Акция ұйымдастырушылары жалғыз басты зейнеткерлер мен ардагерлерге, көп балалы және мұқтаж отбасыларға, сондай-ақ өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға қолдау білдіріп, көмек көрсетті. Атап айтқанда, эстафетаға әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия қосылды. Оның өкілдері «Ана үйі» қоғамдық қорының аналар үйіне барды. Кездесу барысында бірқатар мәселе шешілді. ҮЕҰ мамандары аналарға құқықтық және психологиялық мәселелер бойынша кеңес береді. Сондай-ақ орталықтың қамқорлығындағы жандарға кәсіп пен іс жүргізуді үйретеді. Кездесу барысында қор ұжымына алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мәліметінше, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері де қайырымдылық жобасына белсене қатысты. 500-ге жуық ерікті жалғызбасты ардагерлер мен зейнеткерлерге ауласынан қар шығарып, отын жаруға көмектесті. Көмекке мұқтаж және көп балалы 100 отбасы, мүмкіндігі шектеулі адамдар, зейнеткерлер, ардагерлер көмек алды. Әр себетке шамамен 30 кило азық-түлік салынған. Оның ішінде ең қажетті өнімдер – дәнді-дақылдар, макарон, күнбағыс майы және шай бар. Сондай-ақ акция аясында жастар қыста коммуналдық қызметкерлері мен қала тұрғындарына елорда көшелерінде ыстық шай мен бауырсақтар таратты.
«Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер қозғалысының тәрбиеленушілері де бұл игі істі қолдады. Олар Қорғаныс министрлігінің әскери дәрігерлеріне 30 азық-түлік жиынтығын берді. Іс-шара Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери-патриоттық орталығы мен Magnum сауда орталығының қолдауымен өтті. Сондай-ақ олар ардагерлерге де қолғабыс етті. Егде жастағы адамдарға азық-түлік себеттері жеткізіліп, үй ауласынан қар шығаруға көмектесті.
«Жыл сайын, қыста, қатты аяз бен боранға қарамастан тынымсыз еңбек ететін адамдар бар. Олардың осындай еңбегіне алғыс ретінде аталған акция ұйымдастыруды шештік», деді «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ елордалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек.
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі өкілдері №90 мектеп-гимназиясына 30 кітап сыйлады. Барлық кітап «Рухани жаңғыру» жобасы аясында туған өлкенің тарихи һәм мәдени мұрасын зерттеу мақсатында шығарылды. Атап айтқанда, «Қасиетті Қазақстан» кітабында киелі жерлер мен елдің мәдени мұрасы туралы баяндалады.
«Кітап – баланы дамытатын негізгі құралдардың бірі. Сондықтан мектепке үш тілде жазылған 30 кітап береміз. Алдағы уақытта бұл игі істің жалғасатынына сенімдімін», деп атап өтті «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі директорының орынбасары Жазира Нариманқызы.
«30 игі іс» көрмесіне қазақстандық әртістер де қатысып, көп балалы отбасыларды аралап, оларға азық-түлік таратты. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері «Парасат» қайырымдылық орталығымен бірлесе отырып, мұқтаж 50 отбасына азық-түлік себеттерін жеткізді.