Руханият • 24 Желтоқсан, 2020

Баубек ердің ет табағы

872 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жезқазғанның тарихи-архео­логиялық музейінде публицист, ақын, жазушы Баубек Бұлқышев пайдаланған ет табақ (астау) сақ­таулы тұр. «Бұл жәдігер көркем­дік тұрғыда шебер жасалмаса да, оның тарихи құндылығы, тәрбиелік мәні өте зор», дейді аталған музейдің директоры Раушан Қапарова.

Баубек ердің ет табағы

Ағаштан ойып жасалған бұл ыдыс тарихи тұлғаның жақын туысы  Әнес Сағымбаевтың қолында 1981 жылға дейін болыпты. Ал осы жылдың қараша айында ол кісі жақсыдан қалған жәдігерді өз қолымен әкеліп мұражайға тапсырды.

Баубек Бұлқышев – Ұлытау өңірінің ұланы. Алматы сауда-қаржы техникумында оқи жүріп, шығармашылықпен ай­налысқан. Өлеңдері баспасөз бет­терін­де жиі жарияланып тұрды. «Бала­лық шақ» поэмасы, «Ауылдан Алма­тыға» атты әңгімесі жарыққа шықты. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеттерінде еңбек еткен.

Ұлы Отан соғысындағы қанды шай­қастарға алғашқы күндерден бас­тап қатысып, ерліктің жарқын үлгісін көрсетті. Жалынды көсемсөз шебері, ержүрек жа­уын­гер Мәскеуді қорғау, Украинаны азат ету шайқастарының бел ортасында болған. Соғыс кезінде жазған шығармаларының басым көпшілігі «Комсомольская правда» газетінде жарияланып тұрды. Есіл ер 1944 жылдың бас кезінде қаза тапқан.

Ұлы Отан соғысында батырлығымен ғана емес, жалынды публицист ретінде көзге түскен  Баубек Бұлқышевтің «Өмір мен өлім», «Шығыс ұлына хат», «Заман біздікі», «Жауыздық пен махаббат» атты шығармалары қан майданның ортасында жүр­ген жауынгерлерге мықты рух берген, олардың жігерін жанып, намысын оятқан.