықтарымыз да бар. Іс-шара барлық санитарлық нормаларға сәйкес өткізіліп жатыр», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Мөлдір Бөлебаева.

Акцияға барлығы 312 отбасынан 400-ден астам ерекше қажеттіліктері бар балалар қатысады. Сондай-ақ мерекеге ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 100 бала, көп балалы 112 бала және аз қамтылған отбасылардың 30 баласы қатысады.

«Карантин талаптарын және барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, 10-15 балаға дейін қатыса алады. Күн сайын біз 80-100 балаға сыйлық береміз. Іс-шара аяқталғаннан кейін кейбір балалар тіпті үйіне қайтқысы келмей, шырша жанында отырып алады. Ерекше қажеттіліктері бар баланы тәрбиелеп отырған ана ретінде мен балалардың қаншалықты бақытты екенін көргеніме өте қуаныштымын. Олардың шынайы күлкілерін көргенде өзімді бақытты сезінемін. Өзгелерге қаншалықты көп көмектессем, соғұрлым баламның сауығып кететініне сенімдімін. Еріктілерге алғысымды білдіргім келеді, өйткені олар орасан зор еңбек етуде», - дейді Dobro.qz еріктілер ұйымының мүшесі Ботагөз Шынықұлова.

«Мереке балаларға өте ұнайды. Еріктілер мен ұйымдастырушыларға үлкен рахмет. Мен бұл шара туралы «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қоры арқылы білдім», - дейді үш баланың анасы Айым Сағындық.

18 желтоқсанда басталған қайырымдылық шарасы 26 желтоқсанға дейін жалғасады.