– Алғашында ол мең тәрізді кішкентай еді, бара-бара ұлғайып өсе бастады. Дәрігерлер «түйіннің түсі мен мөлшерін бақылап жүріңіздер» деген. Ісік өздігінен тарап кетер деген үмітіміз болды, алайда ол өсе берді, өскен сайын қатты қорықтық, – дейді Далиданың анасы Әсел. Ол ісіктің табиғатын тану үшін қаншама талдама тапсырып, дәрігер жағалап жүрген күндердің артта қалғанына шүкіршілік айтады. – Қайтерімізді білмей «Ана мен бала» ұлттық орталығына да бардық, бірақ ондағы мамандар да нақты шешімге келе алмады. Қап-қатты болып, талаурап тұрған ісікке қараудың өзі жүрекке қорқыныш ұялатты.
Ал Далиданы №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына алып келгенде мұндағы мамандар ісікті тез арада алып тастау үшін операция жасау туралы шешім қабылдайды. Алайда оның қиын және қаупі жоғары екені бірден ескертілді.
«Балада тамырлы ісік (желке аймағының кавернозды гемангиомасы) еді. Операцияға дейінгі дайындықтан кейін балаға шұғыл түрде операция жасалды. Гемангиома алынды. Зақымданудың айтарлықтай үлкен қатерінен хирургиялық қан кете ме деген қаупіміз жоғары болды. Бірақ біз оны қиындықсыз алып тастадық. Барлығы жақсы өтті», дейді жалпы хирургия бөлімінің меңгерушісі Ирек Мингазов.
Қазір Далиданың жағдайы жақсы, желкесіндегі күдірейген ісіксіз емін-еркін өсіп келеді. Бұрын ойнауға да, ұйықтауға да, киім киюге де қиындық тудыратын ісік алынып тасталған Далида қазір құлдыраңдап жүр. Ал оның туысқандары болса құлыншақты ісіктен құтқарған барша медицина қызметкеріне өздерінің шексіз алғысын білдіреді.