Аймақтар • 25 Желтоқсан, 2020

Ер Мәліктің есімі берілді

311 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің 30 сәуір күнгі №83 санында «Ер Мәліктің есімі институтқа берілсе, елдіктің белгісі болар еді» деген мақала жарияланған болатын.

Ер Мәліктің есімі берілді

Онда Кеңес Одағының Ба­тыры, академик-жазушы Мәлік Ғабдуллин есімі Ұлы Жеңіс­тің 75 жылдығына орай Қазақ­стан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағ­дай­лар комитетінің Көкшетау техникалық институтына беріл­се, ежелден ерлікті мұрат тұта­тын Алаш баласы үшін ақ түйе­нің қарны жарылар еді деген базына айтылған болатын. Шын мәнінде бұл мәселе соңғы үш жылдан бері сағыздай созылып келген еді.

Мақала газет бетінде жарық көргеннен кейін Қазақ­стан Рес­публикасы Парла­мен­ті Мәжі­лісінің депутаты Кә­рі­бай Мұ­сырман Ішкі істер ми­нистрі Ерлан Тұрғым­баевқа де­пу­таттық сауал жол­дап, мә­се­ленің орынды көтеріліп отыр­­ғандығын айтып, қол­да­ған болатын. Таяуда Көк­шеге сү­йінші хабар жетті. Қазақ­стан Республикасы Үкіме­тінің жанындағы республи­калық ономастикалық комиссия­сы­ның биылғы 4 желтоқ­сандағы шешімінің қорытын­дысы туралы ақпарат техника­лық инс­титутқа жолданыпты. Онда «Қазақстан Респуб­ликасы Тө­тенше жағдайлар минис­тр­лі­гінің Көкшетау техникалық инс­титуты» республикалық мем­лекеттік мекемесіне Мәлік Ғаб­дуллиннің есімі берілсін делінген.

Қуанышты хабарды есті­ген көкшетаулықтар бір жел­пініп қалды. Батыр есімі кейін­гі ұрпақты ерлікке баулып, ел­дікке ұйытып, білімге ба­ғыттап, өміршең өнеге болатын болды.

– Институтқа халқымыздың аяулы перзенті Кеңес Одағының Батыры, запастағы гвардия пол­ковнигі, КСРО Ғылым ака­де­­мия­сының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәлік Ғабдул­линнің есімі берілуі ең алдымен елдік­тің белгісі болды, – дейді инс­титут басшысы, азаматтық қор­ғаныс полков­нигі Сырым Шәріп­ханов. – Гуманизм мен азамат­тықтың әдемі үлгісіндей болған қазақ халқының көрнекті ұлы үш мәрте КСРО Жоғар­ғы Ке­ңе­сінің депута­ты болып сайланған, педагог­тер­дің тәлімгері атанған мемле­кет­тік қай­рат­кер. Біздің инсти­тут түлектері Батыр атын­дағы оқу орнының абыройын ас­қақтатпақ. Осы мәселе көптен бері шешімін таппай келе жатыр еді. Қиын түйіннің шеші­луіне атсалысқан ел газеті – «Еге­менге» мың да бір рахмет!

Сөз қадірі бөз қадірінен арзандап кеткен заманда аға газеттің айтқан уәжі ескеріліп, халықтың көкейінде жүрген соқталы мәселенің оңынан шешілгені қандай жақсы!

 

Ақмола облысы