Аймақтар • 24 Желтоқсан, 2020

Алматыда бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы шықты

360 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мереке күндері қосымша шектеу шараларын енгізу туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы шықты

Қаулыға сәйкес, балабақшалар мен мектептерде кезекші топтардың жұмысы тоқтатылады. Сауда орталықтары Жаңа жылға дейін және демалыс күндері түнгі сағат 23:00-ге дейін істейді. Ал азық-түлік және басқа тауар сататын базарлар кешкі 17:00-де жабылады.

Мейрамханалар мен дәмханалар түнгі сағат 22:00-ге дейін ашық болады. Ал сауда орталықтарында орналасқан қоғамдық тамақтану орындары 23:00-де жабылады. Бірақ ұжымдық жиындарға рұқсат берілмейді. 

25 желтоқсан - 5 қаңтар аралығында барлық мекемелер мен ұйымдарда жаңа жылдық ойын-сауық шараларына, аниматорларды үйге шақыру бойынша агенттіктердің жұмысына тыйым салынады.

Ал демалыс үйлері, шипажайлар, курорттар мен туристік базалар жұмыс істей береді. Мұндай жағдайда ПТР-тест теріс нәтижесі бар анықтама болуы керек.

Ал караоке, бильярд, түнгі және ойын клубтары, букмекерлік кеңселер, лотоклубтар, фудкорттар, балалардық спорттық алаңдары, атракциондар, батуттар мен корттар сол қалпында жабық болады.

Айта кетейік, өткен бір тәуліктің ішінде Алматыда коронавирус жұқтырғандардың саны артты. Кешеден бері 90 адамдан COVID-19 анықталды. Жыл басынан бері коронавирустық инфекцияның 17 790 жағдайы, сондай-ақ тамыз айынан бастап пневмонияның 1349 жағдайы тіркелді.

Соңғы жаңалықтар