Коронавирус • 24 Желтоқсан, 2020

COVID-19-дың жаңа қауіптері: түрленген штаммдар

307 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен аптада Ұлыбританияда COVID-19 вирусының жаңа штаммы анықталуымен дүние дүбіліп жатқанда, осы елден оның тағы бір түрі табылды. Бұл жолы оны Оңтүстік Африка елінен келді деген болжам айтылуда, деп хабарлайды Egemen.kz

COVID-19-дың жаңа қауіптері: түрленген штаммдар

Біріккен корольдіктің Денсаулық сақтау басшысы Мэтт Хэнкоктың мәлімдеуіне қарағанда коронавирустың бұл жаңа штаммы екі азаматтан табылған және ол аралға сырттан, Оңтүстік Африкадан келген. Ол екеуі де қазір британдық дәрігерлердің жіті бақылауында деген министр Оңтүстік Африкадан елге әзірге адам кіргізілмейтінін жеткізген. Аралға тек  Біріккен корльдіктің өз азаматтары мен осы елге тұруға рұқсаты бар адамдар ғана қайтып кіре алады. Соңғы екі аптаның жүзінде ол елге барып қайтқан немесе сол жақтан келген азамат болса,  тез арада өздерін оқшаулау қажеттігі тапсырылған. Министрдің айтуынша «Портон-Даундағы» зертхана жаңа штамды зерттеп, оның алғашқы қортындылары шыққанға дейін үкімет осындай қадамдар жасауды дұрыс деп санайды.

Пандемия онсыз да әлемді уысында ұстап тұрған уақытта бұрынғыдан да жылдамырақ жұғатын вирустың жаңа штаммы деген хабар кәрі құрлық жұртын алаңдатып тастады. Іле-шала Еуропа мемлекеттері «есік-терезелерін қымтап, етек-жеңдерін жиып» дегендей Ұлыбританияға барыс-келістердің тоқтайтынын айта бастағанда Франция президенті Эммануэль Макрон Германия канцлері Ангела Меркельмен және Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйенмен, Еурокеңес төрағасы Шарль Мишельмен телефон арқылы сөйлесіп, ЕО аумағы бойынша Ұлыбританиямен арадағы барлық жолаушы, жүк тасымалдарын уақытша тоқтата тұруда мүше-елдердің барлығына бірдей ортақ қимыл жасау жайында ақылдасты. Қазіргі уақытта Ұлыбритаиямен әуе қатынасын тоқтатпаған ЕО ға мүше ел жоқ, тіпті сонау алыстағы Үндістан, Канада, Түркия, Аргентина, Иранмен қатар Ресей де уақытша әуе байланысын үзді. Осылайша 35 мемлекет жаңа штамм шыққан тұманды Альбионға аяқ баспай отыр.

Кәрі құрлықтағы жаңа штаммның хабары басылмай жатып Малайзиядан да жайсыз ақпарат тарады. Елдің Денсаулық сақтау министрі Нұр Хишам Абдулла сәрсенбі күні Сабах штатынан алынған 60 талдамадан COVID-19-дың жаңа модификациясы табылғанын, оны A701V деп таңбалап отырғанды жеткізді.

Ал Оңтүстік Африкадан Еуропаға жеткен штаммға  B1.351  немесе  501Y.V2 деген атау берілген, ол алғаш рет Нельсон Мандела атындағы шығанақта жүргізілген талдама барысында қазан айында анықталған екен. Қазіргі кезеңде британдық ғалымдармен қатар Оңтүстік Африка елінің ғалымдары да вирус түрінің қаншалықты жылдам тарауы мен оның өту барысы жайында зерттеулер жүргізуде.

Әзірге жаңа штаммдар туралы кесіп-пішіп ой айтуға болмайды, олардың вакцинаға қатысты да қандай әрекеті болатыны белгісіз дейді зерттеушілер. Бірақ бір айтарлығы, вирус жылдамырақ жұққанымен оның ауырлығы бұрынғылардан бәсеңдеу тәрізді. Жаңа штамм түрінен көз жұму фактілері тіркелмеген.