– Волонтерлер төтенше жағдай кезінде дәрі-дәрмектен басқа, мұқтаж адамдарға қажетті азық-түлікті жеткізуге көмектесті. Қауіпсіздік мақсатында тасымалдау кезінде барлық еріктілер бетперде, қолғап және қорғаныс костюмдерімен қамтамасыз етілді. Волонтерлер қозғалысының барлық өкіліне бірлескен жұмысы үшін алғыс айтамын, – деді облыс әкімі А.Мұхамбетов.
Бүгінде аймақта 90 волонтерлік ұйым бар. Qazvolunteer.kz сайтында Қостанай облысында білім алып жатқан 1125 студент және 60 ұйым тіркелген. Облыс орталығында волонтерлер қозғалысын үйлестіріп, бағыттап отыратын фронт-офис жұмыс істейді. Офис қызметкерлері өзара көмек көрсету мақсатында жасаған vlo.kz онлайн-сервисі сайты арқылы облыс тұрғындарының қандай да бір көмек алуына немесе көмек ұсынуына мүмкіндік қарастырылған.
Аймақ басшысы жергілікті волонтерлердің биылғы қатаң карантин жағдайында, әсіресе, ауруханалар мен әлеуметтік мекемелерге көп көмек көрсеткенін ерекше атап өтті. Пандемия кезінде еріктілер облыс орталығындағы 5 емханадан 6 мың мекенжайға дәрі-дәрмек жеткізген. 200-ден астам волонтер провизорлық стационарларға әкелінген оттегі баллондары мен өкпеге жасанды жолмен ауа жіберетін аппараттарды түсіру, ғимаратқа кіргізу жұмыстарын атқарған.
– Волонтерлер 2 мыңнан астам оттегі баллоны мен 100 тоннаның үстінде гуманитарлық көмекке келген заттарды түсірді. Медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында «Мың алғыс» акциясы ұйымдастырылып, шара аясында 600-ден астам медицина қызметкеріне азық-түлік түрінде көмек көрсетілді. Облыста жыл басынан бері 800-ден астам түрлі сипаттағы қолдау шарасы ұйымдастырылып, оған 6 мыңдай волонтер атсалысты, – деді облыс әкімі.
Салтанатты жиын барысында облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев аймақтағы волонтерлік қозғалыстың 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы әзірленетінін айтты.
– Бүгінде елімізде волонтерлік қозғалыс толыққанды қалыптасты. Алайда еріктілерге қаржыландыру, ғимаратпен қамтамасыз ету сияқты жүйелі қолдау көрсетілу керек. Сондықтан 2021 жылы облыстағы волонтерлік қозғалысты дамытудың тұжырымдамасы әзірленуі тиіс, – деді Марат Жұрқабаев.
Волонтерлердің ел үшін еткен елеулі еңбегі ескерусіз қалған емес. Бұған дейін қостанайлық 122 волонтер Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатына ие болған. Ал Волонтер жылының жабылуына арналған салтанатты жиында «Корпоративтік волонтерлік көшбасшысы» аталымы бойынша «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығына Жангелдин ауданының «Жалын» жастар ұйымы, «Жыл меценаттары» номинациясы бойынша «Жомарт жүрек» сыйлығын Борис Князев иеленді. «Жылдың үздік ұйымы» аталымында «Олжа-Агро» ЖШС, «Ерен ерлік» аталымы бойынша Жансейіт Құрманғалиев марапатталды.
Қостанай облысы