Елорда • 25 Желтоқсан, 2020

Тұрақсыз әлемдегі тұрақты мемлекет

757 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада белгілі сарапшылар еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі биылғы айтулы оқиғаларды қорытындылап, халық назарын аударған мәселелерді талқылады.

Тұрақсыз әлемдегі тұрақты мемлекет

Еуразиялық интеграция институ­тының ұйымдастыруымен өткен іс-ша­раға жиналған отандық ғалымдар мен сарапшылар дүние жүзіне ауырт­па­лығымен келген күрделі жылда бол­ған басты оқиғаларды сараптады. Жиын модераторы саясаттанушы, саяси ғылымдар кандидаты Ерлан Саиров тұрақсыз әлемдегі тұрақтылықты сақ­таудың алғышарттарын айта келе, елі­міздің қоғамдық-саяси өміріндегі бас­ты оқиғаларға биліктің берген жауа­бы мен әрекетіне толығырақ тоқ­талды. Талқылау саяси бағыттың сабақ­тас­тығы, саяси, экономикалық, әлеу­мет­тік реформаларды жүргізу, тиімді дағ­да­рыстық менеджмент, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенім радиусын кеңейту секілді бағыттарда өрбіді.

«Президенттің 2020 жылғы күн тәр­тібіндегі негізгі бағыттардың бірі – дағдарысқа қарсы саясат пен да­мудың жаңа жағдайларына бейім­де­лудің бір бөлігі болып табылатын ре­фор­малар болды. Ұлттық қо­ғам­дық сенім кеңесі құрылып, сая­си рефор­малардың бірінші пакеті дайындалды. «Халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» құруға, әділеттілік пен тең мүмкін­дік­тер қағидаттарын ілгері­летуге және бекітуге бағытталған еліміз­дегі демо­кратиялық өзгерістерге тың серпін беретін реформалардың жаңа пакеті дайындалуда», деп атап өтті Е.Саиров.

Белгілі сарапшы Ғалым Байтұқ биылғы жылдың айтулы оқиғаларға толы болғанын ескере келе, сайлау мәселесіне ерекше тоқталды. Ол елде өткен праймериз кезінде саяси сахнада бұрын белгілі болмаған, белсенді азаматтардың пайда болғанын үлкен жетістікке теңеді. Оның айтуынша, бұл сайлау науқанын қыздыра түседі және дарынды, білікті мамандардың ел алдына шығып, өз күштерін сынауына таптырмас мүмкіндік. Одан бөлек Ғ.Байтұқ Қазақстанда волонтерлер қозғалысының жаңа серпін алып одан әрі дамуын, қоғамда игі ісімен көпке үлгі болар тұлғалардың қатары көбейгенін де жетістікке теңеді. 

Саясаттанушы Бауыржан Төле­генов биылғы жылдың басты қиын­дық­тарын атап өтті. «Биыл ел билігі бетпе-бет келген сын-тегеуріндер көп болды. Олардың қатарына мұнай бағасының тарихи төмендеуін, коронавирус пандемиясы мен оның салдарынан туындаған экономикалық дағдарысты жатқызуға болады. Қазақстан билігі ең алдымен халықтың денсаулығын қор­ғау, экономикалық және әлеуметтік тұрақ­­тылықты қамтамасыз ету бағы­тын­­да дағдарысқа қарсы жедел жос­пар құруға баса назар аударды», деді маман.

Саяси кеңесші Дина Айкенова мемлекет пен билік арасындағы кері байланысты орнату мен оның нәтижелерін сараптады. Оның айтуынша, 2020 жылдың негізгі бағыттарының бірі – мемлекет пен биліктің қоғамдық сауалдарға ден қоюы болды. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы халықпен кері байланыс орнату, пікірлер плюра­лизміне жағдай жасау арқылы қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенім радиусын кеңейтуге бағытталған «ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жырымдамасын іске асыруды жалғас­тырды. Сарапшы азаматтардың құқы­ғын қорғау мен жеке адамға қарсы жазаларды қатаңдату бағытында үлкен жұмыс жүргізілгенін баса айтты.

Іс-шараға қатысқан қоғам қайрат­кер­лері, сарапшылар мен ғалымдар билік пен қоғам үшін түрлі сынаққа толы жылда елде болған басты оқи­ғаларды түйіндей келе, жоғалтқа­нымызды түгендеп қана қоймай, атқарылған игі істер мен ұзақ мерзімде нәтиже берер ұтымды шешімдердің көптігіне бірауыздан келісті.